Ақпарат сақшылары құрмет төрінде

Ақпарат сақшылары құрмет төрінде

Бүгінде Талғар ауданының медиакеңістігінде сер­пі­ліс бар. Ғасырға жуықтаған газетін «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға соқтырмай» шығарып келе жатқаны өз алдына, сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларының жұмысы да өзге аудандарға дес бермей келеді.

Облыста өтетін мониторинг сараптамасы бойынша үздік үштіктен түспей келе жатқан басылымның веб-ва­риантының сапасы кез келген сайтқа сан соқтырады.

Дегенмен, тұрмысымызға «қағазсыз газет» деп аталған интернеттің енуі кей жандардың жанына майдай жағып жатқан секілді. Рахат емес пе, қауырсын қаламын жүрегінің тереңіне батырып, ой-теңізінен маржан сүзіп еңбектенбейді. Болған жайтқа баға беріп, сұрыптап, талдап жазып бас қатырмайды. Өтті-кетті деген екі ауыз сөйлеммен іс-қимыл көрінісін жазып жүктей қояды. Сен журналистен кем емессің…. Содан кейін ғой «газетчиктерді» бүгін бар, ертең жоқ кәсіптердің қатарына жатқызып жүргендері. «Сауатсыз дәрігер жаналғыштан да қауіпті» екенін қайдан білсін.

Бірақ, олар қатты ҚАТЕЛЕСЕДІ!!! Журналистика саласына мұндай «төңкеріс» әкеліп жатқандар мұның бәрі уақытша екенін бағамдап жатқан жоқ. Күнделікті газет-журналдардың мұрағатта сақталатын сан ға­сырлық тарихы бар құнды құжат екенін сана елегіне салып қайтсын. «Отчет» керек емес пе… Ертеңгі күні интернет кеңістігінде сәл ғана ақау шығып, болмаса «KazSat» сәл қисайса, күндері қараңға айналады. Есеп берер ақпаратыңды, хабарламаңды дүрбі салып іздесең де таппайсың. Күйіп кетті ғой бәрі. Соның бәрі газет бетінде қатталып, басылса ғой ұтар едің. Газет қадірін сол кезде — басына іс түскенде есіне түсірмей, қазірден бастап дұрыстап бағамдай білсе ғой деген «газетчиктердің» базынасы ғой бұл…

Сондай ел ағалары бар. Тілшілердің күйбеңін түсі­ніп, қадірін арттырып, марқайтып жүрген. Кәсіби мереке қарсаңында біздің ұжымның тілшілері облыстан еңбегі еленіп, мерейі тасып қайтты.

Қоғамдық марапаттар жөніндегі респуб­ликалық кеңестің шешімімен «Қазақ журна­листикасының қайраткері» медалімен газе­тіміздің байырғы журналисі Тұрсынбек Жалғасбаев марапатталды. Шынайы иесін тапқан марапат деп бөркімізді аспанға ата қуандық.

Тұрсынбек Қожахметұлы саналы ғұмы­рын газет өміріне арнаған жан. Сонау 1975 жы­лы басталған тілшілік жолы «қа­ру­ым – қа­ла­мым, өрісім – қағазым» деп әлі де жал­ғасып келеді. Құдай берген тәр­биеден, көрген-білгені мен оқып-тоқы­ға­нынан қалыптасқан тура мінезі бар Тұр­сынбек ағамызды тіліп түсер қызыл тілі талай отқа да түсірді, суға да батырды. Ағамыздың адамдықтан жаралған болмы­сы жалғандықты, көлгірсуді, қиянат пен әді­летсіздікті еш қабыл алып көрмегендіктен де солай болып жататын.

Жазушылық саласында өз өрнегін қа­лыптастырған Тұрсынбек аға журналистік жолындағы өткен өткелдері мен көрген оқи­ғалары, танысқан тұлғалары мен өне­ге тұтқан адамдары жайлы жазылған «Жұлдыздар іс тастап ағады», «Асыл адам – айнымас», «Жүректегі иман гүлі» атты кітаптардың авторы. Жалпы айтқанда, өз өмір жолын шығармаларына өрнек ете білген Алаштың абзал азаматы, халық жанашыры Тұрсынбек Қожахметұлына берілген бұл марапат газетіміздің мерейін бір көтеріп тастағаны айқын. Журналистік шеберлік жағынан өзгелерден бір де кемшін түспейтін өзге тілшілер де төл мереке қарсаңында марқайып қалды. Атап айтар болсақ, газеттің бас редакторы Бақтияр Мырзаханұлы Алматы облысының әкімі А.Баталовтың қолынан «Құрмет гра­мотасын» алды. Бас редактордың орын­ба­сары Фатима Ержанова мен тілші Райхан Азимова Қазақстан Республикасының мем­­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы С.Нұрғисаевтың «Алғыс хатын» иеленді. Редактордың орынбасары Пе­ризат Нұрқаева облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Р.Әли­ұлының «Алғыс хатын» алды. Газеттің сайты мен әлемжелідегі парақшаларын құлпыртып жүрген веб-редактор Әйгерім Әмірова мен көркемдеуші-дизайнер Азамат Айтбай об­лыстық өңірлік коммуникациялар қыз­меті басшысының «Алғыс хатына» ие болды. Мақала авторы да марапаттан құр қалған жоқ. Алматы облысы әкімінің орынбасары А.Жылқышыбайұлының «Ал­ғыс хатына» ие болды.

Иә, шығармашылық талант кімде жоқ дерсіз? Бірақ, соны орынды пайдаланып, шығармашылығын шыңдай білген адам­ды ғана «талант иесі» дерміз, «көңіл жа­зар­ға» арналған мақалалардың ғұмыры он­сыз да қысқа болары анық қой. Мереке құт­ты болсын, әріптестер! «Төртінші би­лік­тің» тұғырынан таймай, жағымды жаңа­лықтардың жаршысы болып жүрек берейік.

Меруерт МӘУЛЕТХАН,
«Талғар».