Өткен жылы ҚР премьер–министрі Бақытжан Сағынтаев «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» үкіметтің қаулысына қол қойып, Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеуді 5 қыркүйекке ауыстырған болатын. Ал бұл уақытқа дейін мемлекеттегі Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте тойланатын. Оған осыдан 29 жыл бұрын 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданы себеп болатын. Ол заңда сол кездегі Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілді. Ал 1998 жылдың 20 қаңтарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланған еді.
Бұл датаның 5 қыркүйекке өзгертілуінің де өзіндік себептері бар екен. Бұл күн – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін атап өту қисынға келіп тұр.
Десек те, қалыптасып қалған қағида бойынша тілдер мерекесі биыл да 22 қыркүйек қарсаңында атап өтіліп жатыр. Мемлекеттік мекемелер мен білім ошақтарында аталмыш дата кең көлемде насихатталып, тілдің құдіреттілігі мен қасиеті жайлы баяндалатын салтанатты жиындар жиілей бастады. Солардың қатарында қандай да болмасын айтулы датаны атаусыз қалдырмайтын Талғар медицина колледжі де бар. Мемлекеттік мерекелер мен кәсіби мейрамдарды кең көлемде мерекелеу бұл оқу орнында дәстүрге айналып, қалыптасып келе жатқан жайт. Өткен жылы 316 түлектің қолдарына дипломдарын ұстатып, қанаттандырып ұшырған колледж биыл да дәрігер мамандығын таңдаған көптеген жастарды қуана қарсы алған. Біз куә болған «Тіл – достықтың алтын көпірі» атты мерекелік кешке де студенттік өмірге қадам басқан жастарды қатыстыруды ниет етіп, бойларындағы өнерлерін паш етулеріне, мамандықпен қатар мәдени өмірден де алшақ кетпеулеріне сеп болыпты. Бұл да білім ошағының атап өтер ерекше қырларының бірі. Десек болады.
Мәнді шара Мемлекеттік Гимнмен басталып, жүргізушілердің мағыналы сөздеріне ұласты. Кешті қазақ, орыс, ағылшын тілінде жүргізген студенттер Елбасының үштілділікке өту тапсырмасына қолдау танытыпты. Баба тілінің басты қасиетін де үш тілде түсіндіріп өтті. Құттықтау сөз алған көшбасшы қабілетті ие колледжд директоры, медицина ғылымының кандидаты, аудандық мәслихат депутаты Бағжан Құдабаев ақжарма тілегімен қатар жастардың тілді құрметтеп қана қоймай өсіп-өркендеуіне де белсене атсалысулары керектігін атап өтті. Қоғамдық ортада қазақ тілінде сөйлесіп, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеріп, ана тіліміздің өзге тілдің құрсауында қалмауы керектігін де баса айтты.
Мерекелік шара концерттік бөлімге ұласқан сәтті жастардың бай өнеріне тәнті болдық. Интернационалды түрде өрбіген концертте әр ұлттың биі де, әні де, өлеңі де көрініс тапты. Кәріс, өзбек халқының билері нақышына келтіре орындалды. 108 топ студенті Шалдарбек Бақдәулет «Алға, Қазақстан» де ана тілінде ән шырқап тәнті етсе, ағылшын тілінде ән салған Мадияр Алтынбектің өнеріне көрермендер риза болды. Ал өнерімен ғана емес, залды баурап алатын батыл қылығымен де есте қалған Азиз Исрапиловтың орындауында «Мой Казахстан» әні шараның көркін қыздырды. Жастар поэзиядан да құралақан емес екен. бірі ақындардың тіл жайлы тебіренген жырларын мәнерлеп оқып берсе, бір тобы өзі шығарған өлеңдерін мерекеге арнайы тарту етті. Азамат Болатовтың орындауында «Мен –қазақпын» деген патриоттық әнімен шара шымылдығы жабылды.
Аталмыш колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жандос Самбетов пен музыкант Ернат Кенжебаев ұйымдастырған шара жинақылығымен ғана емес мән-мазмұнымен де есте қаларлықтай болды.
Атап өтейік, шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Құрманғазиев пен аудандық жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Жансар Сәрсенбаева қатысты.
М.Бөлек.