«BLOGCAMP Alakol summer school» атты шара өтті.

«BLOGCAMP Alakol summer school» атты шара өтті.

Алматы облысында екінші жыл қатарынан Алакөл көлінде «BlogCamp — Alakol summer school»  шарасы өтті. Шараға белгілі блогерлер, баспасөз хатшылары мен республикалық, өңірлік БАҚ өкілдері, ақпарат саласының белсенді тұлғалары қатысты.  Ақпарат саласының мамандары Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған бағыттарын насихаттауда қандай жаңа ақпараттық құралдарды қолдану керектігі жөнінде де өзара пікір алмасты, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Электронды бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен белгілі блогерлер шеберлік сағаттарын өткізіп, өзара тәжірибе алмасты.  Бүгінгі күннің басты талаптарының бірі – әлеуметтік желіні тиімді пайдалану. Сондықтан медиа шараға қатысушылар осы тақырыпты қызу талқылады.

«Бұл шараның басты мақсаты – жаңа медиаақпарат толқынындағы өзекті, әлеуметтік желіде, заманауи мессенджерде трендте жүрген азаматтарымызбен, республика көлеміндегі өзіміздің жергілікті меншікті тілшілеріміз болсын, блогерлеріміз болсын, баспасөз хатшылары болсын, бәрінің басын қосып, тәжірибе алмасу. Тұрғындардың дені бұрын ақпаратты мерзімді баспасөз бен телерадиодан алып келсе, қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Жаңалық ел ішіне жылдам тарайды. Алайда бұрмаланып жететін ресми емес ақпарат та аз болмай тұр. Сәйкесінше әлеуметтік желі пайдаланушыларының мәдениетінің төмендігі де көрініс бере бастады», деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.

Ал, саясаткер  Ербол Еділов айдынды Алакөлдің шипагерік қасиетіне, көркіне тамсанып қана қоймай, жаздық мектеп қатысушыларымен тәжірибе бөлісті.

«Ақпарат деген интернет арқылы тез тарайды ғой. Нетворкинг деген мәселе бар. Сен қанша жерден Гарвардты бітірсең де, адаммен қарым-қатынас болуы керек, сөйлесіп білу керек. Сондықтан адамдардың бір-бірімен қарым қатынасы жақсы болуы керек. Елімізге ғаламдық үрдіспен бірге келген интернет журналистиканың да бірнеше бағыты, өзіндік міндеті мен талаптары, ережелері бар. Сондықтан бұл сала жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқытыла бастады», — деді Ербол Еділов.

«Біздің міндетіміз – қоғамды ілгерілетуге күш салу. Бұл тұрғыда Алакөл жағасында ұйымдастырылған жазғы мектеп шарасының берері мол. Мұндай басқосулар еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып тұрса құба-құп», – дейді жиынға қатысушылар.

Талғар-ақпарат