М.Шаханов – қазақтың маңдайына біткен, ұлты үшін жанын пида етуге даяр, халқының басына қиындық түскен сәттерде «атойлап» жауға шабатын кешегі Ақтамберді жырау, ер Махамбет, қасқыр жүректі Кенесары бабамыздың жалғасы. Мұхтар Шаханов – әлем таныған қазақ ақыны деуіміз бекер емес. Кеудесіне «Түркі дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығы, ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубының сыйлығы, Түркия мемлекетінің «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығы, «Жадыгер жазы космоформуласы» шығарамасы үшін Колифорния ғылым индустрия, білім және өнер академиясының «А.Эйнштейн» атындағы алтын медалі бастаған әлемнің 130-дан астам елінің атақ-марапатына ие болған Мұхтар Шахановпен қазақ әрдайымда мақтана алады. «Өсер елдің баласы, қозысын бағып қой етер, Өспейтін елдің баласы, қойын сатып той етер» — демекші, кешегі 1986 жылы Алматыда болған «Желтоқсан көтерілісі туралы» шындықты Мәскеудің Кремл сарайында КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Михаил Горбачевке қасқайып тұрып айтып салған да осы Мұхтар ақын емес пе еді?! Кешегі Қазақстан Тәуелсіздігін алар тұстағы аласапыран кезеңде Алматыда өткен ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің кезектін сессиясында Қазақстанда «мемлекеттік тілі – орыс тілі болып кетейін деп тұрған қиын сәтте съезд депутаттарын райынан қайтырып, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ресми тіл» деп қаулы қабылдауға мәжбүр еткен де осы Мұхтар Шаханов болатын. Жанын шүберекке түйіп жүріп желтоқсан көтерілісінің боздақтарының алды 15-20 жылға сотталған кезде арыстанша ақырып теңдік сұраған, қазақ ұл-қыздарының қапас түрмеден ерте борануына үлкен үлес қосқан осы Мұхтар Шаханов еді. Оның осы ерлігін халық әлі ұмыта қойған жоқ. Жаратушы Алла қасиетті Құран-кәрімде: «Ұлты үшін жанын пида еткен пендемді күндердің күнінде адамзаттың қатарында қайта жаратамын», — депті. Не деген құдіретті сөз десеңізші!
Ақын – халықтың баласы. Өткен аптада Белбұлақ ауылындағы №34 орта мектепте ақын Мұхтар Шахановпен кездесу кеші болып өтті. Мектептің жиынжай залына жиналған оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар қауымы Мұхтар Шақановтың «Қырандар төбеге қонбайды», «Сенім патшалығы», «Ай туып келеді», «Тілсіздендіру анатомиясы», «Ғашықтық ғаламаты» сияқты кітабынан үзінді оқыған жас таланттардың өнерін қызыға тамашалады. Найзағайдың жарқылындай рух пен сенімге толы Шаханов өлеңдерін мектеп оқушылары кезек-кезек оқумен болды. Мектептің өнерпаз педагок ұстаздары «Ақ бантик», «Мен саған ғашық едім», «Туған кешінде», «Рух пен тіл» сияқты сезімге толы әндерін шырқап көпшілік қошеметіне бөленді. Жиын соңында сөз алған мектеп директоры Зәмзәгүл Марипова, Белбұлақ ауылы әкімдігінің бас маманы Назым Жабашевалар жылы лебіздерін білдіріп, естелік сыйлықтарын табыс етті. Ұлы бабамыз Ақан сері: «Ақын боп келіп өмірге, адам боп кету көп қиын» деп жырлағандай, терең философиялық ойларға толы өлеңдерімен халық ықыласына бөленген, ішкі әлемін таза сақтап ұлты үшін отқа да, суға түсетін Мұхтар Шахановтай ұлы бар қазақ халқы не еткен бақытты ұлт десеңізші!
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ
Талғар-ақпарат