Қазақтың жігіті абыройын қыздың арымен өлшеген

Қазақтың жігіті абыройын қыздың арымен өлшеген

Мұндай мінез бізде ғана емес. Кез келген дұрыс ойлайтын мұсылман халқы солай есептеген. Атақты боксшы, қара нә­сіл­ді, өмірінің соңғы жылдарында мұсыл­ман­дықты қабылдаған Майк Тайсон: «Көшеде жартылай жалаңаш киініп, көрінген еркектің көзін арбап, бейәдеп, ерсі қылықтарымен көзге түсіп бара жатқан қыз-келіншекті көрсем бірден түсінемін, оның үйінде намысы бар еркек жоқ», – депті.

Талғар медициналық колледжінде өт­кен «Ұлт тағдыры – қыз тағдыры» атты кез­десуде осы мәселе кеңінен талқыланды. Талқылауға танымы мен танығаны терең, ізеті мен ілімі ерек ақын, ұлт жанашыры Айсұлу Қадырбаева арнайы шақырылды. Оқырмандарымыздың бірі білер бірі білмес, ақын анамыз 1991 жылы Орал казактары патша ағзамға қызмет етуінің 400 жылдық мерекесін кең көлемде тойлау жөніндегі бастамаға қарсы шыққан қайраткерлердің бірі. Бұл мәселе ушығып, шарықтау шегіне жеткенде жергілікті қазақтар мен жергілікті казактардың арасына орамал тастаған болатын. Бұл әрекет екі жақты сабасына түсіруге елеулі септігін тигізген еді. Міне, керек кезде тіліп түсер мінезі бар, ұлттың болашағы десе үйінде тыныш отыра алмайтын қоғам белсендісінің ауданымызға арнайы келіп, сіңлілеріне ақыл-кеңес бермектігі бекер емес-ті.
Қоғамдағы қыз-келіншектердің орны бұ­рын қандай, қазір қандай болды? Тегіміз мықты халықпыз деп жарияға жар салғанымызбен ар-ұятымызды тыя алмай әлек болып келеміз. Қыздың ары – ұлттың ары. Интернетті ашып қалсақ шешініп, хайп болып жатқан қазақтың қызы, шаранасын туа сала қоқысқа лақтырып, қасіретті арқалап жатқан қазақ әйелі, немересіне ертегі айтпақ түгілі тыртиып шалбарланып, шашын бояп, шаптығып жүрген қазақ әжесі. Қоғам оларды бұзды ма, жоқ олар қоғамды бұзды ма, түсіне алмай қалдық. «Әйел түзелсе қоғам түзеледі, қоғам түзелсе отбасы түзеледі, отбасы түзелсе ел түзеледі» деген тәмсіл бекер болмаса керек.

Шараны ашып, мән-мағынасын түсіндір­ген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева қазақ қызының қазіргі болмысын қызыл сөзбен «түйреп өтті».
– Қанша асып-тасып, жетілсек те рухы­мыз жетімдік көріп отыр. Бүгінгі өркениетті өміріміз бен кешегі текті тегімізді жалғай алмай жатырмыз. Оны жалғайтын кім? Оны жалғайтын – ары таза қазақ аруы. Ұлтқа тірек болған зиялы азаматтардың артында ары таза ана тұрған. Ешуақытта ұятын бұлғаған, арынан айрылған, намысы жоқ анадан намысы бар ұрпақ дүниеге келмеген, – деп тебірене толғаған Фарида Мамырбекқызы әйелі мықты үйдің еркегі де, ұрпағы да мықты болатынын түйіндеп берді.
Кеш қонағына кезек берілгенде сөзін сәлем салумен бастаған Айсұлу апа жаһандану заманында жұтылмайық десек қорғанды жүрекке соғу қажеттігін жеткізді. Өз өмірінен мысалдар келтіре отыра үйдегі тәрбиенің тетігі маңызды екендігін айтып өтті.


– Қазақылықтың өлшемін білдіретін қа­ра­пайым ғана құндылықтар бар. Ол – біздің бесіктен берілетін түзу негізіміз. Сол негіздің үстіне білім, өмірден көрген, терген, жинаған тәлім қатталады. Егер негіз әлсіз болса қалғанының бәрі құр далбаса. Қоғамда болып жатқан келеңсіз жайттардың бәрі сол үйдегі тәрбиенің ақсауынан. Қыз бала жігітке бірден қолжетімді бола қалса жігітте тоқмейілсу пайда болады, басыну пайда болады. Қыз баланың шегінуі, өзінің қадірін сақтауы, керісінше оны бірнәрседен құр қалдырмайды. Бағасын арттырады. Мал екеш малдың өзі төлін туғанда тілімен жалап тазартады. Ал біз дүниеге келген перзентімізді дәретханаға лақтыратын бол­сақ онда ахуалымыз малдан төмен болды деген сөз ғой. Қасиетті дініміз «Кім де кім бір адамды құтқарса, адамзатты аман алып қалғандай сауапқа ие болады. Бір адамды жазықсыз өлтірсе, адамзатты өлтіргендей күнәға қалады» дейді. Енді осыдан ой қорыта беріңіз, – деп лекциясын сабақтаған Айсұлу апа өзге де өзекті мәселелерді тілге тиек етті.
Шара барысында жыршы, термеші Набат Ойнарова, ҚР еңбек сіңірген әртістері Ғ.Садыкова, Е.Стамғазиев А.Қадырбаеваның сөзіне жазылған «Анаға парыз», «Өгей ана», «Барып қайт балам ауылға» сынды әндерді орындап берді. Кездесуді қорытқан бөлім басшысы қыздың ары – ұлттың ары екендігін нақтылап, жиналған студент жастарды батысқа еліктемей, барымызды бағалауға шақырды.

Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар».