Аудан әкімі Рыскелді Сатбаевтың ел алдындағы есебі Нұра ауылдық округінде жалғасын тапты. Жиынға аудан активі мен округ тұрғындарынан бөлек Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиев та қатысты. Күн тәртібіндегі жұмыстарды таныстырып, есепті жиынның тізгінін алған аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы сөз кезегін округ әкімі С.Донбаевқа берді. Өткен жылғы атқарылған істерді жіпке тізгендей айтып шыққан округ басшысының сөзінен қаймағы бұзылмаған қазақы өңірдің қай салада да дамуы басым екенін аңғардық. Нұра, Туғанбай, Өстемір, Қаратоған ауылдарынан құралатын өңірдің уақытпен үндесе дамып отырғанын байқадық. Әсіресе «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі ауданда көш бастап тұр десек қателеспейміз. Барлық мәселелерге байланысты мәліметтер слайдтар арқылы экраннан көрсетіліп тұрды. Өнім көлемі ұлғайып, жұмыссыздық деңгейі азайып, әлеуметтік саланың алға басуы бұған дейін газетімізде басылып, халыққа ұсынылғандықтан, тағы қайталауды жөн көрмедік. Бір айтарым, әкім тарапынан айтылған жағымды цифрлар биыл да біраз өзгеріске ұшырайтын түрі бар. Әрине, жақсы жағынан. Осы жылға деген ауқымды жоспарлар соны айғақтап тұрды.
Ал аудан басшысы Рыскелді Ахметқалиұлының есепті баяндамасынан ауданның әлеуметтік ахуалы жоғарылап, әрбір сала бойынша едәуір оң өзгерістердің барын аңғардық. Бюджет жоспары 104 пайызға артығымен орындалғанының өзі атқарылған жұмыстардың ауқымды екенін айқындап тұр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек еткен жергілікті тұрғындар мол өнімге қол жеткізіп, өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға немесе 2 млрд. теңгеге артық орындалған. Сапалы өнімге сұраныстың мол болатынын жете түсінетін талғарлықтар өнімдерін экспортқа шығарып, осының нәтижесінде өнім көлемі артқан аймақтың ісі алға басуда. Жалпы, өңір халқының кәсіппен айналысуға деген ынтасы жоғары екенін жұмыссыздар санының азайғанынан байқауға болады. Өткен жылдағы толайым табыстар мен жағымды жаңалықтарды сүйіншілеп жариялап отырғандықтан, көзі қарақты оқырманға атқарылған шараларды қайталап жатудың қажеті жоқ шығар. Биылғы жылғы игі бастамаларды да оқырманға дер кезінде жеткізіп отыруды тікелей жұмысымыз болғандықтан, істелінген жұмыстардың нәтижесін бірге көрейік деп әңгімемізді бірден ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектеріне бұрсақ.
Ауыл ақсақалы Шәміл Жарылқасынов әкімдердің ауылға айтарлықтай қамқорлықтар жасап жатқанын айта келе, ауыл ішінің жолдары сын көтермейтінін, трансформатордың ескіруіне орай электр қуаты бүкіл ауылға жетпейтінін, ауыз судың тапшылығын сөз етті. Тұрғын сауалына сол мезет жауап берген аудан әкімі жауапты сала басшыларына айтылған ұсыныстардың оңтайлы шешімін табуды тапсырды. Аудан мен ауыл арасын жалғайтын автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жайлы білгілі келген Асқар Ержановтың сауалына ол облыс қарамағына кіретін жол болғандықтан сол жаққа сауал жіберіп, қарастырылатыны айтылды. Дулат ы/а тұрғыны Баршын Ізбасар болса электр қуаты АЖК (Алатау жарық компаниясына) өтсе екен деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ жел мен қар-жаңбырдан ықтасын ретінде аялдамалар салынса және ықшам ауданның аты ел адаспас үшін көрнекі етіп жазылса деген ұсыныстарын айтты. Айтылған ұсыныстарды түртіп алған аудан басшысы тапсырма беріп, өзінің бақылауына алатынын жеткізді. Өткен күнге өкпе артпай, келер күнге үмітпен қарайтын нұралықтар әкім есебіне жақсы бағаларын беріп тарқасты.
Қайнар ауылдық округіне қарасты Еркін ауылының №26 мектебінде өткен келесі басқосу біраз қордаланған мәселелердің басын ашты. Алдымен округ әкімі Ж.Ясиновтың баяндамасы, артынан аудан басшысы Р.Ахметқалиұлының есебі тыңдалған соң жиналған көпшілік ұсыныс-тілектерін қарша боратты. 11 елді мекенді қамтып отырған үлкен округте түйткілді мәселелердің болатыны онсыз да түсінікті. Халық саны өскен сайын талап-тілектер мен арыз-шағымдар да көбейетіні қоғамның жазылмас заңдылығы. Бұл жолы да сол межеден аспаса кеміген жоқ. Жаңалық ауылының тұрғыны Д.Жунусов мал жайылымдарының жетіспеушілігін алға тартып, қалаға қатынайтын автобустар көк базарға дейін жүрсе деген тілегін жеткізсе, Еркін ауылының тұрғыны А.Асқарова бірнеше ұсыныстарын тізіп шықты. Тұрғын №26 мектептің сыртқа салынған дәретханасы оқушылар үшін қиындық туғызатынын, көшені жарықтандыру мәселесі сапалы жүргізілмейтінін, жұмыссыз жастар азғындап кетпес үшін жастарға арналған орталық болуын, медпункттің жағдайы сын көтермейтінін, ашық люктардың дер кезінде жабылуын алға тартты. М.Аднанов санитариялық талаптарға сай келмейтін ФАП-қа деген наразылығын жеткізіп, жанындағы балабақшаға деген жерге амбулатория салынса деген сауалын айтты. Және газ тартқызу үшін үйлерді заңдастыру мәселесін бірізділікке салсаңыздар деген тілегін жеткізді. Қайтыс болған адамды қоятын жер жоқтығын алға тартқан М.Тоқтауыш сондай-ақ Тереңқара ауылының маңынан өтетін күре жолға жаяу жүргіншілер жолағы болса деген тілегін қоса айтты. Округтегі ақсақалдар алқасының төрағасы Т.Саудабаев басқаруға қиын болып бара жатқандықтан мүмкін болса округті екіге бөлу жағын қарастырсаңыздар деген ойын жеткізді. Мұқият тыңдаған әкім аталған сұрақтар бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма беретінін, өзі басты назарға алатынын жеткізді. Кей мәселелер сол жерде шешімін тауып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, ауылдың әлеуметтік жағдайын шешуде бірлесе жұмыс жасау көзделді. Қанағаттанарлық деп бағасын алған аудан әкімінің есебі өз деңгейінде қорытындыланды.
М.Бөлек,
Талғар-ақпарат.