Жаңғыру кезіндегі жарқын іс

Жаңғыру кезіндегі жарқын іс

Өткен заманның өрелі тұлғаларының  рухына тағзым ету, олардың еңбектерін  жаңғыртып, жас ұрпақ санасына құю жағынан   аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жалынды жиындардан  гөрі тағылымды, тәлімді шараларды өткізуді жөн санайды.   Мұндай бастамалар  бір жағынан, тарихқа  құрмет көрсету болса, екінші жағынан, рухани жаңғырып жатқан қоғамымызда жастарға үлкен үлгі-өнеге болатыны хақ.  

Олай дейтініміз, тарихтың тұщымды жағын тарамдап,  өткенді бағамдаудың орнына керісінше өресі  тар, ойы таяз дүниелер «Рухани жаңғырудың» атын жамылып,  ерекше екпінмен іске асырылып жатқаны белгілі. Қазіргі қазақ қоғамында онсыз да отаншылдық сезім, ұлттық мүдде, қазақы намыс сынды түйіні табылмай, керісінше өзектілігі өрши түскен жайттар жетерлік. Олқылықтың орнын толтырудың орнына интернеттің дамуын желеу етіп үлкендер үнсіз, бесіктен баланың тәрбиесіне алаңдайтын  ата-ана да қыбырсыз. «Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Сенеді. Білімді, ақылды, үлгіні, жақсылықты, әділдікті оқығандардан күтеді» деп Жүсіпбек Аймауытовтың айтып кеткеніне ғасырға жуықтады, бірақ  осы күні де актуальды болып отыр.  Орыс тілінде сөйлейтін қазақ элитасының, әлбетте, өз ұлтына менсінбей қарайтын фактілері байқалғандықтан да осы орамды ой еске түсіп, бір қынжыласың.  Ол енді бөлек әңгіме…

Біздің айтпағымыз,  қу шөппен ауыз сүртіп, күңірену емес. Өзге мәдениеттің өзегіне түсіп, жұтылып кетпей, қазақтығымызды қайткенде сақтап қаламыз деген көкейкесті сауалды көлденең тартып жүрген ат үстіндегі азаматтардың  ілкімді істерін алдыға тарту. Солардың арқасында барымыз бүтінделіп, жоғымыз табылып жатқаны жасырын емес.  Апта басында өткен  ауқымды шара да сол азаматтардың арқасында жүзеге асты.  Жуырда   Жаңалық ауылындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай  арда ұлдың  өмір жолы мен ерен еңбегін  насихаттайтын келелі отырыс өткен-ді. Сол шараның нәтижесіндей  Рысқұлов ауылының шығысында, қоғам қайраткері туған жерге ескерткіш тақта орнатылды.  Академик, тарихшы-ғалым Хангелді Әбжанов,  «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының төрағасы, филология ғылымдарының докторы, музей меңгерушісі Ғарифолла Әнес, қоғамның атқарушы директоры Сәуле Қожықова, аталмыш бөлім басшысы Фарида Мамырбекқызы бастаған алқалы топ алдымен Т.Рысқұлов атындағы №16 мектепке барып, қоғам қайраткеріне арналған мұражайды аралады. 1994 жылы Т.Рысқұловтың 100 жылдығына орай ашылған мұражай   2011 жылы жаңа форматта қайта жабдықталған екен. Тың тарихи жәдігерлермен толығып, жаңаша мазмұнға ие болған бөлмені аралап шығып, пікірлерін айтқан ғалымдар бұл мұражайдың балалар үшін таптырмас оқулық екенін жеткізді. Қонақтар  мұражай жетекшісі, аталмыш мектептің тарих пәнінің мұғалімі Рысжан Нұрахметқызы мен кітапханашы Гүлжан Сәрсенқызының еңбектеріне жеміс тілеп, ақыл-кеңес беруге дайын екендіктерін жеткізді.

Жаңбырдың себелегеніне қарамастан аталмыш топ бірден Рысқұлов ауылының жоғары жағына, М.Әуезовтың «Қараш-қараш оқиғасында» суреттелгендей бұлыңы мен сай-саласы көп мекендегі төбе басына ескерткіш белгіні орнатты. Дәл осы жерде Бесағаш өзенінің бойындағы қыстақта Тұрар Рысқұлов  дүниеге келген.  Алдымен әруақтың рухына бағышталып  құран оқылды. Түркі ұлттарының түгел тағ­дырын тереңнен ойлас­ты­ра алған арда азаматтың есімін тағы бір дәріптеп, игілікті шараның басы-қасында Алатау ауылдық округінің әкімі Қ.Смағұлов, аудандық кітапхана директоры М.Хармысов, аудандық Мәдениет үйінің директоры Б.Шағаев, №16 мектептің директоры Әлия Талғатқызы мен  аудан өнерпаздары жүрді.  Болашақ үшін жасалған игі шара бұдан кейін қоғам қайраткерінің Талғар жерінің тумасы екенін айғақтайтын тарихи  орын болмақ. «Әруақ сыйлаған азбайды» деген үрдісті ұстанған талғарлық азаматтардың  істерін жаңғыру кезеңіндегі жарқын істер қатарына жатқызуға әбден  болады.

Меруерт Дүйсенғалиева,

«Талғар».