«Welcome to Zhetysu» фильмінің тұсауы кесілді

«Welcome to Zhetysu» фильмінің тұсауы кесілді

Талдықорғанда, ағымдағы жылдың 14 қараша күні «Welcome to Zhetysu» кинокартинасының примералық көрсетілімі өтті. Фильм режиссері – Ерлан  Ушакпаев, сценарий авторлары – Әділет  Жұмабек және Адилбек Абилов, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Жол үстіндегі оқиғаны баян ететін «роуд-муви»  жанрындағы туынды, көрермендердің туған өлкесіне деген махаббатын оятып, киелі нысандардың сұлулығын еске салады. Оған Алматы облысының ең әдемі жерлері таңдалған. Атап айтқанда, Көлсай көлдері, Шарын шатқалы, Орталық Азиядағы ең биік сарқырама Бұрхан бұлақ және тағы да басқа.

Жетісудің көрікті жерлерін таныстыру мақсатында түсірілген туынды желісі Тима, Кенже, Даулет және Эля атты кейіпкерлердің «Өңірде түсірілген үздік бейне ролик» байқауна қатысуынан бастау алады. Алайда, киелі жерлерді іздеп, таспаға түсіру оларға оңайға соқпайды.

Салтанатты жиында алғашқы сөз жас режиссер Е.Ушакпаевқа берілді.

«Армандар орындалады! Бұл фильмнің идеясы он жыл бұрын пайда болды. Яғни, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ оқып жүргенімде, Айдын есімді досым өзінің комедиялық фильм түсіргісі келетінін айтты. Онда біздің туған жердің бар байлығымен сұлулығын паш етсек деді. Міне осы күнен бастап сол картина есімнен ұмыт болған емес. Бүгінде, 10 жылдық арнанымның жемісін көргелі отырсыздар», — деді ол.

2017 жылдың күз мезгілінде таспаланған фильмнің ұзақтығы 90 минутты құрады. Толықметражды туындының сапалы шығуына  ат салысқан: қоюшы-оператор Сардар Баймолдин, дыбыс режиссері Дмитрий Шевчук және фильмнің музыкалық-композиторы әнші Ерболат Құдайбергенов. Және де танымал актерлер Салтанат Құдайбергенова, Олжас Қасым, Елдар Ташкенбай, Қуаныш Құдайберген, Райым Бекет, Рамис Кулахметов және Марат Алибаев ойнаған.

Айта кету керек, фильм Алматы облысы жастар саясаты басқармасының қолдауымен түсірілген болатын.

Талғар-ақпарат