Қазір халықтың арасында: «Телеарналар мен әлеуметтік желілерде әншілер көбейіп кетті: өздері әдепсіз, ұятсыз, білімдері аз, біліктері кемшін» – дейтін сөздер көбейіп, кейбір танымал тұлғалар Үкіметтен бұл мәселені тез арада реттеуді талап ете бастады..
Бір түсініксізі: осындай ойлы сөздер мен орынды талаптардың арасында бір белгісіздеу адам (әнші емес…) әншіге қарсы бір ауыз сөз айтса қалса, әлгі әншілерден түңілген «электорат» табан астында хамелеонша түсін өзгертіп, бағытының быт-шытын шығарып, әлгі «қорлық көрген байғұс» әншіге жақтасып шыға келеді…
Мысалы, түнеукүні танымал әнші, бір есептен біраз тыңдарман қазақтардың сүйікті орындаушысы Мейрамбек Бесбаевтың әлеуметтік ғылымдар магистрі атанып, Еуразия ұлттық университетін тәмамдағаны белгілі болған-ды. Әрине, көпшілік тәуір әншісін шынайы құттықтауға көмкеріп те үлгерді…
Артынша аталмыш білім ордасының доценті, филолог-ғалым Мырзантай Жақып әншілікпен байыған «жұлдыздардың» мемлекеттік гранттарға таласып, жастардың несібесін тартып алатындығын ашына айтып, ел талқысына салды.
Кезінде Қазақ Еліндегі №1 жоғарғы оқу орны атанған, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің танымал түлегі, көптеген жылдар тезінде Ахмет Йассауи атындағы Қазақ-Түрік Халықаралық Университетінде тәлімді дәріс, татымды тәрбие берген, қазіргі таңда Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің оқытушы-доценті, ғылым кандидаты Мырзантай көке ЖАҚЫП, әсіресе, соңғы уақытта өзінің тура сөз, ұтымды ұсыныстарымен қазақ қоғамында қызу қолдауға ие бола бастаған тұлғалы азамат. Әрине, «әлеулайлатқан» әнші де, жалаңаш сандарын жалтыратқан биші де емес.
Сонымен, қазақтың белгілі болуға бет бұрған ойшыл-ғалымы былай дейді: «Ешкімнің нақты атын атап, түсін түстемесем де, қара халықтың есебінен әбден байып алған «әнші-журналист-жұлдыздар» енді мемлекеттік білім гранттары арқылы тегін «оқып», «әнші-магистр-докторларға» айнала бастағаны туралы осы әлеуметтік желіде жарияланған жазбамды кейбір азаматтар тікелей өздерінің аттарына қабылдап, «қызғанып, көре алмай жатыр», «қуанышқа ортақтаса алмайтын, іштарлығы бар адам» деп, менің атыма біраз ауыр-ауыр сөздер жазып тастап, оны қалың көпшілікке таратып жатыр екен. Егер әншілер өздерінің шынайы білімдерімен сондай дәрежеге жетіп жатса, өз басым оған тек қана қуанамын! Алайда, кейбір «тележұлдыздардың» сахнадағы атақтарын пайдаланып, өнер саласына мүлдем қатысы жоқ ұлттық жоғары оқу орындарының магистратуралары мен PhD докторантураларына қарай жаппай лап қойып, мемлекеттік білім гранттары есебінен «оқу бітіріп», диссертациялар «қорғауға» кірісуінің – жалпы сипат ала бастағанын түсіне алмаймын. Сондай-ақ, ұлттық университеттерді басқаратын кейбір ректорлардың әртүрлі «жұлдыздардың» алдында құрдай жорғалап, жас балаша жүгіруін де – ұға алмаймын. Байлардың астатөк той-томалақтарынан көп қаржы табатын әншілер мен «тележұлдыздар» – егер академиялық және ғылыми атақ-дәрежелер алғысы келіп жатса, жоғары оқу орындарының магистратуралары мен PhD докторантураларының ақылы бөлімдеріне өздерінің жеке ақшаларын төлеп оқығаны, шын дарынды жастарға арналған мемлекеттік білім гранттарына жармаспағандары жөн. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – осы!»
Бұл жерде біреудің талағы тарс айырылатандай – қандай басы артық сөз бар?!. Меніңше, дөп айтылған шыңғырған шындық! Нағыз ақиқат!
Мұны түсіне білген, жаны ашып, жүрегі сыздаған, қаймықпай қара қылды қақ жарып айта алған менің Мырзантай көкем де – нағыз еркек!
Неге десеңіз, Алла Тағалам жұрттың бәріне елдің алдына шығып, құйқылжыта ән шырқайтын, мың бұрала билейтін қабілет бере бермейді. біреулердің қабілет-қарымы миы мен ақылында, түсінігі мен түйсігінде, ғылым мен ілімде!
Мырзантай ЖАҚЫПтың жағы талып, дауысы қарлығып, қазағына жеткізгісі келеген жанайқайы осы!
Өз басым өнеріне тәнті әнші інім Мейрамбек Бесбаевтың ғалым ағасының ақиқат сөзіне жылдам жауабы көңіліме су сепкендей суық әсер етті: «…Өкінішке орай, біздің арамызда қуанышқа ортақтаса алмайтын, іштарлығы бар адамдар да кездеседі. Өзі ұстаз, өзі журналист-ғалым Мырзантай Жақып деген ағамыз фейсбукте мені ғалым болып біреудің орнын тартып алғалы жүрген адамдай сипаттапты. Менің өнерде өз жолым бар. Ешкімнің жолына да, қызметіне де таласқан емеспін. Бала күнімнен музыка мектебінде оқыдым. Ұлттық консерваторияда білімімді жетілдіріп, Т.Жүргенов атындағы Театр және өнер академиясын бітірдім. Жаңа заман талабына сай сол оқыған білімімді дамыту үшін «Мәдениеттану» мамандығы бойынша магистратураны жалғастырдым. Экономика, заң, физика сияқты басқа саланы қуған жоқпын. «Ел сөз қылмасын» деп, ашық диссертация қорғауға да келісім бердім. Келген адамдардың бәрі – қорғаудың қалай өткенін көздерімен көрді. Түркияның, Әзербайжанның елшілігінен де арнайы өкілдер қатысып отырды. Өз салам бойынша білімімді жетілдіруге менің де құқым бар деп ойлаймын. Кейде осындай сәттерде кімнің дос, кімнің дұшпан екені де белгілі болып қалады. Мен ешкімге жамандық тілемеймін. Баршаңызға тек қуаныш тілеймін!» – депті әнші.
Егер, Мейрамбектің «Мен ешкімге жамандық тілемеймін» деген сөзі рас болса, ол мына жағдаларды терең зерделер еді: біріншіден, Мырзантай ЖАҚЫП ешкімге біреудің «жолын, қызметіне таластың» деп айтқан жоқ; екіншіден, ешкімге «экономика, заң, физика сияқты басқа саланы қудың» деп жала жаппады; үшіншіден, «ел сөз қылады» деп ешкімгі күстаналамады; ең бастысы, дәп осы Мейрамбек Бесбаевтың атын атап, түсін айғақтаған жоқ…
Сонда әлгіндей әлем әңгіме кімге керек? Сонда ешкім өзінің сыни пікірін білдірмеуі керек пе, біздің елде? Өнер адамдарының қайсыбір пендешілік кемшіліктеріне көз жұмып; оларды үнемі, әрдайым көтермелеп, қол шапалақтай беруіміз керек пе?..
Біраз бұрын жорналшы ағамыз Қали Сәрсенбай әнші ініміз Мейрамбек Бесбаевтың атына аңыраған салақұлаш арнау-хат жазғанда, аң-таң қалып едік. Іле-шала әжептеуір ақын Бақыт Беделханұлы да Қали ағаның салақұлаш арнау-хатына ілестіріп-тіркестіріп жыраулыққа салынғанда, мынадай қызық «құбылысқа» шарадай басымыз шақшадай болып еді…
Қали Сәрсенбай ағамыз бен Бақыт Беделханұлы ініміздің өз бастарына сай таланты мен қадірі жеткілікті сияқты еді…
Қайдам, әлем теңселіп, адам «белсенген» заман ғой, түсіну тым қиын…
Сонымен, өз басым, тағы да (әдеттегідей…) ақиқат жағындамын. Себебі, Ақиқатты – Алла Тағаламыз жақсы көреді!
…Айдалада алыстағы қазақ ауылында әлі аудан орталағын көрмеген, бәлкім, әкесі жоқ, анасы жесір, бауырлары шиеттей көп бір қазақтың баласы (ұлы немесе қызы) білімге ұмтылып, ғылымға қызығып, талап қылуы мүмкін, бірақ, мемлекет бөлген оған тиесілі білім грантын аптасына бес тойға барып ((әр тойдан 10 (он) мың АҚШ долларын алған (қазіргі қазақ ақшасымен – 3 млн 400 мың теңге)), демек, бес тойдан 17 млн теңге алған әнші алып кетсе, осыны кім ӘДІЛДІК деп есептейді?!.
Әлбетте, біз түсінеміз: ректорларда да ұл мен қыз һәм немерелер бар, олар да үйленіп-тұрмысқа шығып, той жасайды; сол тойларға әншілеп келіп, жұрттың көңілін көтеріп, ән шырқаулары керек! Яғни, әншіге тегін мемлекеттік грант қажет болар?!.
Көрдіңіз бе: бір-біріне маталап-байланған, үздіксіз-үзілмейтін байланыстар… Тіпті, сығысып-сыбайласып жатыр…
…Мейрамбек Бесбаев – менің ешкіммен теңестірмейтін талантты әншім! Мәдениеттану саласындағы ғылыми жетістігіне де шын қуанамын. Дегенмен, үлкеннің ескертпесіне – есі бар, иманы кемел мұсылмандық мінезбен қарасақ деймін…
Мырзантай Жақып – кездескен де, сөйлескен де кісім емес. Ол кісінің шымыр шындығына тәнтімін!
Жігіттер, шындықты өлтіріп алсақ, шыңғырсақ та – шырақ тұтанбайды. Бұл тұрғыдан алғанда, Мырзантай көкем – нағыз еркек!
Қажымұқан Ғабдолланың
Фейсбук парақшасынан алынды