Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе

Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе

Аудандық «Нұр Отан» партиясының ғимаратына жиналған аудандық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері «Латын əліпбиіне көшудің емлелік мəселелері» туралы семинар өткізіп, тіл тағдырына алаңдаушылық
білдірушілердің айтқан пікірлеріне құлақ түрді. Шараны ашып жүргізген «Қазақ тілі» қоғамның əдіскері Гүлнар Мамырбаева семинардың күн тəртібіне тоқталып, мақсатын түсіндіріп өтті. Аталмыш шараға арнайы келген А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылым-дарының кандидаты Айгүл Бəйдебекқызы негізгі тақырыптың ауанынан аспай, мəселенің мəн-жайын бүге-шігесіне дейін айтып берді.
– Қазіргі кезде латын əліпбиіне көшу мəселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді негізінен үш топқа біріктіріп қарауға болады: оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көлденең тар-тады, бұл «қиындықтарды» мемлекетіміз шеше алатынына сеніміміз мол, екінші біреулері, латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі артықшылықтарын алға тартады, «латын жазуының артықшылықтарын» айтпай-ақ ел біліп, көріп отыр, ал үшінші бір топ, латын əріптерін қазақ əліпбиіне үйлестіру жəне кирилл əріптеріне иек артқан бұрынғы емлеережелерімізге реформа жасауды ұсынып отыр. Латынға көшу туралы жоғарыда
айтылған алғашқы екі мəселеге əр түрлі мамандық иелері белсенді пікір айтса, соңғы үшінші, яғни, латын əріптерін қазақ əліпбиіне үйлестіру ісінде негізінен тіл мамандары белсенділік танытып отыр. Сондай топтың
бірі Талғар ауданында да көкейкесті мəселені көтергеніне алғыс білдіремін, – деген аға ғылыми қызметкер ұлттық бояуы мен реңкін жоғалта бастаған тілге байланысты өткір ойларын ортаға салды. Сонымен қатар қазақ тілінің емлелік ережелерінің кемшін жақтарына тоқтала келе алдағы төл жазуымызда осы ережелерді қалай сақтау керек екендігін айтып өтті. Бұл түсіндіру жұмыстарын бейнероликпен нақтылап қана қоймай ақ қағазға да тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Семинарға қатысушылар да өз тараптарынан ұсыныстарын айтып, дұрыс нұсқасын тезірек қабылдау қажеттігін айтты.

Семинар барысында белсенді қатысушыларға «Тіл білімі институты» мен «Қазақ тілі» қоғамының атынан сертификаттар табыс етілді. Шараны қорытындылаған «Қазақ тілі» қоғамының жетекшісі Рая Байшықова көтеріліп отырған мəселенің қазіргі таңдағы өзектілігін тілге тиек етіп, шақырылған 43 мектептің 23-і бірде бір тіл маманын жіберуге жарамағанын, тілге келгенде жанашырлық танытудың орнына немқұрайлылықтың басым екендігін ашына жеткізді. Алдағы уақытта мұндай шараларды студент жастардың арасында өткізуді жоспарлап, қоғамның қозғаушы күші – жастар арасында насихат жұмысының жүргізілетінін жеткізді.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».