Озығымыз тозбасын десек тәрбиені түзейік

Озығымыз  тозбасын десек   тәрбиені  түзейік

Көңілді алаң еткен жайттардың қатарына соңғы уақыттардағы жасөспірімдердің өзіне-өзі қол салу фактісінің көбеюі келіп қосылды. Биылғы жылдың төрт айында төрт суицидтің тіркелуі жан түршіктіреді. Бәрі – жасы кәмелетке толмағандар. «Ауруды жасырғанмен өлім әшкере етеді» дегендей, нақты сандардан «қашқанымызбен» аталған қасіреттің азаймай отырғандығы ащы да болса шындық. «Неге?», «Кім кінәлі?» деген орынды сұрақтар туса да тұщымды жауап таба алмай әлекпіз.

Мүмкін бұл, көшпелі кезден қалыптасып келе жатқан қазақы тәрбиенің тұманданып, жаһандану құдығына жұтылудың шақ ал­дын­да тұрғандығынан болар. Тал бесіктен, жер бесікке дейін атадан балаға жалғасқан отбасы құндылықтарының озығы тозып, үз­дігі үзіліп бара жатқандығынан шығар… Қалай десек те, тәрбиенің қайнарына қанып ішкен аға буынның бүгінгі баласы алаланып барады. Ол даусыз ақиқат.
Осы өзекті тақырыпты арқау еткен ке­лелі жиын аудандық кітапханада ұйымдас­ты­рыл­ды. Шараның өтуіне мұрындық болған Алматы облысы МКҚБ ММ 2-полиция батальонының (Талғар қаласы) 2 взводының командирі, аға лейтенант – Арман Амиров. Бір негізден бұл шара 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген халықаралық от­басы күніне де орайластырылып өткізілді.
– Қоғамның назарын отбасы мәселесіне аудару қажеттігінен туындаған бұл атаулы күнді атаусыз қалдыруды жөн деп таппадық. Сондықтан да жас сарбаздарды шақырып, отбасы құндылықтары жайлы ойларын тия­нақ­тап, әрі психолог мамандардан ақыл-ке­ңес алсын деген мақсатта ұйымдастырдық, – дей­ді Арман Бақытжанұлы.
Шындығында да, Европаның қаңсығын таңсық көрген бүгінгі ұрпақтың болашағы бей-жай қарауды көтермей отыр. Қолжетімді болып отырған интернет кеңістігі тол­ған күл-қоқыс. Оң мен солын танып үлгер­ме­ген жасөспірім санасына соның бәрі соқ­қы бо­лып тиюде. Елең-алаңнан кетіп қас қа­рай­ғанда оралатын ата-ана күйбең тір­лік­тің қамытымен баласының не істеп, не қойғанынан хабарсыз. Солғын ғана тексеріп, қадағалаған болады. Бәрі болмаса басым бөлігі сондай. «Мектеп, ата-ана, оқушы» үштағаны арасындағы жүйелі мақсатқа негіз­делген тәрбиелік бастамалардың да ақсап бара жатқандығы өтірік емес. Осы тектес ойын сабақтаған №1 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жі­бек Бекенова өзге ұлттардың бала тәрбие­сін­дегі тәжірибелік ерекшеліктерінен бұ­рын өзіміздің, яғни, қазақ халқының этно­педагогикалық құндылықтарына аса мән беру керектігін қадап айтты. «Баланы «5 жасқа дейін патшадай күт, 10 жасқа дейін құлдай жұмса, 15 жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген ұстанымда баланың жас санап жетілу ерекшеліктерін ескеру қажеттігі нақты көрсетілген. Түсінігі таяз ата-аналар да бар. Оларға «балаларыңыздың оқуы нашар, көмектесіп, қолдаңыздар» – десең, еститінің «Оқымаған адамдар да нанын тауып жеп жүр ғой, қайтейін, сау болса болды». Бұл әңгіме нан табуда емес, балалардың оқуында, тәрбиесінде болып тұр емес пе? Ата-ана – отбасы ұйытқысы, балалардың бағбаны, сондықтан олар жақсы қасиеттерімен балалардың келешегіне үл­кен әсерін тигізулері керек». Тәжірибелі ұс­таз­дың айтқанын зерделі жас көшбасшы Замира Нұрланқызы да құптай жөнелді. Жастар ертелі-кеш телефонға, смортфонға телмірмей, сабақтан тыс уақыттарында қоғамдық жұмыстарға белсене араласса, өзіне де, өңірге де көп пайдасын тигізер еді деген тілегін жеткізді.
Өкінішке орай, бүгінде батырлар дас­­та­­ны­­нан жыр соғатын ақ жаулықты әже­ле­рі­­­міз, шежірені бүге-шүгесіне дейін тар­қа­­татын аталарымыз, бесікті жырымен тербететін аналарымыз, асқар таулық рухы бар әкелеріміз, шолпысының сылдырын шығаруға сескенетін сіңілілеріміз, аға тұрып, іні сөйлемейтін игі сыйластыққа негізделген тәрбие бастауымыз сияқты ұлттық құнды­лық­тарымыз жоғалу алдында тұр. «Сол се­беп­ті әлем елдеріндегідей Қазақстанда да отбасылық коуч-консультанттар, мектепте де коуч-консультанттар болса артық етпейді», – дейді кездесуде сөз алған психолог Ақ­ма­рал Шубекова. «Ұстанымы өзгерген қоғам­да психолог-тренерлер корпусы керек. Пси­хо­лог­қа шошына қарайтын кезең емес қазір. Стресс, депрессия, агрессия өршіп тұр ғой. Көптеген тәжірибелік дағды мен іс-әрекеттерді зерттеген озық ой-түйіндері бар психологтар әр мекемеде болғаны жөн. Дәстүрлі педагогиканы заман ағымына солай сәйкестіре аламыз», – дейді білікті маман.
– «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аз­ды­рар адам баласын». Уақытты дұрыс пайдалан­бау да жаман әдеттерге ұрындырары сөзсіз. Бос уақыттарында кітап оқып, өздерінің таным көкжиегін дамытса, ойлы жас ойсыз іске бара қоймайды, – деп пікірін білдірген кі­тап­хана әдіскері Ризвангүл Токарзаева жи­нал­ғандарға бірнеше көркем әдебиетті таныс­тыра кетті.
Шара барысында сөз алған басқарманың кәсіби даярлық жөніндегі аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Азамат Бақытұлы, бас­қарманың 2-полиция батальоны коман­дирінің орынбасары, полиция подполковнигі Ерлан Тұрсынұлы ер мен әйел арасындағы сыйластық жөніндегі тұщымды ойларымен бөлісті. Құқық қорғау саласының жұмысы ауыр болса да отбасы мәселесін кері шегеруге болмайтынын, оның ішінде бала тәрбиесінің ақсамауын, ертеңгі күні ата-анаға салмақ түсерін баса айтты. Осылайша Талғар, Іле, Қарасай аудандарының жеке құрамымен өткен «Отбасы құндылықтары» атты та­ным­­дық шара талай түйткілді мәселенің ба­сын ашып, «Отбасы – шағын мемлекет» деген толымды түйінмен түйінделді.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».