Сан ғасырлар бойы қазақ халқы Ислам дінін өз бойына сіңіріп, Ислам аясында мың жылдан астам ғұмыр кешті. Ұлттың салт-санасын, тұрмыстық ерекшеліктерін ескеретін Əбу Ханифа мəзхабын ұстанған қазақ халқы өз тарихында дін негізіндегі бөлінушіліктерді, қақтығыстарды басынан өткерген емес. Шын мəніне келгенде, экстремизм мен ланкестік əрекеттерді белгілі бір ұлтпен немесе дінмен байланыстыруға болмайды. Себебі, экстремизм, ланкестік əрекеттер Ислам дініне, сонымен қатар əлемдегі кез-келген дəстүрлі діндердің бір де біріне ешқандай қатысы жоқ, жат іс-əрекет болып келеді. Енді, осындай діни топтарға біршама тоқталар болсақ.
Хизб-Ут-Тахрир Ұйымы
Бұл діни-саяси ұйым 1953 жылы Тақуиддин ан-Набахани тарапынан Палестинада құрылды. Хизб-ут-Тахрир ұйымы теократтық билеуші халифтің қолындағы зайырлы жəне рухани биліктің бір жерде топталуын көздейтін «халифатты» қайта құруды мақсат етіп қойды. Хизб-ут-Тахрир ұйымының стратегиялық жоспарлау орталығы Ұлыбритания астанасы Лондонда орналасқан деп айтылады. Хизб-ут-Тахрир ұйымының ұйымдасу ісəрекеттері əртүрлі кезеңдер мен сатылардан тұрды. Ұйымның белсенді бірнеше мүшесі «хужраны» құрап, бірнеше «хужралар» «халқаны» құрайды. Халқалар халықпен тығыз жұмыс жасап, нəтижесінде мемлекеттік төңкеріс тудыру арқылы халифат құру болды. Хизб-ут-Тахрирдың иерархиялық құрылымы мынандай: 1) орталық комитет 2) аймақтық комитет 3) жергілікті комитет Зерттеушілер Хизб-ут-Тахрир ұйымының Ислам əлемінде қолдау таппауының себебі ретінде ұйымның мұсылман құқығына қайшы көптеген қайшылықтары бар екендігін алға тартады. ҚМДБ-ның берген ресми ақпараты бойынша Хизб-ут-Тахрир ұйымның шариғатқа қайшы мынадай көзқарастары бар екендігін айтады: – қабір азабын теріске шығаруы; – жалаңаш бейнелерді, суреттерді (порнография) көруге рұқсат етуі; – солтүстік полюстегі адамдардың намаз оқымауына, ораза ұстамауына болады деуі; – мұсылман еместер (кəпір) мен əйелдерді аталмыш партияға мүшелікке қабылдайтыны; – мұсылман емес кісінің мұсылман елін басқара алады деуі жəне т.с.с.
Тәкфир және Һижрат жамағаты
Тəкфир сөзінің исламдағы мағынасы – адамдарды күпірлікте немесе Құдайға серік қосқаны үшін айыптау. Һижрат сөзінің исламдағы мағынасы – адамдардың бір күпірлік тараған мекеннен екінші бір мұсылмандық мекенге көшуі, яғни ислам дінін жəне шариғатты берік ұстанатын қоғамға көшуі. Бұл жамағат өкілдері өздерін ғана мұсылман, ал қалғандарды кəпір санайды. Бұл сепаратистік ұйым. Жамағаттың алғашқы идеялогиясы Мысыр түрмелерінде өріс алды, кейіннен бостандыққа шыққан мүшелерінің ой-пікірлері қисынға келтіріліп, тұжырымдалды. Солтүстік Мысырда жəне сол елдегі университет студенттерінің арасында олардың ізбасарлары көбейді. Тəкфир жəне һижрет жамағаты атауының даңқы жəне олардың принциптері мен ой-пікірлері Мысыр Президенті Жамал Əбдінасырдың бұйрығымен 1965 жылы тұтқынға түскен мұсылмандардың ішінен Сайд Құтб пен оның пікірлес бауырлары өлім жазасына тартылғаннан соң шықты. Бұл жамағат өкілдерінің мəлімдемесі бойынша, зайырлы мемлекет құрғысы келген Президентті қолдаған мұсылмандарды ислам дінінен шыққан опасыз сатқын, ал өздерінен басқа қоғамдағы басшыларына мойынсұнған əрі сүйенген барша жұртты кəпір санады. Жамағаттың принципіне негіз салған кісі шайх Али Исмаил болатын, бұл кісінің пайымдауынша жамағатқа қосылмаған адамдардың намазы да, оразасы да қабыл болмайды. Діни сенімі мен көзқарастары: жамағаттың негізгі құрамы тəкфиршілер, олар жоғарыда айтып өткендей үлкен күнə істеген немесе күнəға батқан адамдарды кəпір, яғни ислам дінінен шықты деп айыптайды. Күнəхарлардың тəубесі қабыл болмайды. Сондай-ақ, Ислам шариғатымен үкім шығармайтын басшылар жəне сол үкімді разылықпен қабылдайтын халық кəпір болып саналады. Бұларды кəпір деп есептемейтін ғалымдары да кəпір. Тəкфир жамағатының пікірін қабыл алмаған немесе қабыл алып, жамағатқа қосылмаған жəне сол жамағаттың имамдарына ермеген əрбір адам кəпір. Ал, кімде-кім жамағатқа кіріп-шықса, ол адам діннен қайтқан сатқын есептеліп, ол адамды өлтіруге де болады. Қайбір ислам жамағаты тəкфир жамағатының дағуатын қолдамаса, ол жамағаттың басшысы діннен қайтқан кəпір болып табылады. Олар: «Кімде-кім имамдардың немесе сахабалардың сөзін дəлел ретінде қолданса немесе қияс, маслахат ал-мурсала, истихсан жəне сол сияқты дəлел-құжаттармен (яғни төрт мазһабтың бірі бойынша) мəселе шешсе, ол əрі мүшрик, əрі кəпір саналады», – дейді. Тəкфир жамағаты принциптерінің екінші негізгі құрамы – һижрат. Һижраттың сөздік мағынасы тəрк ету, көшу, қоныс аудару, үзілу. Олардың қолдануы бойынша, һижрат – бұл надан елден, қоғамнан өзін алып қашу, олармен барлық қарым-қатынасты үзу. Өзінен басқа барша адамдарды надан, жəһил деп білу. Бұл жерде мекен үзілісі мен ой-сана үзілісі назарға алынған. Олар: «қоғам мен мекен Мухаммед пайғамбар мен сахабалардың кезіндегідей болуы керек» дейді. Олар: «Қазіргі кезде идеялогиялық күрес қажет. Ол тек тəкфир жамағатының бағдарламасы арқылы жүргізілуі шарт. Ислам дінінің күші, мұсылмандардың жігері жетерлік болмағандықтан, жиһад соғысын тоқтата тұру керек», – дейді. Өздерінің əмірі Шүкри Мұстафаны осы үмбеттің көптен бері күткен – имам Мəһди деп санайды. «Оның күш-жігерімен ислам дінін барша діндерге үстем етеміз» деп ойлайды. Қазіргі заман қаруларының нəтижесінде дүние экономикасы мен саясаты тəртіп шегінен шығады екен. Содан кейін тəкфир жамағатының дəстүрі басталады, адамдар көне қарулармен (қылыш, найза, садақ т.б.) соғысты жалғастырады екен. Тəкфир жамағаты өздерін имаматтық [басқару], ижтиһад [үкім шығару қабілетіне ие болу] дəрежесіне жетік деп есептейді. Дүниеден озған тəкфир жамағатының мүшесі Əбдрахман Əбу əл-Хайрдың «Мұсылмандар жамағатының зікірі» атты кітабы жамағаттың қадірлі де қасиетті кітабы боп саналады. Тəкфиршілердің іс-əрекетін тіптен ақтап алуға келмейді. Өзін жақтамаған, өзіндей көзқараста еместегілердің бəрін кəпірге теңеу, əрі жарып жіберіп олардың көзін жоюға, дүние-мүлкін тонап алуға болады деген түсінік, қоғамда бұзақылық пен баскесерлікке, лаңкестікке, анархияға жол ашатыны сөзсіз. Бұндай керітартпа түсініктің дəстүрлі исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмасы анық.
«Салафизм»
Сəлəфизм сөзінің түп төркіні араб тіліндегі «сəлəф» яғни бұрынғы өткен, бұрынғылар деген сөзден келіп шыққан. Ислам тарихындағы алғашқы үш буын – Мұхаммед пайғамбардың, сахабалардың жəне табиғиндердің кезеңдеріне сəлəф деп айтылады. Сонымен қатар бұл үш буынның ұстанған жолы нағыз ақиқат əрі дұрыс болып саналады. Қазіргі таңдағы сəлəфилер өздерін біз алғашқы үш буынның жолын ұстанушылармыз, сондықтан біз сəлəфилерміз деп жариялауда. Бұл топ өзін қаншалықты алғашқылардың жолын ұстанушы – «сəлəфилер» деп атағанымен уахабилік қозғалысының жалғасы екенін жасыра алмайды. Аталмыш топ өздерінен басқа мұсылмандық бағыттар мен мазхабтардың барлығына қарсы жаппай соғысу қажет, себебі олардың барлығы адасқан, кəпір бидғатшылар деп жариялады. Осылайша сол заманда мұсылмандарға қарсы қару көтеруге жəне олардың қанын төгуге барды. Өздерінен басқа мұсылмандарға, яхудилер мен отқа табынушыларға қарсы күресуден бұрын соғысу керек деген көзқарастары болды. Əрине бұдан уахабилік қозғалыс өкілдері көзқарасының қаншалықты агрессиялық сипатта екені көрінеді. Олар ислам əлеміндегі дəстүрлі ашғари жəне мəтруди мектептерін жоққа шығарып, адасушылықпен қаралайды. Сонымен қатар дəстүрлі ханафи мазхабы мен мəтруди мектебінің тəлімін ұстанатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын да адасушылықпен айыптайды. Мұндай көзқарас жалпы сəлəфизм идеологиясын ұстанатын барлық топтарға ортақ болып табылады. Осының салдарынан қазіргі таңда елдегі мешіттерде жəне басқа да діни орталарда сəлəфизммен санасы уланған азаматтардың тарапынан бүліктер туындап жатқаны мəлім. Сəлəфилік бағыт өкілдерінің тарапынан туындап отырған бұл жағдай болашақта діни негіздегі қақтығыстардың мешіттерден басталуына апарып соғуы ықтимал. Бұған мысал ретінде 1990-жылдары КСРО құлаған соң посткеңестік елдердің ішкі тыныштығын бұзу үшін Орта Азия республикалары мен Кавказ енгізілген аталмыш діни-саяси доктринаның Шешенстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тəжікстандағы қарулы қақтығыстардың шығуына басты себеп болғанын айтуға болады. Қазіргі таңда елімізде ұлттық мүддеге қарсы сəлəфизм ерушілері тарапынан жүргізіліп жатқан бұл үрдіс қазақ халқының ғасырлар бойы сақталып жəне ұлтты сақтап келе жатқан ұлттық құндылықтарының тамырына балта шабуы əбден мүмкін. Ғасырлар бойы ел мен жердің иесі болып келе жатқан ұлттың ерекшелігі жойылатын болса, жеріміз бен байлығымызды көздеген тараптардың жетегінде кету қиынға соқпасы анық. Себебі өз ұлты мен отанының қадір-қасиетін жете біліп, түсінбеген ұрпақтың тізгінді өзгеге ұстата салуы жанына бата қоймайды. Осындай жымысқы мақсат болмаса, XI-XII ғасырдан бері мұсылман болып, ислам ғылымдарын жетік меңгерген ұлы ғалымдарды тəрбиелеп келген Орта Азия халықтарының арасында олардың діні мен діни ұстанымын түгелімен дерлік жоққа шығаратын сəлəфилік уағызды таратудың не қажеті бар еді?
Таблиғи жамағат
Таблиғи жамағат – бұларды халық таблиғтар немесе дағуатшылар деген атпен де жақсы біледі. Ұйымның ұшар басында – Əмір тұрады, оның сөзі бұлжытпай орындалады. Исламды тарату алдын-ала дайындықтан өткен 5-тен жоғары адамнан тұратын шағын топтар арқылы жүргізіледі. Олар «есіктен есікке» аралап жүріп, «харудж» [сапарға шығу] жасайды. Миссионерлердің бұл сапары үш күннен бірнеше айға дейін созылады, олар жүрген жерінде мешітте түнейді. Қызығушылық білдірген жергілікті мұсылман апталық семинарларға шақырылады, оны аға насихатшылар жүргізеді, жеткілікті дайындықтан өткен соң олардың өзін «харудж» жасауға жібереді. Таблиғи жамағат қатарына кірген адам өз өмірін ұйым заңдарына бағынышты етіп, кəсіби миссионерге айналады. Бұл үгітшілердің теологиялық білімі терең де жүйелі болмайтынын айта кеткен жөн. Таблиғи жамағат мүшелері елді мекендерді аралап үш күндік сапарға жиі шығады. Мұндай сапар апта сайын ұйымдастырылады. Жұма намаз аяқтала салысымен екі немесе одан да көп адам бас қосқан топ қандай да бір елді мекенге жол тартады. Топ басшысы «əмір» [басшы] аталады. Əмір мұндай шараларды өткізуден тəжірибесі бар адам болады. Көздеген елді мекенге жеткен соң, олар жергілікті мешітке немесе таныс үйге орналасады. Бұдан кейін үш күн бойы бұл топ жергілікті халықты өз ұйымына тарту үшін «дағуат» (үгіт-насихат) жүргізеді. Мұндай сапарлар Таблиғи жамағат идеологиясын таратумен қатар, ұйымға жаңа қосылған «жас бауырды» əбден өңдеу үшін де өте ыңғайлы болады. «Жас бауыр» күшейтілген үздіксіз діни-психологиялық ықпалға түседі. Осындай бірнеше сапардың нəтижесінде ол Таблиғи жамағат идеясын құлшына қолдаушыға айналады. Бұдан басқа 40 күндік сапар да бар. Мұндайда топтың əрекет ету аймағы кеңейеді. Əр мешітте үш күннен артық тоқтамаған топ ауылдан ауылға жылжи береді. Мұндай сапарды көбіне еліміздің басқа аумағына немесе көршілес мемлекеттерге (Қырғызстан, Ресей т.б.) жасайды. Осылайша ұйымның өзге облыстар мен аймақтардағы мүшелерімен жүйелі байланыс орнайды, тəжірибе жəне ақпарат алмасады. 3 жəне 40 күндік сапарлар Таблиғи жамағат идеологиясының ел арасында, əсіресе ауылда кең таралуына мүмкіндік береді. Осындай жүйелі əрекет механизмі Таблиғи жамағатының əжептəуір үлкен барлау жəне диверсиялық əлеуетін көрсетеді. Сапар барысында елдегі діни-саяси ахуал, стратегиялық маңызды нысандар (əскери базалар, гидроқондырғылар т.б.) туралы ақпарат жиналады, бұл болашақта жасалар терактілер үшін қажет болады. Бүгінде Таблиғи жамағаттың террорлық ұйымдарға тікелей немесе жанама түрде кадр дайындап беруші ретінде көзге түскен бірнеше дəлел бар. Осы ұйым өкілдерінің 1999 жылы Баткен (Қырғызстан) оқиғаларына заңсыз банда құрылымдары қатарында қатысқаны белгілі. Бұған қоса көптеген Таблиғи жамағат мүшелері экстремистік Талибан қозғалысының қатарында Ауғанстанда жəне ИДУ қатарында Өзбекстанда соғысқан. Астана қаласы прокуратурасының арызы бойынша 26 ақпан 2013 жылы Сарыарқа аудандық соты «Таблиғи жамағат» халықаралық ұйымын экстремистік деп танып, Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынды. Қорыта келгенде, экстремистік радикалдық бағыттағы ағымдардың қай түрі де біздің қоғамға жат. Шынайы мұсылман адам ешқашан шектен шығушылыққа бармайды, мойнына жазықсыз адамдардың қанын жүктемейді. Қазақ елі Сунниттік əрі Ханафиттік мəзһаб негізінде, Матуруди ақидасына сай сан ғасырлардан бері салтын сақтап, дінін ұстанып келген. Тəуелсіздіктің тұғырын бекітіп, болашаққа қадам басқан алдағы уақытта да еліміз саяси тұрақтылығын шайқалтпай, діни келісім жарастығын құраған, əлем қауымдастығының алдында беделді, бейбітсүйгіш қалпынан танбақ емес.
Е.Торебаев, Талғар ауданы бойынша
дін істері жөніндегі инспекторы.