Сайлау – 2019
Талғар аудандық «Nur Otan» партиясы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ-ның белсенділері мен үгіт-насихат тобының мүшелері Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қолдау көрсету мақсатында үгіт-насихат жұмыстарының екінші толқынын бастап кетті.
Күні кеше қаламыздың орталығында орналасқан еліміздің біртуар перзенті Тұрар Рысқұловтың саябағында «BIRGE» жалпыұлттық акциясын өткізді. «BIRGE» акциясының басты мақсаты – сайлаушылардың ұсыныстары мен тілектерін жинау және талдауды ұйымдастыру, оларды қосымша алгоритмге және іс-шаралар күнтізбесіне сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдау болып табылады. Акцияға қаламыздағы №6 Ж.Жабаев атындағы орта мектеп жанынан құрылған талантты ұстаз Қуандық Қуатұлы жетекшілік ететін «Өрлеу» оркестрінің өнерпаздары мен аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің жас спортшылары белсене атсалысты. Бірі қасиетті домбыраны күмбірлетіп қала тұрғындарына күй ойнап берсе, енді бірі салауатты өмір салтын паш етіп, спорт түрлерінен түрлі әдістерді паш етті.
Аудандық «Жас Отан» жастар қанатының белсенді жастары қала тұрғындарына «BIRGE» акциясы аясында ұсыныс-тілектер жазылатын парақшалар таратты. Егерде аудан, қала тұрғындарын қандай да бір мәселе толғандырып жүрсе онда олар өз ойларын осы парақшаға түсіріп, арнайы жәшікке салуына болады. Ол үшін жол жүріп «Нұр Отан» партиясына барып уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Өйткені, «BIRGE» жалпыұлттық акциясы аясында парақшаларды ел Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері жинауда. Аталмыш шара аясында әрбір азамат билікке қатысты өз ұсынысын білдіре алады. Маусымның жетісіне дейін жалғасатын акция аясында жинақталған ұсыныс пікірлер бас партияның басты назарында болады. «BIRGE» жалпыұлттық акциясы аясында тұрғындардың талап тілегі тек көшеде тыңдалмайды. Азаматтардың өтініштерін толық қанағаттандыру үшін партия өкілдері есіктен-есікке акциясын ұйымдастыруда. Аталған шара аясында еріктілер тобы азаматтардың үйлерін аралап, ұсыныстарын жинайды. Одан бөлек партияның аудандық штабының жанынан арнайы қоғамдық штаб құрылып ол жерде де өтініштер қабылдануда.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».