«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді дана халқымыз. Сол айтпақшы, елі үшін еміреніп еңбек еткен, бар саналы ғұмырын Отан қорғау ісіне бағыштаған, атақ пен даңққа қызықпай, шындық пен әділдікті ту еткен айтулы тұлға генерал –лейтенант Сапаров Мәлік Мұхамеджанұлының өнегелі өмір жолы көпке үлгі. Осы аптада Қызыл ту ауылындағы №24 орта мектебінде айтулы тұлғаны еске алу кеші болып өтті. Көзі тірі болғанда Мәлік Мұхамеджанұлы қыркүйек айының 15-і күні 60 жасқа толар еді. Жасындай жарқ етіп өте шыққан қысқа ғұмырында елі үшін атқарған елеулі қызметі ел есінде. Соның бір айғағы «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталмыш білім шаңырағында өткен «Елі үшін туған ер еді…» атты әдеби-музыкалық кеш дер едік.
Сахна төрінде Мәлік Сапаровтың суреті, оның астында «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» деген қанатты сөз жазылыпты. Акті залдың оң қанатында марқұмның өмір белестерінен сыр шертетін суреттерден арнайы тақта жиналғандар назарына ұсынылған. Айтулы іс-шараға Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары Сәуле Мықтыбаева, марқұмның туған әкпесі Сара Сапарова, ауылдық мешіттің бас имамы Алмат Жақсылықұлы, қамқорлық кеңесінің төрайымы Ботокөз Қырбасова, мектеп директоры Ажар Қойшыбекова, сондай-ақ ұстаздар мен мектептің жоғары сынып оқушылары көптеп қатысты. Қос жүргізуші болған мектеп ұстаздары Айгүл Тельтаева мен Айнұр Қайыпназарова еске алу кешінің мәні мен мазмұнын айшықтайтын өрелі сөздермен сахна шымылдығын түрді. Асқақтай Әнұран шырқалды. Мектеп оқушысы Бану Ақмолданың орындауында «Қазағымсың» атты патриоттық ән орындалып, тыңдарманның көңілін бір серпілтіп тастады. Осыдан соң сазды әуеннің үнімен марқұм Мәлік Сапаровтың өнегелі өмір жолынан сыр шертер мағлұматтар айтылып, ілеспе түрде экран арқылы слайдтар көрсетілді. Жиналғандар назарына абзал азаматтың кіндік қаны тамған туған ауылы, балалығының бал дәурені өткен отбасы, алтын ұя мектебі, аяулы ата-ана, бауыр-туыстың ортасындағы шуақты күндері, Отан алдындағы әскери- азаматтық борышын өтеген жылдары,одан кейінгі ат жалын тартып азамат болған кезіндегі білім биігі мен әскери қызметтегі қол жеткізген жетістіктері бәрі-бәрі әсерлі сезіммен айшықтала ұсынылды. Жиналған қауым марқұмды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Мәлік Сапаровтың өмірдерегіне көз жүгіртер болсақ, ол 1958 жылы 15 қыркүйекте Қызыл ту ауылында дүниеге келген. Әкесі Мұқамеджан ҰОС ардагері, анасы он бір баланы дүниеге әкелген алтын құрсақ Ана. Мәлік Мұхамеджанұлы 14 жасында Свердловскідегі Суворов училищесіне түсіп, оны 1973 жылы үздік үлгеріммен аяқтайды. Одан соң 1979 жылы И.Конев атындағы Алматы жоғарғы жалпы әскери командалық училищесін бітіреді. 1985-1988 жылдары М.В.Фрунзе атындағы әскери Академияны тәмамдап, 1997 жылы Ресей Федерациясының Қарулы Күштері ал 1997 жылы ресей Федерациясының Қарулы Күштері Бас Штаб Академиясын «Алтын медальға» бітірген қазақ баласы. Осыншама білім дәрежесін меңгерген Мәлік Мұхамеджанұлы бар ғұмырын әскери қызметке арнаған жан. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру ісіндегі еңбегі ерен. Жауапты қызметтерді абыроймен атқара білген ол 2001 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, ҚР Қорғаныс Министрінің 1-ші орынбасары қызметін атқарған. М.Сапаров биік тұлғалы азамат әрі генерал ретінде өзін нағыз әскери қолбасшы дарын иесі екендігін көрсете білді. «Даңқ» ордені мен «Алтын» медаль, бас-аяғы 11 мемлекеттік награда генералдың кеудесінде Отан алдындағы әскери еңбегінің айқын жемісіндей жарқырады. Айта кету керек, жас ұрпақты елжандылық рухта тәрбиелеу мақсатында аталмыш мектеп қабырғасында … жылы М.Сапаровтың өмірі мен еңбегіне арналған мұражай ашылған болатын. Осынау игі істің ұйытқысы болған марқұмның туған келіні, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Шайзат Калыковаға ел-жұрты разы. Биылғы жылы М.Сапаровтың 60 жылдығына орай еске алу іс-шаралары аясында аталмыш мұражайдағы жинақталған құнды дүниелер Астана қаласында арнайы ашылған мұражайға берілді .
Әдеби-музыкалық кеш патриотық әндермен әрленіп, ел құрметіне бөленген азаматтың рухына арналған арнау өлеңдер оқылды.
Кештің екінші бөлімі «Алатау аясында «ән-би ансамбілі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Жезтаңдай әншілердің туған жер, Отан жайында шырқаған патриоттық әндері мен жүректі тебірентер халық әндері, қос ішектен күмбірлей төгілген күй жүректерге жетіп, іс-шараның ажарын айшықтай түсті.
Осылайша, аталмыш іс-шара ер есімі ел есінде мәңгі сақталатынын, жас ұрпақ үшін алдыңғы толқын аға-апаларының ұлағатты өмір жолдары қашанда үлгі –өнеге болатынын тағы бір айғақтап берді.
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат