Оқырмандар айтыс ақынымен жүздесті

Оқырмандар айтыс ақынымен жүздесті

Апта басында аудандық орталық кітапханада 1956 жылдан бері əлем халқы тойлап келе жатқан 2 сəуір – Халықаралық балаларға арналған кітап күніне орай жəне талғарлық жыршы, термеші, сазгер, айтыскер ақын, аудандық мəслихат депутаты, ауданның «Құрметті азаматы» Əбдіғани Бəзілханұлының «Арыс» баспасынан шыққан «Күміс өзен күмбірі» атты жыр жинағының жарық көруіне байланысты оқырмандармен жүздесуі болып өтті. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы», – деп ақын Абай айтпақшы, 1969 жылы Қытай Халық Республикасында дүниеге келіп, Қытай мемлекетінің «Шоқжұлдыз» өнер фестивалінің күміс медалін иемденген, 30- дан аса əн, термелері, радио, теледидарларда орындалып жүрген Əбдіғани Бəзілханды Талғар жұртшылығы жақсы біледі. Айтыс ақыны ретінде талай мəрте облыстық, республикалық сөз сайыстарында Талғар намысын қорғаған Əбдіғанидың Талғар халқы үшін орны бөлек.

Ақындық – өзі сүйген құлына Алла Таға ланың беретін үлкен сыйы. Ə.Бəзілхан да жүрегі халқым деп соққан, өлеңдері нəзік те сырға толы, көңілдің нəзік пернелерін жаңбыр тамшысындай дəлдəл шертетін өлеңдері оқырман қауымға жол тартқалы қашан. Ə.Бəзілханға арналған поэзия кешінің пердесін Талғар ауданының «Құрметті азаматы», ақын, сыршыл сазгер Кəмнұр Тəлімұлы ашып, «Күміс өзен күмбірі» кітабының аудандық кітапхана қорына қосылған үлкен байлық екенін жеткізіп, екі бөлімнен тұратын жыр жинағындағы əрбір өлеңнің мəн- мағынасына терең үңіліп, жыр əлеміне сапар шектірді. Ақын Əбдіғани Бəзілханның:

«Мен ақынмын жыртық-жыртық шекпенім, Сезбеппін- ау, қарлы боран өткенін. Жыртығымды бүтіндеуге уақытым жоқ, Дала безіп, өлең қуып кеткенмін»- деп өз тіршілігінен сыр шертетін: «Сағындым», «Уа, туған жер», «Туған жер – алтын бесігім», «Айшажан, Құлжа қалай?», «Жетім құлын», «Мен – ақынмын» атты өлеңдерінен кіндік қаны тамған жерге деген сағыныш лебі сезіліп тұратынын кеш барысында сөз алған аудандық Мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева, аудандық мəдениет үйінің директоры Берік Сапарғалиұлы орайлы тілмен жеткізе білді. Осы кеште Əбдіғани Бəзілханұлының «Мұқағалиға арнау» əнін аудандық «Алатау аясында» əнби ансамблінің күміс көмей əншісі Кеңес Баймұқанов шырқаса, «Жетісу» əнін өнер тарланы Мырзабек Парманов кемеліне келтіре орындап берді. Əн мен жырға кезек- кезек орын берілген осы кеште Талғар қаласындағы «Оқушылар үйінің» дəстүрлі əн үйірмесінің мүшесі Əйгерім Əлмұратова орындаған «Армысыңдар, адамдар» əні мен жас əнші Инабат Абсадыққызы шырқаған «Халқыма» əніне жиналған жұртшылық ризашылық сезіммен қол соқты. «Жұмыр жерден сыр жасырғым келгенмен, Жүрегіме кір жасырғым келмейді» – деп ақын Б.Беделхан айтқандай, жүрегінің жан сарайын түгел ақтарған ақын Əбдіғани Бəзілханның «Күміс өзен күмбірі» атты кітабына жиналған оқырман қауым жоғары баға беріп тарқасты.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».