ЕРЛІК ЕЛГЕ — МҰРА, ҰРПАҚҚА ҰРАН.

ЕРЛІК ЕЛГЕ — МҰРА, ҰРПАҚҚА ҰРАН.

Адамзат тарихында орны толмас қайғы-қасірет әкелген, 1418 күн мен түнге созылған қан-құйлы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 74 жыл толды. Осынау Жеңіс көктемін жер бетіндегі бейбітшілікті аңсаған барша халық ерекше ықыласпен, зор дайындықпен қарсы алатыны анық.

Ұлы Жеңіс мерекесі Талғар то­пыра­ғын­да үлкен ұйымшылдықпен аталып өтті. От­ты жыл­дары жауынгерлердің жігерін жа­нып, рух берген, жеңіске деген сенімдерін шыңдаған әскери әндер әуені шарықтай шырқалып әр көңілге ерекше күй сыйлады. Тақырып аясына сай жабдықталған орта­лық алаңдағы әсем шатырдың астында омы­рау­лары орден, медальдарға толы со­ғыс­тың тірі куәгерлері, «Бәрі де май­дан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деп тыл­да ең­бек­тің ерен үлгісін көрсеткен тыл еңбек­керлері, Ауған соғысының ардагерлері жай­ғас­қан еді. Желдей ескен уақытқа тоқтау жоқ. Қан майданда жаумен арыстанша ар­па­лысып, туған жерге аман оралған ар­да­герлердің де қатары мүлдем сиреген. Бү­гін­де ауданымызда он үш ардагер бар. Ден­саулықтары сыр берген асыл қартта­рымыздың бірқатары бұл күнгі Жеңіс мере­кесіне қатыса да алмады.


Мереке Қазақстан Республикасының Ән­ұра­нымен басталды. Салтанатты шараны аудан әкімі Рыскелді Сатбаев ашып, соғыс ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, барша аудан жұртшылығын Жеңіс мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. «Ер есі­мі – ел есінде» деп тегін айтылмаған. Дүй­ім жұ­рт қан майданда қаза тапқан есіл ер­лердің рухына тағзым етіп, бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Жеңіс саябағындағы ескерткіш түбіне гүл шоқтары қойылды. Талғар қаласы қорғаныс істері жөніндегі бірік­кен бөлімінің бастығы Айдар Болат­ұлы, жастар атынан ТАжМК студенті Әну­ар­­бек Өтепов ізгі тілектерін айтып, ар­да­герлерді құттықтады. Осыдан кейін қан май­данда шейіт болған, жалпы соғыс арда­гер­лерінің ұрпақтарының шеруі со­ғыс жылдарын ой елегінен өткізетін әде­би-музы­калық композиция, сахналық қойы­лым­мен сабақтасып, үйлесімді көрсетілді. Ел басына күн туған сол бір отты жыл­да­ры өрімдей жастардың майданға ат­тан­ған сәті, Ұлы Отан соғысындағы тең­­десі жоқ ерліктің үлгісін көрсеткен «28 Пан­фи­­ловшылар» бейнеленген ком­по­­зи­­ция, қа­зақ халқының қос батыр қыз­да­ры мерген Әлия Молдағұлова мен пу­­­ле­метші Маметованың бей­не­сі, фашистік концлагерлердегі совет жау­ын­герлеріне көр­сетілген қатыгездікті бей­не­лейтін кө­рі­ніс, тыл еңбеккерлерінің жан­кеш­ті жұмы­сы, Рейхстагқа Жеңіс туын тік­кен қазақтың батыр ұлы – Рақымжан Қош­қырбаевтың бейнесі, қорытынды компо­зи­цияда сағы­на жеткен Жеңіс көктемінің қуа­ныш­қа толы сәттерін өнерпаздар ән-жы­р­мен, бимен шебер көрсете білді. Мере­кенің екінші бөлімі «Құлансаз» фольклорлы-эт­но­графиялық ансамбілінің жеңіс күніне ар­нал­ған концерттік бағдарламасына ұлас­­­ты. Сах­на төрінен Ұлы Отан соғысы жыл­­да­­рында жазылған әскери әндермен қа­­­тар, Жеңіс күніне арналған, туған жер, Отан тақырыбындағы әсем әндер әуе­леп, күмбірлете күй төгілді. Мың бұрал­ған бишілердің толқынды билері де кө­рер­мен қауымның көңілінен шығып, та­ма­ша концерттік бағдарламаны Талғар жұртшы­лығы ұзақ уақыт тамашалады. Соғыс арда­­гер­лері мен тыл еңбеккерлерін аудан әкім­дігі кең дастархан басына шақырып, сый-құр­метке бөледі.


Бұл күні аудан әкімі Рыскелді Сатбаев, ау­дан әкімінің орынбасары Дәрменияр Алғатбекұлы 95 жас­тағы қарт ардагер Қана­тай Қамырұлының үйіне барып, құрмет көрсетті. 1945 жы­лы Жеңіс көктемін Гер­ма­нияда қар­сы ал­ған абыз ақ­са­қал І-дә­режелі «Ұлы Отан со­ғысы» ор­де­ні, «Германияны жеңгені үшін» және басқа да жауын­герлік медальдарын омырауына жар­қы­ра­та таққан. Соғыстан кейінгі бейбіт өмір­де де ерен еңбегімен көзге түскен Қана­тай ақ­са­қал «Құрмет белгісі» ордені, «Со­циа­листік жарыстың үздігі», «Ауыл ша­руа­шылығының оза­ты» төсбелгілермен мара­пат­талған. Жауын­герлік жолы, еңбектегі же­тіс­тігі жас ұрпақ үшін қашан да үлгі-өнеге екенін жеткізген аудан әкімі, абыз ақсақалға денсаулық тілеп, сый-сияпатын табыс етті, Жеңіс күнімен құттықтады. Өзіне көрсетілген сый-құрметке риза болған ардагер ақ батасын берді.

Райхан Азимова,
«Талғар».