145 жұмыс орны ұсынылды

145 жұмыс орны ұсынылды

Ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды  және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» нақты іске асырылып келеді. Оған жуырда жұмыссыз жастарға арналып өткізілген бос орындар жәрмеңкесі дәлел.  Орталық базарға келген  «ИНТЕЛЛСЕРВИС» ЖШС, «КЕРУЕН+» ЖШС, «GLASMAN» ЖШС, «TEKSTI MARKET» ЖШС, «BARON» ЖШС, «ОБИС» ЖШС, ЖК «МАРАТ», «SEREBRO PROFIT» ЖШС, «АЕ и Компания» ЖШС, орталық аудандық аурухана, білім бөлімі, политехникалық, медициналық колледждер, аудандық жұмыспен қамту орталығының өкілдері бос жұмыс орындарын ұсынды. Мәселен, политехникалық колледжі математика мен физика пәнінен мұғалімдердің жетіспеушілігін алға тартса, медициналық колледжге педиатр, терапевт, хирург, жалпы іс-тәжірибе маманы, медбике ісі  сынды  мамандықтардан дәріс беретін дәрігерлер қажет екен.  Кәсіпорындар болса көлік жүргізуші, инженер, химик-лаборант, оператор мамандарына зәру.

Жәрмеңкеге Алматы облысының жастарға қызмет көрсету және әлеуметтік қолдау көрсету бөлімінің басшысы Мөлдір Ерланқызы, бөлім маманы Әйгерім Серикова, «Жасыл ел» еңбек жасағының Алматы облыстық штабының ІІ дәрежелі менеджері Наурыз Сайлаубай, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының «Бастау бизнес» координаторы Анель Жансейітова да қатысып, жұмыс сұрай келген жастарға мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңестерін беріп, толық ақпарат жазылған парақшалар таратты.  Сондай-ақ  www.enbek.kz  сайты арқылы еңбек биржасынан ваканциялар табу мүмкіндігі бар екендігін түсіндіріп берді.  145 бос жұмыс орны ұсынылған іс-шараның нәтижесінде 48 адам жұмысқа жолдама алды. Оның ішінде  27 жас  кәсіптік білім беру мекемелеріне жіберілді. 94 жас кеңес алды.  Базарға келген тұрғындар да жұмысқа орналасуға деген мүмкіндікті қалт жібермей, түйіндемелерін қалдырып жатты.

Дәл осы күні  Кеңдала ауылындағы №36 мектепте облыстан келген ақпараттық-насихат тобы ауыл жастарымен кездесу өткізді.  Бұл шара «Жастар жылына» орай өткізілгендіктен шараның негізгі өзегі де осы бағытқа ойысты. Аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Мөлдір Абатайқызы жиынды ашып, талқыланатын тақырыптар жайлы түсіндіріп өтті. Бос орындар жәрмеңкесіне қатысқан  Алматы облысының жастарға қызмет көрсету және әлеуметтік қолдау көрсету бөлімінің басшысы Мөлдір Ерланқызы бастаған насихат тобының мамандары  кезекпен сөз алып,  атаулы жылдың  аясында облыс көлемінде қолға алынып жатқан ауқымды шаралар туралы айтып берді.  Кездесуге қатысқан мектеп оқушылары мен студент жастар спикерлерге сұрақтарын қойып, өздерін толғандырып жүрген

мемлекеттік «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Бизнестің жол картасы — 2020», бағдарламалары туралы  тұщымды жауаптарын ала алды.

Жиында сондай-ақ  «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының биылғы маусымдық жұмыстары туралы жан-жақты айтылды. Кездесу соңында жоғарыда аталған бағдарламалар бойынша ақпараттық парақшалар таратылды.

 

Меруерт БӨЛЕК,

«Талғар».