«Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры» емес пе? Әрбір ата-ана баласының сәби кезінен жақсы тәрбие алып, балабақшадан әріп танып, мектепке дайын күйінде баруын қалайды. Бірақ жас сәбидің тәрбиесіне үлкен үлес қосатын мектепке дейінгі дайындық мекемелері тапшы екені тағы рас. Тек Қазақстан тәуелсіздік алғалы жер-жерлерде мемлекеттік балабақшалармен қатар жеке кәсіп иелері қолға ала бастаған балар орталығы да бой көтере бастағаны көңіл қуантады. Өткен аптаның сейсенбісі күні Кеңдала ауылының батыс бөлігіндегі жаңадан бой көтерген мөлтекаудандағы көше бойында «Жан ана» атты әсем де көркем екі қабатты балалар орталығы есігін айқара ашты. Түрлі-түсті шарлармен көмкеріліп, ғимарат алды дала гүліндей қызылды-жасылдщы әсем дүниеге малынған салтанатты кештің алғашқы сөзін алған аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Алғатбек-ұлы осы әсем ғимаратты тұрғызған кәсіпкер Тілеуберді Рахымбердіұлы басшылық ететін «Медий Империя» ЖШС-на және осы «Жана ана» балалар орталығының басшысы Болат Нәкеевке алғысын айтып, ғимарат іші жас сәбидің үнімен тербетіліп тұруына тілектестігін білдірді. «Жас ана» балабақшасы 180 сәбиге арналып салынған. Екі қабатты әсем үйдің барлық бөлмелері сәбиге өте жайлы екені көзге анық байқалып тұр. Осы салтанатты кеште ауыл тұрғындары атынан сөз алған еңбек ардагері, 80 жастағы әже Күлән Тағаева: «Шырақтарым, халқымызда: «Бір күндігіңді ойласаң – күріш ек, он жылдығыңды ойласаң – ағаш ек, ал жүз жылдығыңды ойласаң – ұрпағыңа жақсы тәлім-тәрбие бер» деген сөз бар. Осындай сәбилер үшін аса қажет балабақшаны халық игілігіне ұсынған Болат пен Тілеуберді ұлдарыма аналық алғысымды білдіремін»,- деп жылы лебізін білдірді. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, 90 жастағы әже Клара Бөрібайқызы балаларына ақ батасын берді. Балабақшаның лентасын қию рәсімі Талғар ауданының «Құрметті азаматы», аудандық қоғамдық Кеңес төрағасы Қалимолда Байболов пен аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Алғатбек-ұлының еншісіне тиіп, жиналған жұрт балалар орталығына енді. Бірінші қабаттағы «Балбөбек» сәбилер бөлімінде 1-2 жас аралығындағы 25 бала тәрбиеленуде. Оларға тәрбиешілер Нұрсұлу Дүйсенбаева А. Сәрсенбиновалар және бала күтуші Үрзада Шегелекова үшеуі қарайды. Тауықтың жаңа туған балапандарындай есікке қарай жаутаң-жаутаң қарайтын 1-2 жас аралығындағы сәбилерді тәрбиелеу үшеуіне де оңай соқпасы байқалады. Ал 2-4 жас аралығындағы сәбилер тобындағы жоғары білімді тәрбиеші Үміт Шомбаева мен бала күтуші Әсел Көпбаева ән сабағын өткізіп, қойдың қозысындай жамыраған сәбилер «Қошақаным қайда екен?» әнін жамырай шырқады. 1-2 жасар сәбилер жиналған «Балбөбек» тобы мен 2-4 аралығындағы балалар топтасқан «Ақбота» тобы және қазақ-орыс тілінде тәлім-тәрбие берілетін «Солнышко» тобында да балалар толық екен. «Солнышко» тобында 15 бала тәрбиеленетін болса оларға жоғарғы білімді Бота Алқожаева мен көмекшісі Гүлзира Шыныбаевалар балаларға би билетіп, ән айтқызып, тақпақ жаттатқызып, түрлі өнерге баулуда. Біз барғанда осы топтың 10-15 сәбилері хореограф ұстаздарымен бірге би залында әуезді әуен сазымен мың бұрала билеуде еді. Не десек те, бұл сәбилер орталығы ата-аналар үшін де, жас сәбилер үшін де жақсы тәрбие болатынына көз жеткіздік.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».
1 Пікір
Нұржан 15.08.2021 at 20:18
Сәлеметсіздер ма
Сіздерге жұмысқа музыкант аласыздар ма