Жырды жатқа оқығандар облысқа барады

Жырды жатқа оқығандар облысқа барады

«Жыр – жауһар» атты аудандық кітапханада өткізілген байқау Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды. Қазақ халқының батырлық-эпостық жырларын насихаттап, әрі дарынды балаларды анықтап және оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған байқауға 40-тан аса оқушы қатысты. Байқауға қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып жарысты. Туындыны толық жатқа айту, мәнерлеп оқу, эпостағы әр сөздің мағынасы мен мазмұнын түсіну басты талаптардың бірі болды. Осы талаптарды қадағалаған қазылар құрамында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева, аудандық кітапхананың директоры Махамбет Хармысов, аудандық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық «Талғар» газетінің жауапты хатшысы Меруерт Дүйсенғалиева шын жүйрікті анықтауға тырысты. Нәтижесінде берілген тапсырманы мүдірмей орындап, үздіктердің үздігі болған Алмалық ауылындағы №18 орта мектептің 8-сынып оқушысы Салтанат Мадиярқызы, С.Сейфуллин атындағы №2 орта мектептің 8«А» сынып оқушысы Арман Сапарбайұлы, сондай-ақ, осы мектептің 6 «Д» сынып оқушысы Перизат Арманқызы үстіміздегі жылдың маусым айында Оқушылар сарайында өтетін облыстық байқауға жолдама алды.

Ұ.Ақжігітова,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту

бөлімінің бас маманы.