Өткен аптада аудандық кітапхананың оқу залында «Отбасын сақтаудағы медиация қызметінің рөлі» атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Келелі басқосуды аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Талғар ауданының ауыл әйелдері» қоғамдық ұйымы ұйымдастырып, оған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Толқын Саметова, аудандық білім бөлімінің, орталық аурухананың мамандары, АХАТ бөлімінің қызметкері, психолог мамандар, медиаторлар мен қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – халық арасында медиация туралы кеңірек түсінік бере отырып, сотқа дейінгі бітімгершілік амалдарын медиация арқылы жүзеге асыру мүмкіндіктерін насихаттау болып табылады. Дөңгелек үстел жұмысын «Талғар ауданының ауыл әйелдері» ҚҰ-ның жетекшісі, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Мәрия Сихымбаева кіріспе сөзбен ашып, әрі қарай да жүргізіп отырды.
Қазақ халқының дәстүрінде бұрыннан қалыптасқан бітімгершілік қағидасын жаңғырту жолымен қолданысқа енгізу арқылы, тиімді дәстүрді заманауи үлгіде жалғаудың маңыздылығын уақыт өзі көрсетіп отыр. Осынау сауапты да жауапты қызметті атқаратын мамандарды медиаторлар дейді. Медиаторлар жұмысының қажеттілігі мен белсенділігі күннен-күнге артып келеді. Әсіресе араздасқандарды татуластырудың тиімді тәсілдерін жетілдіру арқылы сотқа дейінгі бітімгершілік процесін жүзеге асыруда медиация қызметі керек-ақ. Отбасыларында жиі орын алатын ерлі-зайыптылар арасындағы араздықты, балалар проблемасын, отбасының басқа да мүшелері арасындағы дау-дамайды оңтайлы шешуде медиация қызметінің ықпалы зор. Бүгінде халықаралық тәжірибеде медиация бітімгершілікке бастайтын ең тиімді тәсіл ретінде танылып отыр.
Басқосуда алғашқы болып сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Толқын Саметова медиация қызметінің маңыздылығы мен тиімділігіне тоқтала келе, шаңырағы шайқалып, ажырасудың шақ алдында тұрған отбасыларын сақтап қалуда медиаторлардың тигізер ықпалы зор екенін айтып өтті. Өкінішке орай, былтырғы жылдың көрсеткіші бойынша Талғар ауданында шаңырақ көтерген отбасылардың 54 пайызы ажырасып кеткен. Мұның өзі үлкен проблема екенін алға тартқан бөлім басшысы, қоғамның тірегі саналатын отбасы құндылықтарын сақтаудағы медиацияның атқарар рөлін дәріптеді. «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Расында да, «отбасын шағын мемлекетке» теңейміз. Өйткені, отбасы – сыйластық пен сүйіспеншілік орнаған мейірлі мекен болып саналады. Отбасындағы кикілжің, ұрыс-жанжал, өзара түсініспеушілік ажырасуға апаратыны анық. Оның себеп-салдары да әр түрлі болуы мүмкін. Көбінде әлеуметтік мәселелердің ауыртпалығы, ішімдікке салыну, мінездің үйлеспеуі сияқты себептер де ажырасуға негіз болып жатады. Осыдан барып толық емес отбасылар көбейіп, ұрпақ тәрбиесі ақсайды, аналардың мойнына ауыр жүк түседі, нәтижесінде қоғам әлсірейді. Қоғамымыз көркейіп, өркендеуі үшін отбасыларымыз ажыраспай бақытты, баянды, үйлесімді өмір сүруі керек. Бұл күнгі өткізіліп отырған басқосудың да тақырыбы осы мәселелерді қамтыды.
Талғар ауданының медиаторы Гүлжан Мединеева «Медиация – отбасында орын алған қақтығыстарды реттеу тәсілі» тақырыбында, Талғар ауданының соты Ақмарал Меирбекова «Қазақстандағы медиация тәжірибесін дамытудағы соттың рөлі», психолог маман Ақмарал Шубекова «Отбасындағы қақтығыстарды – отбасылық психологтың жұмыс объектісі ретінде қарау» тақырыптары бойынша баяндамалар жасап, өз салаларына қатысты медиацияның пайдасы мен тәжірибе барысындағы түйткілдерді ортаға салды. Дөңгелек үстел басына жиналғандар өзара ой бөлісіп, тәжірибе алмасты.
Маңызды іс-шараның соңында меморандумға қол қойды. Жиынды М.Сихымбаева қорытындылап, бұл бағытта жүйелі жұмыс әрі қарай да өз жалғасын табатынына сендірді.
Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».