Жаз мезгілі нағыз демалып, сергитін уақыт. Әсіресе, жазғы демалысқа шыққан балалар мен олардың ата-аналары шілде, тамыз айларының аптап ыстығында демалыс орындарындағы бассейндер мен өзен, көлдердің жағалауында демалуға құштар. Әрине суға түсу, күннің шуағына қыздырыну адам ағзасы үшін өте пайдалы. Әйтсе де, «сутілсіз жау» дегенді естен шығармаған абзал. Тіпті қазіргі таңда заманауи моншалардағы терең бассейндерге де батып кету фактілері жиі тіркелуде. Өкінішке орай, сақтық ережелеріне салғырт қарап, бейқамдық танытудың соңы қайғылы жағдайға әкеліп жататыны белгілі.
Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің жедел ақпаратына сəйкес ағымдағы жылдың 1 қаңтардан 22 шілде аралығында еліміздің су қоймаларында 217 адам суға кеткен, оның ішінде 74-і кəмелет жасқа толмағандар. Суға кеткендердің ең көп саны Алматы облысында – 29 адам, Шығыс Қазақстан облысында – 28, Түркістан – 22 жəне Павлодар облыстарында – 20 адам тіркеліп отыр. Облыстың су айдындарындағы адам өлімінің көп болуының негізгі себептерінің бірі лауазымды тұлғалардың жəне су айдындары иелерінің суда адам өмірін қорғауды ұйымдастырудағы
жауапсыздықтары, азаматтардың құтқарушылармен бақыланбайтын су айдындарында демалуы, мас күйінде суға шомылуы, жүзу білмеу жəне балаларды су жағасында бақылаусыз қалдырудан болып табылады, – дейді аудандық Төтенше жағдайлар бөлiмiнің мамандары.
Өкінішке орай, көп жағдайда тілсіз жаудың құрбаны балалар болып жатады. Өйткені, баланың аты бала, ол қауіпқатердің деңгейін бағамдай алмайды. Жуырда, Алматы облысының Іле ауданындағы Байсерке ауылындағы демалыс орнындағы бассейнге 5 жасар бүлдіршін батып кеткен. Қайғылы оқиға қас-қағым сəтте, кішкентай бүлдіршіннің ата-анасының көзінен таса болған уақытта болған. Мұндай оқиғалар еліміздің əр өңірінде орын орын алуда. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі ата-аналарының балаларын қараусыз қалдыруынан жəне бүлдіршіндердің қарапайым қауіпсіздік ережелерін білмеуі салдарынан болып отыр. «Сақтықта қорлық жоқ», «Апат айтып келмейді» деп тегін айтылмаған. Ересек адамдар
мен ата-аналар өз балаларының суда шомылуы кезінде қауіпсіздік амалдарын қатаң сақтауы, қырандай қырағылық танытып, мұқият болуы керек!
«Тілсіз жаудан» келетін қайғылы оқиғалардың алдын-алып, болдырмау үшiн Талғар аудандық Төтенше жағдайлар бөлiмi мамандары қала, аудан тұрғындары мен қонақтарынан төмендегі ескертпелердi қатаң сақтауларын сұрайды:
– Əр көлдегi арнайы ескертпелердi; «суға түсетiн орын» жəне «суға түсуге болмайды» деген белгi, ескертпелердi қатаң сақтаңыздар;
– Үлкендердiң қарауынсыз кiшкентай балаларға суға түсуге болмайтындығы туралы үнемi ескертiп отырыңыздар;
– Спирттiк iшiмдiктер iшiп суға түсуге болмайды;
– Жазғы лагерлер жетекшiлерi балалардың суға түспеуiн қадағалауы тиiс. «Сақтықта – қорлық жоқ» дегендей, аталған сақтық шараларын ұмытпай, төтеншеліктердің ескертпелеріне жіті мəн беріңіздер, құрметті оқырман.
Райхан АЗИМОВА,
«Талғар».