Пікірінің пірі, рухының туы — АБАЙ

Пікірінің пірі, рухының туы — АБАЙ

«Менің пірім – Абай. Абай ұлтымыздың ғана емес, осы уақыт ішінде менің де бірден-бір рухани ұстазыма айналды». Жаны ақын, жүрегі ақын Бақытнұр Тоқтиярұлы сөзін Абайдан бастап, ойын Абаймен сабақтауында да терең мән бар. Тарихтың, талай-талай қиын кезеңдерінде халқының адастырмас темірқазығы, алжастырмас бағдаршамы бола білген Абай шығармашылығы ақынжанды ағамызға да жол сілтеп келеді.

Қандай қысылтаяң, нендей келеңсіз кезеңдерде де оның ұлағатты сөзі қолтығынан сүйеп, иығынан демеп, табанын тайғызған жоқ, жігерін жасытқан жоқ. Сасқалақтағанда сабыр, тоқырағанда тоқтам тауып берді.

Еңбекшіқазақ ауданында «Абай» атындағы орта мектепті тəмамдап, С.Киров атындағы (сол кездегі) Қазақ мемлекеттік университетіне тарих факультетіне оқуға түскенде де бала кезден поэзияға ғашық Бақытнұр ағамыз шығармашылығынан қол үзбепті. Жайшылықта емес қайшылықта туатын өлең құдіретін бала жүрегімен емес, енді есейген, ересек тартқан дана жүрегімен сезіне түседі. Оқу орнын бітіріп, ұстаздық жолға қадам басқанда да қаламы жанқалтасынан түспейді. Балалармен тығыз қарым-қатынас жасап, жаңа бір қырынан ашылып, жаңа бір қырынан жаңғыра түседі. Адамдарға, қоршаған ортаға сүйіспеншілікпен қарай білген ақын жүрегінен төгілген жырлар да достықты, адамгершілікті, адамдықты, махаббатты  жырлай бастайды. Абайдың бес асыл қасиеті бар адамның бойынан табылса екен деп тілейді əрі солай болатынына сенеді.

Мадақ не сын, ағайын, болсын кейін,

Оқылады жырларым салшы зейін.

Қиуы қисынына келе бермес,

Тыңдашы өмір жайлы мен не дейін,- деп ақын алғысөзінде келтіргеніндей, өмірінің өзін өлеңге өріп, жарық дүниенің жақсы тұстарын қағаз бетінде қалдыруға тырысқан ниетіне риза болып, құптай бас изейсің.

Бақытнұр Арыновтың шығармашылығында елеулі соқпақтың бірі – аударма саласы. Арысы Шығыстың мəңгілік шоқжұлдыздары Омар Хайям, Хафиз, Ибн Сина, Хакани, берісі Гете, Кэри, Бернес, Киплинг пен орыс классиктері Крылов, Лермонтов, Толстой, Пушкин, Рязанов сынды тұрғыластарының туындыларын қазақ тілінде сөйлетіп, қазақ тілді оқырмандар үшін үлкен сый ұсынады. Əлем əдебиетінде еркін жүзетін мүйізі қарағайдай қаламгерлердің өзі жүрексінетін аударма ісінде əжептəуір дүние атқарған Бақытнұр ағайдың батылдығына еріксіз сүйсінесің.

Жуырда аудандық балалар кітапханасында өткен Бақытнұр Арынның «Тағы да сол» кітабының тұсаукесерінде сөз алған ақын əрі ұлтжанды азамат Кəмнұр Тəлімұлы ағамыз автордың аудармадағы қадамына жоғары баға берді. «Аударманы қолға алғандағы мақсаты да əлем классиктерін өз тілінде сөйлетіп, ұрпаққа үйрету болған екен. Ожданды, ұлтжанды ұстаздың алдын көрген шəкірт те сол қасиетті бойына дарытып, отансүйгіштікте, елжандылықта тəрбиеленеді» – деп пікірін білдірген ағаның сөзіне келіспеске болмайды. Кешті ашып, жүргізген кітапханашы Гүлбаршын Шурабекова ақынның өмір жолы мен өнер жолына тоқталып, шараның мəн-мақсатын түсіндірді. Бүгінде №8 ДБА мектепгимназиясында тарих жəне қоғамдық пəндерден сабақ беріп жүрген ұлағатты ұстаздың тарих пəнінен республикалық деңгейдегі тренер екендігін ескерсек, методикалық кітаптардың да авторы екендігін біле аламыз. Е.Беленковамен бірлесіп «Тарих жəне тіл» əдістемелік құралы мен бірнеше дидактикалық материалдарды құрастырып, шығарған. 2007 жылдан бері орыс сыныптарына Қазақстан тарихынан сабақ беріп келеді. Кешке қатысқан аталмыш мектеп оқушылары ұстазының өлеңдерін жатқа оқыса, əріптес мұғалімдер тілектерін айтып, сый-сияпаттарын көрсетті. Ақынның мектеп бітіруші түлектерге арнаған əнін мектептің музыка пəнінің мұғалімі Рая Алыбаева сырнаймен сүйемелдеп, оқушылар нақышына келтіре шырқап берді. Кешке қатысқан жергілікті ақын Дəулетхан Карбоз да тілегін арнап, өз шығармашылығынан өлең тарту етті. Шараны қорытындылаған аудандық кітапхана директоры Махамбет Қасымханұлы мамандық таңдаудан жаңылмаған, өмірі өлеңге айналған Бақытнұр Арынға қазақ тілін де, рухын да сақтап қалатын өрелі өлеңдер туғызатын шабытының сарқылмауын тіледі. Жас ұрпақтың өрісін кеңейтіп, өзегіне рухани сусын берген «Кітап – өмірлік серігің» тақырыбында өткен сазды кеш өз мақсатын толық орындағанын айқын сезініп, тарқастық.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,

«Талғар».