«Құланның қашуына, мылтықтың басуы» дегендей, Қазақстан Компартиясының кезектен тыс пленумында Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Д.А.Қонаевтың орнынан алынып, оның орнына Ресейдің Ульяновск облысының бірінші хатшысы болған Г.В.Колбинді әкелуі қазақ халқын қорлауы болатын. Желтоқсанның 16-сы күні қолдарына бейбіт мақсаттағы: «Марксизм-Ленинизм идеялары жасасын!», «Лениннің ұлттар теңдігі туралы тезистері жасасын!», «Қазақстанға қазақ басшы керек!» деген ұрандар мен плакаттар ұстаған
қазақтың ұл-қыздары көптеп жинала бастады.
Соның бірі – Алматы қаласындағы «СМУ – 19» құрылыс мекемесінің комсомол ұйымының хатшысы Қайрат Нұржанов болатын. 1964 жылы Қызылорда облысының Арал қаласында туып, 1982 жылы Алматы қаласындағы №46 кəсіптік-техникалық училищені, 1982-84 жылдары Мəскеу қаласында екі жыл инженерлік əскери құрама сапында болып келген қазақ жігіті, сол кезде «СМУ – 15» мекемесіне қарасты «Жастар» жатақханасында тұратын. Ол кезде қазақ жастары Алматыдан пəтер алмақ түгілі, тіркеуге де тұра алмай, əр
орыстың үйін жалдап, итқорлықпен өмір сүретін. Қайрат ел көсемі Д.А.Қонаевтың орнынан алынғаны туралы хабарды кешкісін бөлмесіндегі радиодан естіді. 16 желтоқсан күні Виноградов-Космонавтов көшесіндегі
құрылыс алаңында жүрген Қайрат көше бойымен алаңға қарай кетіп бара жатқан КазГУ-дің студенттеріне қосылып алаңға қарай беттеді. Бұлар барғанда алаң тола қазақ жастары еді. Иін тірескен қазақ жастары
талап-тілектерін айқайлап айтуда. Бірақ олардың сөздерін құлақтарына ілген адам болмады. Сол күні күн де ызғарлы, суық болатын. Үстіндегі жұқа курткасы мен жеңіл туфлиінен суық өткен Қайрат достарымен бірге түс қайта жатақханаға оралды. Бірақ сол күні түнде алаңдағы қазақ жастарына күш қолданылып, үстеріне суық су шашып, қолдарына дубинка ұстаған солдаттар мен милиция жасақтары қуып таратқаны туралы
суық хабар естіді.
Ертесіне 17 желтоқсан күні бүкіл жатақханадағы қазақ жастары тас-түйін жиналып, алаңға қарай бет алды. Бірақ алаңға жету оңай емес еді. Жандосов көшесіне жеткен Қайрат бастаған жігіттер бір автобусты тоқтатты да соған лықа толған қазақ жігіттері алаңға жақын жердегі А.С.Пушкин атындағы кітапхана жанынан түсіп қалды. Олар Байсейітова көшесімен орталық алаңға таянған сəтте қолдарына қалқан ұстап, дубинка мен сапер күректерін жалаңдатқан солдаттар тарпа бас салды. Қазақ жігіттері қарусыз еді. Бірақ соған қарамастан күшті де епті, шымыр қазақ жігіттері солдаттарды қолдарына түскен тас сынықтарымен атқылап, қарсы қимыл жасады. Олар кейін шегінген тұста қарсы беттегі төрт қабатты ауылшаруашылығы институтының жатақханасы терезесінен жігіттер стол мен орындық сынықтары, темір кроваттың басын лақтыра бастады.
Сонымен қаруланған жігіттер милиция мен солдаттарды кейін қуып тастады. Көше бойы қиян-кескі майдан алаңы еді. Түс қайта үстіүстіне қосылған солдаттар қазақ жастарын тас-талқан етіп, қару күшімен басып
тастады. Қан-жоса болған қазақ жастарын көше қалтарыстарында тұрған əскери машиналарға қойша тией бастады. Үстібастары қан-қан, бірінің беті ісіп, бастары жарылған Қайрат бастаған жігіттер түн ортасы ауа жатақханаларына жетіп жығылып еді. Үш күн бойы қазақ ұл-қыздарын соққыға жығып, көшеде кездескен кез келген қара көздерді мал сияқты тепкілеп, қорлаған Ресей солдаттары білгендерін істеді. Алматы үрей мен қорқыныш құшағында еді. Екі күн жұмысында болмаған Қайрат Нұржанов 19 желтоқсан күні құрылыс
басына барған жерінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің жігіттері бірден ұстап, 2 ай бойы тергеуге алды. Ком-сомол жетекшісі ретінде «СМУ-19» мекемесіндегі партком, кəсіподақ, комсомол басшылары Қайратты басты ұйымдастырушы деп біліп, жұмыстан шығарды. Оны қайткенде де қылмыскер етіп шығарғысы келген милиция тергеушілері мен прокуратура қызметкерлері сол кезде ауыр жаза алып, 15 жылға сотталған Түгелбай Тəшеновпен бірге түрмеге жібергілері келді. Бірақ айтқанынан қайтпай, бір сөзінен танбаған Қайратты 2 айдан соң босатып жіберді. Желтоқсан күндері жазықсыз жапа шегіп, жұмыстан шығып қалған Қайрат ұзақ уақытқа созылған сергелдеңнен соң 1987-93 жылдары Алматы қаласындағы құрылыс инсти-тутына түсіп, оны бітірген соң кəсіби құрылысшы атанды. 1991 жылы өзі ұнатқан Гүлнəр Берденоваға үйленіп, отбасылы болды. Міне 1986 жылы Алматыда болған желтоқсан көтерілісіне биыл 32 жыл толып отыр. Сол бір күндері орталық алаңға бостандық пен тəуелсіздік аңсап барып, соққыға жығылған мың-мыңдаған қазақ жастарының бірі – Қайрат Диясұлы сол күндерді мəңгі ұмытпақ емес. Өйткені олар
тəуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары еді…
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».