Халық даналығында: «Халық қазанын қайнаттым, қолымның кəне, қарасы, Ер қазанын қайнаттым, етімнің
кəне, жарасы» – деген ғибратты тəмсіл сөзі, Нарынқол ауданының Қаратоған ауылында туып-өсіп, бүкіл ғұ-мырын ветеринария саласына арнап, қырық жылдан астам уақыттан бері Нарынқол өңірінің Қарасаз, Сары-бастау, Қаратоған ауылдарында, Шелек ауданының Қаратұрық ауылында, соңғы жылдары Талғар ауданының ветеринария саласында жемісті еңбек етіп жүрген еңбек ардагері Əлдібаев Алжанбай есімді азаматқа қаратып айтылғандай.
1974 жылы Нарынқол ауданындағы Жамбыл ауылында орын тепкен орта мектепті бітірген Алжанбай жүрек
қалауымен Алматы ауылшаруашылығы институтының «ветеринария» бөліміне түсіп, оны 1979 жылы бітіріп шығады. Сол жылы жас маман мемлекеттік жолдамамен Шелек ауданындағы «Қаратұрық» ауылына мал дəрігері болып барады. Бұл ауыл сол кезде 12000 қой, 3600 бас сиыр, 150-ден астам жылқысы бар үлкен
шаруашылықтың бірі еді. Осы округтегі «Лавар» ауылында 1500 – бас сауынды сиыр фермасы бар болатын. «Медицина – адамды емдесе, ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» — демекші, жас маман Алжанбай бастаған мал дəрігерлері жыл он екі ай бойы тыным таппай, қой, жылқы, сиыр малында кездесетін сарп, бруцеллез, өкпе ауруларына қарсы дəрі егіп, ем-дом жасап, күні-түні шапқылап жүретін. 1983 жылы Нарын-қол ауданындағы Энгельс атындағы колхозға (қазіргі Қарасаз ауылы) жолдамамен ветеринариялық пунктің
мең герушісі болып барды. Бұл колхоз да 40000 қой, ет бағытындағы сиыр өсіретін, жүзден астам жылқысы
бар ірі шаруашылықтың бірі болатын.Үш фермаға бөлініп, таудың əр бөктерінде қоныс тепкен 80 отар қойды күндізтүні жата-жастана жатып, ем-дом жасайтын Алжанбай Əлдібаев шопандардың да, ферма басшылары-ның да алғысына бөленетін. Жазда Шəлкөде жайлауында, қыста Тоғызбұлақ, Қисық , Түзу деп аталатын тау қойнауындағы малшылар арасында жүретін Алжанбай шаршау дегенді білмейтін. «Нағыз рахатты адам сезбейді. Ол – денің сау болып, дедектеп жұмыс жасап жүргенің» – деп бабаларымыз айтпақшы орда бұзар отызбен қылшылдаған қырық жастың белесіндегі кезін ауыл өміріне арнаған Алжанбай Əлдібаев ақ көңіл адалдығымен, кімнің де болса көңілін қалдырмайтын ақеден мінезімен көпке жақты.
1989 жылы Ленин ордені Ленин колхозына (қазіргі Сарыбастау ауылы) бас мал дəрігері болып барған Алжанбай көпті көрген, іс-тəжірбиесі мол маманның бірі еді. Арқар-меринос жүнді асыл тұқымды 120000 қой өсіретін бұл колхоз бүкіл Қазақстанға белгілі бай, қуатты ауылдың қатарына жататын. Жібектей жүні
алтынға бағаланатын меринос жүнді ақ қойларды өсіру, оның жүнін мемлекетке өткізу барысында бұл шаруашылық жыл сайын көл-көсір табыс табатын. Міне, осы табыстарда колхоздың бас мал дəрігері
Алжанбай Əлібаев бастаған ферма мамандарының маңдай тері мен қажырқайраты көрініп тұратын. «Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, Ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек» – демекші, өмірінің 40 жыл-дан астам уақытын ветеринария саласына арнаған Алжанбай Əлібаев бұл күндері Талғар қаласындағы
ветеринария бөлімінде еңбек етіп келеді. «Ұлын – ұяға, қызын – қияға» қондырып, жеті перзентінен 19 неме-ре сүйіп отыр. Əйелі жеті баланы өзіне қалдырып, ертерек о дүниеге сапар шегіп кеткенде де еш мұқалмай балаларын бағып-қағып өсірген Алжанбайды «Асылдың сынығы» деп бағалауға болады. Биыл алты асу-алпыстың үшеуіне келіп, «Пайғамбар жасын» тойлауға ниет етіп отырған Алжанбай Əлдібаев сынды ел азаматына ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілейміз!
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».