Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен тәуелсіз Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағытта үлкен бағдарламалар қолға алынып, көптеген игі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мұндағы түпкілікті мақсат– барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын, мәдениеті мен білім деңгейін, денсаулығын күшейту, өркениет үрдісіне сай ғылым мен техниканың өркен жаюын мықтап қолға алу. Әсіресе, жергілікті елді мекендерді дамытуға, онда орын алған әлеуметтік проблемаларды шешуге қатысты игі жобалар мен нақты іс-шаралар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы орайда, біз тағайындалғанына көп бола қоймаған ауданымыздың әкімі Сатбаев Рыскелді Ахметқалиұлын әңгімеге тартып, ауданның тыныс-тіршілігі мен атқарылып жатқан жұмыстар, алға қойған жоспарлар жайын әңгімелеп беруді сұраған едік.
— Құрметті Рыскелді Ахметқалиұлы ауданымызға әкім болып келіп, басшылық тізгінін қолыңызға алғаныңызға жүз күннен асыпты. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазылмаған заңы бойынша басшылыққа келген азаматтардан жүз күннен кейін сұхбат алу дәстүрі бар. Сол дәстүрге сай өзіңізбен кездесіп отырмын. Енді өзіңіз басшы болған уақыттан бері ауданымызда қандай жұмыстар атқарылды және алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?
— Алдымен барша талғарлықтарды мемлекеттік мерекеміз Қазақстан Республикасының Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз тәуелсіз, еркін, гүлденген елде өмір сүрудеміз. Ұлтаралық татулығымыз нығая түсуде. Осы жетістіктеріміздің негізі Ата Заңымызда жатыр. Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтап, зор денсаулық, бейбіт өмір, отбасыларыңызға ырыс пен ынтымақ, бақ-береке тілеймін!
Талғар ауданы – ежелден тамыры тереңге жайылған тарихы бар, табиғаты тамаша өңiр. Бұл ауданға мені тағайындағанда облыс басшысы барлық аудан әкімдеріне қоятын талап пен міндеттерді қойды. Бұл маған үлкен жауапкершiлiк жүктейдi. Сондықтан менiң негiзгi мақсатым – осы сенiм үдесiнен шығып, халыққа адал қызмет ету. Ауданның әлеуметтік экономикалық жағдайын көтеру, халықтың тұрмыс дәрежесін жақсарту. Әрине, туындаған мәселелерді толық түсiнiп, зерттеп алмай оны шешу мүмкiн емес. Күрделi мәселелер қашанда болады, соның iшiнде бiздiң ауданда да бар. Сондықтан ең алдымен ауылдағы жағдайларды өз көзiммен көрiп, танысу үшiн барлық елдi мекендерге жұмыс сапарымен барып қайттым. Сала басшыларын қабылдап, тиiстi мамандармен кеңесiп, проблемалық мәселелердi шешуге талдау жасадық. Аудан деңгейінде шешілетін негізгі мәселелер нақтыланды. Оны алда рет-ретімен шешетін боламыз. Ал аудандық деңгейде шешілмейтін мәселелердiң оң шешiмiн табуына облыстық салалы басқармалармен жұмыс жүргiзiлуде. Бірқатар жобаларымызды республикалық бюджеттен қаржыландыру күтілуде.
— «Қыстың қамын жаз ойла» дейді дана халқымыз. Жадыраған жазда бітіп, күрең күз төбесін көрсете бастады. Қаһарына мінген қыс та алыс емес. Өткен жылы қыс қатты болып, аудан жұртшылығын әбден әбігерге салған болатын. Биылғы қысқа дайындық қалай жүріп жатыр?
— Дұрыс айтасыз, өткен жылы қыс қатты болды және осының салдарынан аудан жұртшылығы алдында талай күрделі мәселелер туындады. Осы жылы біз сондай қателіктерді болдырмауға тырысамыз. Қазіргі таңда жылыту маусымына дайындық жүйелі түрде, алдын ала белгіленген жоспар бойынша жүргізілуде. Біріншіден, көпқабатты үйлердің тұрғындарымен 20-дан аса жиын өткізіліп, олардың жертөлелері мен жылыту жүйелерін қысқа дайындау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Талғар қаласы бойынша 97 көпқабатты үйдің жертөлелері мен жылыту жүйелері тексеріліп, оларды тиісті жағдайға келтіру үшін шаралар ұйымдастырылды. Осындай жұмыстардың арқасында 30 жертөле тазаланып, 68 көпқабатты үйге ескерту берілді. Қазіргі таңда Талғар қаласы бойынша 166 көпқабатты үйден 31 пәтер иелері кооперативтері құрылып, оның 11-і тиісті құжаттарымен тіркелген. 24 пәтер иелері кооперативтері қазіргі таңда құжаттарын рәсімдеуде. Осы жылы толығымен газбен жылытуға «Бозторғай» және «Мелиоратор» ықшам аудандары қосылады. Ол – былтырғы жылы қыстан ең көп зардап шеккен 23 көпқабатты үй. Сонымен бірге 10 шақты үйлер өз еркімен газбен жылытуға қосылуда. Бұл да бір жақсы үрдіс. Келесі жылға Талғар қаласы бойынша 79 көпқабатты үйге газбен жылыту жүйесіне қосуға өтінім беріп отырмыз. Осылайша біртіндеп көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауданымызда көмір мәселесі де түйіткілді шаруалардың бірі. Қазіргі таңда ауылдық округ әкімдері бұл жағдайды әрдайым бақылауда ұстауда, көмір тапшылығын болдырмау мақсатында тиісті шаралар жасауда. Атап айтсақ, бүгінгі күні көмір базаларында 600 тонна көмір бар. «Шұбаркөл» маркалы көмірдің 1 тоннасы 17500 теңгеден, «Қаражыра» 17000 теңгеден сатылуда. Аудан бойынша 45 мыңдай жеке үй бар, олардың көмірге деген сұранысы 136 мың тоннаны құрайды. Қазіргі таңда аудан бойынша 33 мың тонна көмір өндірілген. Ауданда 2 ірі көмір базасы және тұрғындарға көмір сатумен айналысатын жеке меншік кәсіпорындар баршылық. Біздің болжауымызша осы жылы көмір тапшылығы болмауы тиіс.
— Ауданымызға алғаш келгенде «Алматы-Талғар» күре жолының төрт жолақты болып кеңейтілетінін айтқан болатынсыз. Мұны естіген аудан жұртшылығының қуанышында шек болмады. Себебі тұрғындардың көпшілігі Алматы қаласына барып жұмыс жасайды. Оқуға қатынайтын студенттер де бар. Екі ортада күн ұзаққа кептеліс болып, елді әбден әбігерге салып келеді. Сондықтан төрт жолақты күре жол түссе бұл өзекті мәселе шешімін табар еді. Осы мәселе турасында айтып берсеңіз? Жол кеңейтілген уақытта жол бойындағы сауда орындары мен тұрғын үйлер сүріле ме?
—Бұл да – өте күрделі мәселелердің бірі. Алматы – Талғар трассасының тарлығынан талай адамның тағдыры қиылған. Әсіресе, таңғы және кешкі уақыт кезінде көлік кептелісінің салдарынан жолға сыймай, соқтығысу сәт сайын қайталанып тұрады. Екі ортадағы Бесағаш, Белбұлақ сынды жеті ауылдың жұртына жолдан өту қиын. Қазіргі кептелісті кетірудің ең оңтайлы әдісі — екі жолақты жолды екі есеге кеңейту. Бұл жолмен тәулігіне қырық мың көлік арлы-берлі жүйткиді. Жарты ғасыр бұрын жасалған жолда жүретін көліктердің саны осы уақытқа дейін жүз есеге өссе де, кеңейтілмеген. Тек жыл сайын жеңіл жөндеу көретін жолда күнде кептеліс пен қақтығыс орын алып жатады. Тек биылдың өзінде Тұздыбастау – Талғар аралығында жиырмадан астам ауыр жол көлік оқиғасы орын алған. Бұл өткен жылдың жеті айымен салыстырғанда, бір жарым есеге артқан көрсеткіш. Осы мәселені шешу үшін біз республикалық деңгейге шығып отырмыз. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Өксікбаев Омархан Нұртайұлы, Балиева Зағипа Яхияновна, Бектұрғанов Әбдіманап Елікбайұлы және Нурумов Шаймардан Усаинұлының ауданымызға жұмыс сапарлары барысында, осы мәселені шешуге ықпал етулерін сұрадық. Бұл жол негізінен республикалық маңызы бар жол, сондықтан да «ҚазАвтожол ҰК» АҚ-на қарайды. Олардың айтуынша қазіргі таңда жолды кеңейтіп қана қоймай, аялдама, көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолын реттеу де қарастырылуда. Жол бойындағы сауда орындары мен тұрғын үйлерге келетін болсақ, «ҚазАвтожол» өкілдерінің айтуы бойынша жолды кеңейтуде сауда орындары мен тұрғын үйлер тұрмақ, жол жиегіндегі ағаштар да зардап шекпейді. Ол дегеніміз жолды еш қиындықсыз кеңейтуге мүмкіндік бар деген сөз. Тағы айта кететін жайт, қос қаланың аралығы 25 шақырым болса, кеңейту кестесіне оның тек 12 шақырымы ғана кіріп отыр. Әзірше, тек Тұздыбастау мен Талғар аралығы ғана төрт жолақты жолға айналады деген жоба қарастырылуда.
— Ауыз су мәселесі ауданымыздағы өзекті мәселелер қатарынан түскен емес. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін басшылықтан қомақты қаржы сұрап отырғаныңыздан да хабардармыз. Қаржы бөлінген жағдайда қай ауылдардың ауыз су мәселесі шешіледі?
—Бұл – республика бойынша елді мекендердегі үлкен мәселе. Ауыз су мәселесі осы соңғы жылдары аудан бойынша өршіп кетті. Бізде өз тарапымыздан осы салада, осы мәселені шешу үшін бірталай жұмыстар атқарудамыз.
Ең бастысы осы жылдың соңына дейін 2014 жылғы селдің себебінен істен шыққан Талғар ГЭС-і өз жұмысын жандандырады. Инвесторлардың арқасында («Алматы Инжиниринг») 210 млн теңгеге осы станцияны қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жұмыстар аяқталайын деп қалды. Бұл станция Талғар қаласының су және электроэнергия тапшылығын азайтуы тиіс. Сонымен бірге, көбінесе басты қиындық туғызып отырған жайт – су құбырларының ескіргені. Сонау 70-ші жылдары салынған құбырлары әбден тозып біткен. Сондықтан да, 1 млрд 018 млн теңгені құрайтын үлкен су құбырын тарту жобасы бар. Қазіргі таңда 8,8 шақырымды құрайтын жоба дайын, тек қаражаттың бөлінуін күтуде. Бұл жоба іске асқанда Талғар қаласы мен қала маңындағы 12 елді мекен толығымен сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
— Қызметіңізге кіріскен бетте ауданымыздағы заңсыз сауда нүктелерін жоюмен күресті бастадыңыз. Бүгінде қаламыз біраз ретке келіп қалды. Әсіресе, орталық базар маңы біршама жөнге келді. Сондай сауда орындары қаламыздағы Бокин көшесінде де орын тепкен. Сол дүңгіршектер қаншалықты заңды орналасқан?
— Бұл жерде бір айта кететін жайт — 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының қызмет көрсету саласын дамыту үшін бағдарламасы бар. Сол бағдарлама негізінде барлық сауда орындары қазіргі заманғы сауда форматтары бойынша нормативтік талаптарға сәйкес болуы тиіс. Заңсыз сауда нүктелері – ол көне заманның белгісі. Қазіргі кезеңнің талаптары басқаша. Елбасы өзінің соңғы Жолдауында айтқандай біз қазіргі заманның талаптарына дайын болуымыз тиіс. Сондықтан да, сауда нүктелерін оңтайландыру бойынша бізді алда көп жұмыстар күтуде. Соның ішінде Бокин көшесіндегі сауда орындары да тексерілді. Заңсыз тұрған дүңгіршектер алынып тасталды. Қалғандарына заман талабына сай қалыпқа келтіру үшін жобалар жасауға ұсыныс жасалды.
— Адам баласы үшін баспаналы болу үлкен бақыт. Ауданымызда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны еселеп артуда. Талғар қаласында бой көтеріп жатқан жаңа ықшамауданға инвесторлар тарту арқылы көпқабатты үйлер түседі деп жоспарланып жатқанынан тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы хабардар болып отыр. Жұртшылықтың осы мәселе тұрғысында көп білгісі келеді?
— Қазіргі таңда тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету — ауданның басты мәселелерінің бірі болып табылатыны бәрімізге мәлім. Бүгінгі күнге, барлығы аудан бойынша 2775 адам мемлекеттің тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте тұр, ал 27327 адам жер телімін алуға кезекке тіркелген. Осы мәселені шешу – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Осы жылы Талғар қаласында 60-пәтерлі көпқабатты тұрғын үй қолданысқа беріледі. Бүгінгі күнге осындай тағы 6 көпқабатты үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Олардың үшеуі 60-пәтерлі арендалық үйлер, екеуі 50-пәтерлі арендалық үйлер және бір 60-пәтерлі кредиттік тұрғын үй. Бұлардың құрылысына қаражат 2019 жылы бөлінеді деп жоспарланып отыр. Жаңа ықшам ауданның жобасы әлі бекітілген жоқ, бірақ бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бірнеше инвестормен кездесу өткізіліп, әртүрлі деңгейдегі банктермен («Тұрғын үй жинақ банкі», «Нұрбанк») жұмыс жасалуда. Басты назарда, әрине Елбасының «5 әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде айтылып кеткен қолжетімді баспаналарды тұрғызу. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Соның бірі «7 – 20 – 25» бағдарламасы. Осы бағдарлама арқылы көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа айналады.
— Ауданымызға көгілдір отын келгелі бері жұртшылық қызығын көре бастады. Ендігіде көп қабатты үйлер де газға қосылуға ниеттеніп отыр. Бірақ ол оңайға соғып жатқан жоқ. Әкімшіліктің де араласуын қажет етіп отыр. Газдандыру мәселесіне қатысты аудан әкімдігі тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
-Талғар қаласында 163 көпқабатты үй бар және оларды жылу жүйесіне барлығын бір уақытта қосуға техникалық мүмкіндік жоқ. Сондықтан да, жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2016 жылы 18 үйге газбен жылыту жүйесі жүргізілді. Жеке орталық қазандық салынды. Биыл көгілдір отынға «Мелиоратор» және «Бозторғай» ықшам аудандары толығымен қосылады, ол дегеніміз тағы да 23 үй (модульдік қазандықтарды салу және жертөлелерге дейін жылыту жүйесін жүргізу мемлекеттік қаражат арқылы жүзеге асады, ал одан кейінгі қосылу тұрғындар есебінен жүргізіледі). Бұдан бөлек, 10 үй жеке аулада өз күштерімен қазандықтар салуда. Осылайша, осы уақытқа, шамамен қала бойынша 100 үй газдандырылмаған. Бұл мәселені шешу үшін 2019 жылға 79 көпқабатты үйлерді газға қосу жоспарланып отыр (облысқа тиісті өтінім берілді), бұл негізінен «Автобаза» және «Абай-Бокин» ықшам аудандары. Осы мақсатта 17 қазандық салынатын болады.Бұл жерде ең басты әңгіме – тұрғындар өз тарапынан пәтер иелері кооперативтерін құрулары керек. Кооперативтер құрылмағанша бұл мәселені шешу қиын болады. Әкімшілік өз тарапынан жәрдемдесуге дайын.
— Көп қабетты үйлер десек жұрт тек Талғар қаласын ғана ойға алады. Дегенмен ауданымыздың Бесқайнар, Бесағаш, Панфилов, Кеңдала және Қайнар ауылдарында да көпқабетті үйлер бар. Оларды газдандыру мәселесі қалай шешілуде?
Талғар қаласындағы «Мелиортаор» және «Бозторғай» ықшам аудандарын орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу пилоттық режимде жүргізілуде. Ал аудан бойынша қазіргі таңда 252 көпқабатты үйлер тіркелген. Оның 163-і Талғар қаласында орналасқан, қалғаны осы айтылып кеткен ауылдық округтерде. Жоспар бойынша осы тұрғын үйлердің барлығын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу 2019-2021 жылдарға жоспарланып отыр.
— Заман көшінен қалмай әлемдегі дамыған елдермен тереземізді тең ұстауға ниеттеніп отырмыз. Электронды ақпараттық жүйе күн өткен сайын дамып келеді. Сіз де жаңа заман талабына сай әлеуметтік желіні тұрақты қолданасыз ба?
— Әрине, қазіргі заманның талабына сай болуға барынша тырысамыз. Жұмыс көп болғандықтан әлеуметтік желілерді тұрақты пайдаланамын деп айта алмайм, бірақ уақыт болғанда фейсбукте отырамын. Сонымен бірге, басқа да интернет ресурстарда, көбінесе жаңалықтар мен аналитикалық материалдар оқимын.
— Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
— Шынын айтқанда бос уақыт көп бола бермейді, бірақ сол бос уақытты табуға, бір жұмыстан демалып, бойды сергітуге аз болса да уақыт табуға тырысамын. Мысалы аптасына екі рет жұмыстан кейін әкімшілік қызметкерлерімен бірге жасыл алаңда футбол ойнаймыз. Бұл да бір демалыс.
— Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?
Көбінесе ғылыми зерттеулерді оқығанды жақсы көремін. Соңғы оқыған туындыларым негізінен белгілі тарихшы-этнолог Лев Николаевич Гумилевтың еңбектері.
— Қандай басылымдарды, яғни газет-журналдарды үзбей оқисыз?
— Ең бірінші ауданның жағдайымен таныс болу үшін аудандық «Талғар» газетін, сонымен бірге облыстық көлемдегі «Жетісу» және «Огни Алатау», «Егемен Қазақстан», «Казахская правда», «Айқын», «Литер», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Түркістан», «Жас Алаш», «Қала мен Дала» газеттерін үзбей оқимын. Сонымен бірге интернет басылымдарды, оның ішінде, әсіресе «Тенгриньюс», «Нұр кз», «Казинформ», «Лента ру», «Закон кз» секілді порталдарды үнемі бақылап, жаһандық жаңалықтардан қалыспауға тырысамын.
— Ауданымыздың айнасы саналатын жергілікті «Талғар» газетінің жарық көре бастағанына биыл 83 жыл. Бірер жылда 85 жылдығын атап өтеді. Бүгінде газет редакциясы ғимаратты жалға алып отыр. Осы мәселені неше жылдан бері көтеріп келеміз? Журналистердің тілегін ескеріп, редакцияға тиеселі ғимарат мәселесін шешу мүмкін бе?
— Ия, редакцияға жаңа ғимарат керек екендігі бізге мәлім, бұл бағытта да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда Талғар қаласында бір ғимарат қарастырып отырмыз, бірақ оның құжаттарын реттеп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Әзірше нақты айта алмайм, бірақ ғимарат бар және осы 1-2 жылда бұл мәселе шешімін табатын болады.
— Әңгімеңізге рақмет!
Бақтияр ҚАБАСОВ,
«Талғар».