Газетіміздің өткен санында Нұрадағы жарқын тірліктің айнасы болып жүрген «Ғасырлар үйіне» қонаққа барып, көрген көзайым жұмыстарды қуана жариялаған едік. Осы аптада түтіні түзу, тірлігі қызу Тұздыбастаудың тамаша жетіктеріне, оның ішінде өткеннен сырт шерткен мұражайына саяхат жасадық. 20 мыңға жуықтап қалған округ халқының ғана емес аудан тұрғындарының да қызығушылығын тудырған тарихи-өлкетану және этнографиялық мұражайдың ашылғанына үш жыл ғана болса да құнды жәдігерлері көз сүйсінтеді екен. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасын мәдениет қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қолдап, бір күндік жұмыс күнін мұражай еншісіне берген едік, одан өкінген жан болмады. Керісінше, көрген рухани дүниеміз бен білгеніміз санамызды жаңғыртып, бабалардың рухты өміріне бас игізді. Ендеше, сөзбен өрілген саяхатқа сіз де қанығыңыз!
Қазіргі таңда халықтың ұлттық санасы оянып, археологиялық ескерткіштер мен тарихи-мəдени мұраның бай дүниесіне ұмтылысы күн санап дамып жатқаны рас. Аталмыш мұражайдың жетекшісі зейнеткерұстаз Несіпбала Құрманова мен ауылдық Мəдениет үйінің директоры Маргарита Исабаеваның да бұл мақсаттағы жұмыстары жан семіртеді. Өткенге құрметпен қарап, бүгінгіні қадірлеп, келешектің қамын ойлауды халықтың санасына қайта жаңғыртып, тарихы терең аймақтың ішкі сырын жастар санасына жеткізе білуде де еңбектері орасан. Мұражай ашуды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуының бір тармағы іспетті қылмай, келушілерге есігі ашық рухани ордаға айналдырмақ болды. Несіпбала апайдың ізгі ниетін іліп алған округ əкімшілігі мен ауылдық Мəдениет үйінің басшылығы бірден іске кірісіп, құнды жəдігерлерді жинақтап, ауылдың тарихына, мəдениетіне елеулі үлес қосқан азаматтардың өмір жолы мен еңбек жолын зерттеп, ауылдағы айтулы оқиғаларды жинап, топтастырды. Берекелі іске ауыл болып кірісті десек артық айтқандығымыз емес. Тұрғындар қолда бар көне заттарды мұражайға табыстап, «жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын» көрсете білді. 2016 жылы 22 наурызда есігін ашқан мұражайдың осы уақыттқа дейінгі жиналған экспонаттары шынымен-ақ тынымсыз еңбектің жемісі екендігін айғақтап тұрғандай.
КӨНЕНІҢ КӨЗІН ҚАСТЕРЛЕГЕН ЖАН
Бізді күлімдеп қарсы алған мұражай жетекшісі Несіпбала апайымыз кезекті еңбек демалысынан келе сала жаны сүйетін тірлігіне кірісіп кетіпті. «Бір-бірімізді сағынып қалыппыз» деп əр бұйымын «еркелетіп» қояды. ҚХР Сүйдін ауылында өмірге келіп, 9 жасында ата-бабасының туған жері – Сарыбастауға көшіп келген екен.
– Бала кезімде əкем: – «Біздің жеріміз бұл емес, бізді келіп орыстың қыздары алып кетеді. Сендерді «көңкеге» (машина) салып алып кетеді. Өз туған жерімізге барғанда бір-бір «шайтаншақ» (велосипед) алып беремін» деп айтатұғын. Біз соған қуанатынбыз. Орыстың қыздарын көрсем, «здрəсті» деп амандасатынмын. Ертеңгісін, түсте те, кешкісін жұмыстарынан қайтып бара жатқанда да кездейсоқ шыққан адам сияқты амандасып жататынмын. Мені байқаса екен, мені тезірек елімізге апарса екен деген тілегім ғой бала кезгі. Бірге ойнайтын қытайдың қыздарын қызықтырып, «біз өз жерімізге кетеміз, сендер қаласыңдар. Апам маған сөлкебай соқтырып қойды. Сендердікі сияқты қысқа шашпен жүрмеймін. Өсіріп, сөлкебай тағатын боламын» деп мақтанады екенмін,- деп Несіпбала апай өзі жайлы да аз-кем сыр шертіп.
Шынында, күндердің бір күні «көңкеге» отырып, туған жерге оралады. Іле арқылы пароммен өтіп, Сарыбастауға қоныстанады. Дегенмен бірінші сыныптың бірінші тоқсанын аяқтаған соң Ұзынбұлақ деген ауылға көшіп келіп, сол жерде балалық шағы өтеді. 1969 мектепті аяқтап, Калинин колхозына (қазіргі Тұздыбастау) келеді. Алғашқы жылында оқуға түсе алмай, колхоздың еңбекші əйелдерімен бірге қолына кетпен-күрегін алып, бел шешпей еңбек етеді. Адам қолынан келетін еңбектің қай-қайсын да ауырсынбай, жастығына қарамай жанын бере атқарғандықтан да ауылға сыйы артады. 1971 жылы əлФараби атындағы ҚазМУ-нің тарих факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтап шығады. Дипломын алған соң еңбек еткен Тұздыбастауына оралып, №31, 13 мектептерде ұстаздық қызмет атқарады. Зейнеткерлікке де абырой биігінен аласармай жетіп, бүгінде жүрегі сүйген тарихтың келелі беттерін қалың көпшілікке ұсынып, өлке танытуға негіздеген өлкетану мұражайын ашып, өрелі істерімен ел сүйіспеншілігіне бөленіп отырған жайы бар. Отбасының өнегелілігі де өз алдына жыр қылып айтар үлгілі əңгіме. Үш қыздан тараған немерелеріне халық ауыз əдебиетінен бастап заманауи ертегілерге дейін айтып беріп, тəрбиелі азамат болып өсулеріне септігін тигізіп отырған ардақты əже санатында.
ƏР БӨЛІМДЕ ТАРИХТЫҢ ТАҢБАСЫ БАР
Өзінен тартқан тарихты тəмамдаған Несіпбала апай мұражайдың əр бөлімімен мұқият таныстырып шықты. Өз ісіне жетілгені соншалық, аузынан шыққан цифрлар мен айтулы даталарды қалай жаттап алғанына қайран қаласың. Қазақстан тарихына тоқтала кетіп соның ішіндегі айрықша орын алатын көне Талхиздың парақтарын да алдымызға жайып салды. Естелігі қанық өлкеге оқушылармен бірге экскурсия жасалып, сол шара жайлы толық мағлұматтар қатталған стендтер жарқырап тұр.
Келесі бөлім Əлмерек бабаның əлеміне негізделген екен. Абыздың ойдан салған суреттері қойылып, кесенесі жайлы деректер қамтылған. «Ауылым – алтын бесігім» деп аталған бөлімнің негізгі көрнекілігі – ауылдың арғы-бергі тарихына атсалысқан атпал азаматтардың келбеті. Сондай-ақ, аудан белсенділері мен бұрынғы əкімдердің жарқыраған портреттері бұл бұрышты айшықтай түскен. Қала берді 75 жылдық тарихты артқа тастаған №31 мектептің əр жылдардағы басшылары да мұражайға келушілер үшін таптырмас білім көзі бола білмек. Ауылдан шыққан атақты өнер майталмандарының жарқын бейнесінен қазіргі ҚР Мəдениет жəне спорт министрі А.Мұхамедиұлын, мықты əпкелісіңлілі өнерпаздар Тергеубековалардың Тұздыбастаудан шыққанын біліп, таңданысып қалдық. Н.Манкеев, Қ.Бөрібав, С.Жусанбай, А.Октябрь, Т.Сарпеков, К.Рамазанова, М.Сарбасов, М.Хамраев сынды айтылу азаматтардың тізімін кейінгі өнерпаз жастар жалғастырған екен. Əр суреттің қасына тоқталып, жіпке тізгендей тəппіштеп түсіндіріп өткен Несіпбала апайдың есте сақтау қабілетіне бас шайқасып келесі бөлімдерді аралап шықтық.
Əр жылдары Калинин атындағы колхоздың басшылығында болған азаматтардың өмірбаяндары, еңбек жолдары, қызмет бабындағы кескіндері, бəрі-бəрі мұражайдың салмағын арттыра түскендей. Қарап тұрсақ, бұл Тұздыбастау халық қамын жеген депутаттан та, ел үшін тер төгетін басшыдан да, ауыл абыройын асқақтатар жомарт жандардан да кенде емес екен. Солардың бірі, алғаш мұражай ашылғанда көмек қолын созған «НұрбастауШапағат» қайырымдылық қорының директоры Арман Рахановқа арналған бұрыштың болуы заңдылық деп таныдық. Жоқ-жітікке көмектесіп, қайырымдылық пен қарапайымдылығы серік болған жомарт жан жайлы жастардың да біле жүргені дұрыс.
Суретші Бақытжан Сағымбековке де бір бұрыш арналып, суретшінің «Хан тəңірі», «Күту», «Қыстауда», «Нəресте» сынды танымал картиналары қойылған. Домбыра жасаудың шебері Нарбек Охановтың өмірбаяны мен қолынан шыққан бұйымдары осы жолға қанат сермеген жастарға тың дерек болары сөзсіз. ҰОС ардагері Құрман Қасымбековке арналған бұрыш ерекше əспеттелген екен. Атамыздың жары Айымхан əже киген кимешегі, сəукелесі, таққан күміс белбеуі, үй тұрмысында қолданылған өзі тігіп, кестелеген тұскиіз, шілтер, төсекжапқыш мұражайдың қақ төрінде көрген жанның көз жанарын аларлықтай. Д.Шоқпарұлы соққан күміс білезік пен өзге де əшекей-бұйымдар қазақ қыздарының сəннен құралақан еместігін дəлелдей түседі. Несіпбала апайымыздың сабағында қолданған күйтабағы, плантинкалары, аккардеоны да бұл күні көне жəдігер ретінде мұражайдан орын алыпты.
Ұлы Отан соғысы мен Ауғанстан соғысының ардагерлері, Чернобыль апатына қатысқан азаматтар – тарихтың тірі көздері. Олар жайлы айтпау, көрсетпеу – мұражай үшін сын болар еді.
ҮЙІРМЕГЕ ҮЙІР ЖАС ӨСЕР БОЛАР
5000-ға жуық кітап қоры жасақталған кітапхана ізденген оқырманның талабын ескеруде. Сондай-ақ, Мəдениет үйі жанынан құрылған «Аналар нұры» ансамблінің ұлт дəстүрі мен мəдениетін насихаттаудағы еңбегі ерен. Жетекшісі — ақын Күлиза Рамазанова. «Диана», «Чирин» бишілер тобы, «Мұрагер» домбырашылар ансамблі, халықтық атағы бар үрмелі аспаптар орталығымен қатар түрлі этноорталықтардың жұмысы да ауыл мəдениетін асқақтатып, «Рухани жаңғыруға» мейлінше септігін тигізуде. Мəдениет үйі жастардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында 15 үйірмені ашып, бүгінде демалысқа қарамай би түрлерінен, вокал, домбыра, үрмелі аспаптардан,таэквандо үйірмелерінің жұмыстары қызу екенін байқадық.
Түйін. Əрине, əлі де толықтырылатын кем-кетік жерлері, ақтарылып, зерттелетін тарихтың қатпар беттері бар шығар. Ол Несіпбала апайымыз бен Маргарита Зарқынқызы сынды ұлтын сүйген жандар барда орны толығатын дүние. Мұндай мұражайлар біз үшін, бізден кейінгі жастар үшін қымбат əрі құнды. Өйткені, онда өлкенің тарихы бар, бабалар жүріп өткен із бар. Салт-дəстүр мен əдетғұрып бар. Ал өткенді естен шығарсақ, болашақтың да бұлыңғырланатыны гəп. Ендеше, достар, өлкетану мұражайына барып тұруды ұмытпаңдар.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».