Бүгін аудан әкімі Рыскелді Ахметқалиұлы аудан жұртшылығы алдында қорытынды есебін берді. 2018 жылы өңіріміздің экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылда іске асырылатын жұмыс жоспарлары туралы баяндалған есепті кездесуге жергілікті тұрғындармен қатар ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Жайсан Ахметов, облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов, облыстық еңбек инспекциясының басшысы Керімбек Жаншабайұлы қатысты. Әдеттегідей күн тәртібімен таныстырып, регламентті бекіткен аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы сөз кезегін баяндамашыға берді.
- Мемлекеттік бюджетке түсімдер көлемі 25 млрд. теңгеге жетіп, жоспар 104 пайызға орындалды. Шығындар көлемі 19 млрд. теңгені құрап 100 пайызға игерілді. Өнеркәсіп көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 6 млрд. теңгеге артып, 36 млрд. теңгеге жеткізілді,- деп көрнекі сандармен есебін бастаған өңір басшысының сөзіне қарап өткен жылға өкпе жоқ деп нық сеніммен айта аламыз.
Өлкені алға бастыратын өнеркәсібі дейтін болсақ, бұл саладағы ілгерілеушілік басқа жылдармен салыстыруға келмейді. Өйткені, бір жылдың ішінде үш зауыт іске қосылған. Атап айтар болсақ, Еламан ауылында («Интермед групп») медициналық қалдықтарды жоятын, Даулет ауылында («Аль Сафа») шойыннан жасалған бұйымдарды шығаратын, Панфилов ауылында ( «Нур кагаз») қағаз өндіретін зауыттар ашылып, нәтижесінде 197 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ал аудан экономикасына 2,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл қарқынды жұмыс биыл да тоқтап қалмақ емес. 2019 жылы Талғар қаласында лифт жасайтын «КазЛифт» және медициналық бағыттағы бұйымдар шығаратын «Синтез КЗ» зауыттары іске қосылып, 80 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Ауылшаруашылығын өркендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың да жергілікті жерде орындалуы көш ілгері. Мал басы артып, «Агробизнес 2020» бағдарламасымен кәсібін ашып, нәсібін тауып отырған азаматтар көбейіп келеді. Бұған қоса, 20 тонна сиыр еті қырғыз еліне экспортталған. Осы жылы ет бағытты 2 фермасын, сүт тауарлы фермасын құру жоспарлануда. Жалпы құны 6,7 млрд.теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобалар нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.
Кәсіпкерлік саласында да көп қозғалушылық бар. Аудан бойынша 10431 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары өз нәсіптерін ғана тауып қоймай, өңір экономикасын алға сүйреуге сеп болуда. Мұндай жақсы нәтижені құрылыс саласынан да айқын аңғарамыз. Бүгінгі күннің өзекті бағдарламаларының бірі «7-20-25» бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. Осы уақытқа дейін 436 азамат екінші деңгейлі банктерге өтінім білдірсе, оның 27-сінің өтініші қанағаттандырылған. Аудан бойынша бүгінде 5 тұрғынүй кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде екен.
-Ауданда 3 ауысымды мектептерді азайту мақсатында Дәулет ауылында 300 орындық мектептің құрылысы салынуда. Сонымен қатар, 5 жаңа мектеп салу үшін жобалық сметалық құжаттар дайындалуда, – деген аудан әкімі бұдан әрі құқық, денсаулық сақтау, спорт және туризм, мәдениет сынды сүбелі салаларда атқарылған істер мен алдағы жоспарлары жайында толыққанды баяндады.
Алып мегаполис Алматының іргесіндегі іргелі ауданның тыныс-тіршілігі үлкен қаладан кем қалып жатпағаны айқын. Аудан құрамына кіретін 10 округ, бір қала да заман ырғағымен дамып жатыр. Әрине халық саны өскен сайын талап-ұсыныстың да көбейетіні рас. Аудан басшысы есебін аяқтап, кезек жарыссөзге берілгенде мұны айқын аңғардық.
Өзін ПИК төрағасымен деп таныстырған В.Павлов алдымен көп қабатты үйлердің газға қосылу мәселесін алға тартты. Әсіресе, ПИК мүшелерін толғандыратын екі қабатты тұрғын үйлер газға қосылар кезде қандай талаптарды ескерген жөн екенін білгісі келетінін жеткізді. Бірден жауап берген әкім биыл 72 көпқабатты үйлер үшін 15 жылу қазандығы салынатын жеткізіп, сол кезде осы мәселе жөнінде арнайы жиындар өткізелетінін айтты. Жергілікті қауымдастық мүшесі, аудан белсендісі К.Хасанова электр жарығы үшін төленетін тарифтің қымбатшылығын, қаладағы жабайы сауданы ретке келтіруге қатысты пікірлерін білдірсе, зейнеткер Галина Михайловна аудандық ауруханада орын тапшылығы барын, аурулардың дәлізде жататындығын айтып, төсек санының көбейтілуін сұрады. Ал «Береке» бау-бақша қауымдастығы атынан сөз алған К.Мырзабекова саяжайлық тұрғындардың талайдан бергі бас ауруына айналған «ауыл» статусын алу және көгілдір газға қосылудағы қиындықтарды құлаққағыс етті. Жарыссөзде әр ауылдан келген Н.Королева, Қ.Төртбаев, Қ.Ізбасаровтардың ұсыныстары да тыңдалды.
Тек өтініштерін ғана арқалап келмей, аудан басшысының ісіне алғысын білдірген жандар да болды. Белорус ЭМО төрайымы Ж.Третьяк, қалалық жергілікті қауымдастың төрағасы Ж.Байкенов басшылық қызметке келгелі көп бола қоймаған әкімнің ауқымды істеріне ризашылығын білдірді.
Алматы облысының «Құрметті азаматы» Рая Мұсақызы алда атқарылар істерге сәттілік тілеп, осы уақытқа дейін аудандық білім бөлімінің басшысыз тұрғанын, соның нәтижесінде аудандағы білім сапасының төмендеп бара жатқанын алға тартып, тезірек білікті де білімді, іскер басшының келуін қадағаласаңыз екен деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ осындай үлкен жиындар өтетін тиісті жер аудандық Мәдениет үйінің сапасы сын көтермей тұрғанын да ашып айтты.
Аудан басшысы Рыскелді Ахметқалиұлы тұрғындар тарапынан түскен барлық сауалдарға мейлінше нақты жауап беріп, кей мәселелерді сол жердегі жауапты сала өкілдеріне тапсырды. Қадағалауға тиіс мәселелерге дер кезінде комиссия құрып, оң нәтижесін шығаруды өзі де басты назарға алатынын жеткізді. Халық әкім есебін оң бағалады.
Жиын соңында облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Мырзабекұлы облыс бойынша атқарылған істерге тоқталып, алдағы жоспарлармен таныстырып шықты. Сондай-ақ, аудан бойынша түйткілді мәселелердің дер кезінде түйінін шешіп, халықты әкімге жақтасып жұмыс істеуге шақырды.
М.Бөлек.