Төрт түлік малды өсіруді қазақтан артық білер кім бар? Сайын даланы мекен етіп, қысы-жазы «мінсе – көлік, кисе – киім, жесе – тамақ» болар – жылқы, түйе, сиыр, қойешкіні табиғаттың төрт мезгілінің қиындығына қарамай мыңғыртып өсіретін халқымыз малды – байлықтың негізі, тіршіліктің көзі деп білген.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Алпысбай Əлтайұлының əкесі Əлтай он тоғызыншы ғасырдың аяғында, яғни 1895 жылы дүниеге келіп, сонау жиырмасыншы ғасырдың басындағы Қазан төңкерісін, елдегі дүрбелең тұстағы ауыртпалықты, 1920, 1932-37 жылдардағы ашаршылықты, 1928 жылғы бай-бағландарды түгелдей кəмпескелеу тұсындағы ауыр кезеңдерді басынан өткерген кісі еді. «Он екі мүшең сау болса, қара басың – ханмен тең» — деп халық айтқандай, жас кезінен байдың қойын бағып, өсе келе жылқы баққан əкесі Əлтай еті тірі, шаруаға пысық, қара жұмысқа жегін қайратты жан болатын. Кеңес үкіметі орнап, қазақ ауылдары артель, колхозға бірігіп жатқан тұста алдына бір отар қой алып, «Кербұлақтың арнасы» деп аталатын шөбі шүйгін, суы мөлдірдей таза, таудың күнгей тұсында орын тепкен қыстауға 1929 жылы көшіп барған əкесі сол жерді ғұмыр бойы жайлап қалды. Қырық жыл мал бағып, əйелі Күлкен екеуі төрт ұл, үш қызды өсіріп, бəрін де ұядан ұшырған асқар тау əкесі Əлтай Дүйсенбайұлы 1982 жылы 87 жасында дүниеден өтті.
Жеті баланың үлкені, жас кезінен қой баққан жанұяда туып-өскен Алпысбай табиғаттың төл баласының бірі еді. Қысыжазы көшіп-қонып, қыс-көктемнің ызғарлы күндері де киіз үйдің ортасына орнатылған темір пештің ішінде маздап жанған сексеуілдің шоғына жылынып, түнгі ұйқы кезінде де жылы тонға оранып ұйықтап, қандай суық күндерде де кезек-кезек қой кезегіне шығатын жеті бала да төзімді де, шыдамды қайсар жандар болып ержетті.
1964 жылы Алматы қаласындағы «Кіші станица» деген жердегі №99 орыс мектебінің сегізінші сыныбын бітірген Алпысбай оқуды доғарды да Кербұлаққа барып əкешешесіне көмекші болды. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, қой өсірудің шебері əкесі Əлтай баласы Алпысбайға төрт-түлік малды өсірудің қыр-сырын үйретуге тырысты. Кейде оңаша қалған сəттерде: «Балам, қой бағу – атадан балаға мирас болып келе жатқан ата кәсіп. Ұлы бабаларымыз: «Тай өссе — ат тынығады, ұл өссе – əке тынығады» — деген сөз бар емес пе? Мен де қартайдым, енді осы малға өзің ие болып, іні-қарындастарыңа тірек бол» — деп ақыл-кеңесін айтты. 1969 жылы өзі көңілі қалаған Жəмила деген қызбен отау құрды да, сол жылы бір отар тоқты алып, шопан таяғын ұстады. Бес жыл бойы тоқты баққан Алпысбай, 1974 жылы саулық қой бағуға шықты. Шаруаға жегін шопан жігіт колхоз басшыларына талап ете жүріп, Кербұлақ маңындағы қыстауына Бақанас ауданынан жарық тартып, ауыл тұсынан 250 метр тереңдіктен скважина қаздырып, күні-түні ағып тұратын тұщы су мəселесін шешіп алды. Қыстау жанындағы қой қора мен жылқы, сиыр, ұсақ қозы-лақ тұратын қораларды да қалың ағаштан жыпжылы етіп салдырып алды. Көзі ашық, көкірегі ояу жігіт жылы үйге теледидар орнатып, радиоқабылдағышты сайратып қойды. Ауылды үш-төрт күн аралатып келіп жататын ферма мамандары бумабума газет-журналдарды үйіп тастайтын. Республикалық: «Социалистік Қазақстан», облыстық «Жетісу» газеттері мен «Жұлдыз», «Жалын», «Білім жəне Еңбек» журналдары шопандар ауылының бас алмай оқитын басылымдары болатын. Апта сайын келіп тұратын автолавка шопандардың керек-жарағының бəрін дер кезінде жеткізіп тұратын.
«Бейнетің — қатты болса, татқаның – тəтті болар» демекші, шопан кəсібін қалап келген Алпысбай 1975-1980 жылдары социалистік жарыстың көш бастаушыларының алдыңғы қатарына шығып, бес жыл бойы əр саулық қойдан 130-дан қозы, 3 келіден астам жүн қырқып, ел аузына ілікті. Бесжылдық қорытындысы бойынша озат шопан атанған Алпысбай кеудесіне «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісін тағып, бəйгеге кілем алып, астына «Жигули» машинасын мінді. Ата кəсіп Алпысбайға майдай жақты. Колхоздың маңдай алды шопандарының бірі атанған оған жауапкершілік жүгі молая түсті. Мамыр айының аяғында қойлар түгел қоздап, қой қырқын науқаны аяқталған соң шопандар қауымы жер жəннаты – Жетісудың төріндегі «Асы» жайлауына барып, сол жерден күз басталғанда ғана таудан төмен түсетін. «Шелді мал – төлді». Таудың шүйгін тəтті шөбін жеген мал қысқа күйлі түсетін. Көктемгі қой төлдету кезінде ауылдан сақманшылар тобын шақыратын Алпысбай күні-түні дамыл таппай, қой қораның ініне алтылық шамды ілдіріп, жаңа туған қозыларды лезде темір пеш оты лаулап жанып тұрған тас қораның ішіне апартатын. Жас қозыларды əлсінəлсін сүт құйылған бөтелкелермен жыпжылы сүт беретін олар қозылар қашан аяқтанып кеткенше тыным таппайтын. Бəрі де маңдай термен келетіні белгілі. 19801985 жылы бесжылдықтың қорытындысы бойынша əр саулық қойдан 133-қозы алған Алпысбай Əлтайұлы шопандар тойында қызыл кілем бастаған қомақты сыйлық алып, абырой-атаққа бөленді. Ай артынан ай, жыл соңынан жыл өтіп жатты. Балалары өсіп, əйелі Жəмила мен өзі байсал тартып, ел ағасы болды. Шопандық кəсіпке əбден төселген ол жыл сайын абырой биігіне көтеріле берді. 1990 жылы әр саулық қойдан 135-тен қозы алған ол Мəскеу қаласында өткен КСРО ауылшаруашылық көрмесіне барып, кеудесіне көрменің «Алтын медалін» жарқырата тағып қайтты. Сүйріктей аппақ «Нива» жеңіл көлігі сыйға берілді. «Еңбек етсең – емерсің» демекші, қырық жылдан астам Талғар ауданына қарасты «Лучь Востока» колхозында шопан болған абыройлы азамат 2012 жылы зейнет демалысына шығыпты. Өзінен өрбіген, 6-баладан тараған 15-немеренің ортасында бақытты қарттықтың қызығына шомылып отырған Алпысбай Əлтайұлы жан жары, «Күміс алқа» иегері Жəмила екеуі бұл күндері Кербұлақта мыңғыртып мал өсіріп отырған фермер. Ұзақ жылғы еңбектің өтеміндей оның қорасынан күн сайын екі мыңның үстінде қой, биелі-құлынды 100ден астам жылқы, торпақ-тана, сауынды сиыр бастаған сексенге жуық Зеңгі баба тұқымы өріске шығады. Еңбектің зейнетін көрді деген осы болар. Жетісудың үлкен ақыны, бүкіл Нарынқол өңіріне белгілі болған жыр шайыры, марқұм Еркін Ібітанов сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жарық көрген «Қойшылар» деген поэмасында: «Мал десе бұл қазақ бала жастан, Ішкен асын қоя сап, араласқан. Қойшылық – бабам берген эстафета, Бір ұрпақтан, бір ұрпақ ала қашқан» – деп жырлағандай, адал еңбектің арқасында өзі өмір сүрген қоғамының маңдайалды азаматы атанып, бұл күндері мəуелі ағаштай бұтақ жайып, жапырағын кеңге жайып өсіп-өніп отырған ел ағасы – Алпысбай Дүйсенбаев өзін бақытты жанның бірімін деп есептейді. Өйткені, Жаратушы Алла байлық пен несібені өзінің сүйген құлына береді емес пе? Еңбек – адамды бақытты етеді деген осы.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».