Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ал біздің болашақтағы бағытымыз – салауатты өмір салты. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру баршаның борышы.
Дені сау адам өзі үшін де, ол өмір сүріп жатқан қоғам үшін де керек.
Салауатты өмір салты — адам үшін аса маңызды, денсаулықпен тікелей
байланысты құнды форма. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан — 2030» стратегиялық даму бағдарламасында «Салауатты өмір салтын ынталандыру әрқайсымыздың дене тәрбиесімен айналысуымызға, дұрыс тамақтануымызға, есірткілерді, темекі мен алкогольді тұтынуды қойып, тазалық пен санитария шараларын сақтауымызға бағытталған» деген болатын. Салауатты өмір салтының жастар арасында қалыптасуының маңызы өте зор. Бұл бағытта жүргізіліп келе жатқан жұмыстар ауру шақыратын факторлардың әсерін төмендетуге, ішімдіктің, темекінің, есірткінің зияндығына, қимыл-қозғалыстың аздығына, құнарлы тамақтанбауға қарсы жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстарына негіз болуда.
Жуырда аудандық «Нұр Отан» партиясы ғимаратының мәжіліс залында аудандық орталық аурухананың салауатты өмір салты бөлімінің ұйымдастыруымен «Мінез-құлық, қауіп-қатер факторы» тақырыбында семинар өткен болатын. Семинарды аталмыш бөлімнің медбикесі Н.Литвинова жүргізіп, оған аудандық «Нұр Отан» партиясының кеңесшілері Г.Бердібаева, С.Үскібаева, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі З.Қалымбетова және «Талғар қаласының зейнеткерлері, мүгедектері мен жастарын әлеуметтік-құқықтық қорғау» мемлекеттік емес ұйымының жетекшісі Л.Молчановалар қатысып отырды. Семинар барысында қоғамды ішінен ірітіп отырған жама әдет, жат қылықтардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы сөз болды. Жиылған қауым жастар мен жасөспірімдер арасындағы мінез-құлық, қауіп-қатер факторы, ішімдік пен темекінің жасөспірімдер денсаулығына әсері, бүгінгі күні кең тарап сәнге айналған кальян мен электронды темекі туралы шындық, энергетикалық сусындардың адам ағзасына кері әсері туралы әңгіме өрбітті. Орталық аурухананың салауатты өмір салты бөлімінің медбикесі Н.Литвинова мен педагог-валеолог А.Ақылбекова аудан жастарын осындай жаман әдеттен арашалау үшін жасалып жатқан жұмыстары жайлы айтып берді. Мамандар қаламыздағы сауда орындарын, дүкендерді аралап жасөпірімдерге ішімдік пен темекі заттарын сатпауға үндейтін парақшалар іліп, сатушылармен сұхбаттасқан. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Заңының 163 бабының 3 тармағына сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сатушылардың басым көпшілігі бұл заңды жақсы біліп, заң шеңберінде сауда жасап жатқанымен арасында заңға бағынғысы келмегендер де бар болып шыққан. Бүгінгі жасөспірімдер – ертеңгі еліміздің болашағы. Сондықтан да елінің ертеңін, ұрпағының саулығын ойлаған азамат тек заң шеңберінде ғана әрекет етері сөзсіз. Жиын барысында әлеуметтік медициналық сақтандыру, орталық аудандық аурухананың бүгінгі жағдайы, денсаулық сақтау саласы мамандарының қызметі туралы да сөз қозғалды. Сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптары да берілді. Семинар соңында барлық жиылған қауым бірлесе жұмыс жасап, жастарды ішімдік пен темекіден, кальян мен электронды темекіден, энергетикалық сусындардан бойларын алыс ұстауға тәрбиелейтіндіктерін айтып тарасты.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».