Осы аптада Талғар қаласындағы «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттығу кешенінде «Біз таза қала үшін» атты жастар форумы болып өтті. Табиғат- адам баласын дүниеге келтіріп, бойындағы бар махаббат мейірімін, күн шуағын жүрегімізге ұялататын аяулы Ана! Сол табиғат төсінен нәр алып, жер бетіндегі тіршілік иелеріне қуаныш сыйлайтын- жер, су, ауа әрбір адамзат баласы үшін қастерлі қазына. Қаладағы бес колледж бен аудан мектептерінен келген оқушылар және түрлі мекемелерден жиналған жастар алдында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы: «Елбасы Н.Назарбаев қоршаған ортаны көгалдандыру, табиғатты қорғау, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мақсатында 2005 жылы « Жасыл ел» бағдарламасын енгізген болатын. «Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» — деп дана халқымыз айтпақшы туған жер, ауыл, қала маңын таза ұстап, табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтай отырып, келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру — біздің міндетіміз»- деді ол. Осы шараның өтуіне ұйытқы болып отырған Талғар политехникалық колледжінің директоры Райхан Садықова «Жасыл ел» бағдарламасының маңызына тоқтала келіп; «Бұл- жай ғана экологиялық шара емес, терең өмірлік мәні бар мәселе. Табиғатты қорғау, табиғатты зиянды және улы заттардан тазарту, табиғат құшағындағы түрлі байлықтарды пайдаланып, ұрпақтан- ұрпаққа қалдырып отыру басты мақсатымыз болмақ» — дей келе, әрбір жастарды; «Біз таза қала үшін» акциясының мән- мағынасын терең ұғынуға шақырды. Жастар алдында сөз алған аудандық «Нұр-Отан» партиясы төрағасының орынбасары М.Ермағанбетова жастарды Табиғат- Ананы қорғап, осындай ізгі шараға ат салысуға шақырса, Талғар политехникалық колледжінің студенті Асыл Алишер табиғат адамзат баласының бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын сіңіретін сұлулық пен әсемдік әлемі екенін тебірене жеткізді. «Адам рухани дүниеге сыртқы табиғат құбылысын тану арқылы қалыптастырады да, өзін жалпы жаратылыстың бір пұшпағы ретінде сезіне алады » — деп қырғыз халқының ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов айтқан бір сөз бар еді. Сол айтпақшы, «Біз таза қала үшін» атты жастар форумынан қала жастары көп нәрсені ойларына түйіп, зор құлшыныспен тарап бара жатты.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».