1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесін Талғар жұртшылығы кең көлемде атап өтті. Қанша күннен бері қабағын бермей тұрған аспан да шайдай ашылып, жарқыраған күннің шуағы талғарлықтардың мерекелік көңіл-күйлерін еселеп жіберді. 30-дан астам ұлт өкілдері топтасқан өңірдің берекесі артып, келешегі жарқын болып келеді. Оған жиналған қауым алдында құттықтау тілегін айтқан аудан басшысы Рыскелді Ахметқалиұлының сөзі дәлел.
-«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген дана халқымыздың қанатты сөзі тегін айтылмаса керек. Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан достықтың, бірліктің мекеніне айналып қана қоймай, еліміздегі ұлттар мен ұлыстар «Мен – қазақстандықпын!» деп көтеріңкі көңіл күймен, Отансүйгіштікпен, патриоттық сезіммен айтатын күнге жеттік. Оның жарқын мысалын аудан өмірінен де айқын сезініп отырмыз. Ауданымызда отыздан аса ұлттың өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті өмір сүруде. Бүгінгі күні олар этно-мәдени бірлестіктерге топталып, өз мәдениеттерін, өнерлерін, салт-дәстүрлерін насихаттап, ел бірлігінің үстем болуына ерінбей еңбек етуде. Ауданымызда 7 этномәдени бірлестік жұмыс атқарып, (славян — 2, ұйғыр-2, түрік, грек, кәріс) ішкі саяси тұрақтылық қалыптастыру үшін өз үлестерін қосуда. Достықты, ынтымақтастықты, келісім мен тұрақтылықты сақтауға арналған шаралардың өтуіне этномәдени бірлестіктер, “Ақсақалдар алқасы”, “Әйелдер кеңесі”, «Қоғамдық келісім», және «Қоғамдық кеңес» сияқты кеңестер белсенділік танытуда, — деген өңір басшысының сөзін көпшілік тұщына тыңдап, шапалақтарымен демеп отырды.
Мереке басталардан бұрын этномәдени бірлестіктердің көрмесін аралап шыққан алқалы топпен бірге біз де әкім сөзінің жаны бар екеніне көзіміз жетті. Ұлттық нақыштары мен қолөнерін жарқырата қойған бірлестік өкілдері бейбітшіліктің жарқын көрінісін көрсетіп жатты. Тіпті Рыскелді Ахметқалиұлының мерекедегі көңіл-күйін сәтті пайдаланған ұйғыр ағайындар әкімді биге шақырып та үлгерді. Мерекенің көрігін аудан мектептерінің оқушылардың қолынан шыққан қолөнер туындылары орныққан көрмесі қыздырды. Қай мектеп болмасын білімімен қатар қазақ өнерін де насихаттап келе жатқандықтарын көрсетуге тырысыпты. Оқушылардың қолынан шыққан түрлі жанрдағы бұйымдар көздің жауын алып, алқалы топтың алғысына бөленіп жатты.
Аудан әкімінің қолынан «Алғыс хатын» алған азаматтар болса бұл марапат еңбектерінің жемісі ғана емес сондай-ақ алдағы күнге деген сенім, күш-жігер екендіктерін жеткізді.
— Қазақ ағайындардың ауызбіршілігіне, ынтамақтастығына шексіз ризамын. Ата-бабаларынан келе жатқан дәстүрлерін жалғастырып, сонымен бірге өзге ұлт өкілдерінің де салт-дәстүрлерін өз деңгейінде дамытуына жағдай жасап жатқан ішкі саясаттары қуантады. Бірлігіміз арта берсін,- деп шексіз ризашылығын білдірді ұйғыр этномәдени орталығының жетекшісі Розахун Дугашев. Бұл тілекке А.Исмаилов, К.Суслова, Ж..Третьяк, К.Муратиди, Р.Цой, И.Тохтахунов сынды өзге де марапат иелері қосыла кетті. Көпшілік алдында сөз алып, ақ тілектерін ақтарған Алматы облыстық мәслихатының депутаты О.Которова, ТАжМК студенті А.Айсабекова, Түрік этномәдни бірлестігінің мүшесі З.Исмаилова да заманымыздың тыныш, аспанымыздың ашық болуына ниеттес екендіктерін жеткізді.
Концерттік бағдарлама да жылдағыдан ерекше лепте өтті. Биыл «Жастар жылы» екендігі ескеріліп, ауданның жас тұрғындарының өнерлері паш етілді. Сонымен қатар әр ұлт өкілдері сат-дәстүрлерін көрсетіп, халық әндерін шырқап, ұлттық билерін нақышына келтіре орындап шықты. Қаншама уақыттан бері сахнадан түспей, кішілерге әдемі өнерімен үлгі болып келе жатқан әжелеріміз де сахнаның сәнін кіргізді. Осылайша ел бірлігін, ұлттар достығын паш еткен мереке бейбітшілік пен мызғымас тұрақтылықтың айқын көрінісін көрсете білді.