Жуырда бір отырыста болдым. Жеңіс мерекесінің қарсаңы болатын. Əңгімеміз Ұлы Отан соғысы жайында өрбіді. Əрине, көзімізбен көрмесек те, көңілге түйгенімізді, аталардан естігенімізді, тарихта жазылғандар бойынша, бүгінгі жастардың сондай уақыт бола қалса, əп-сəтте бордай езіліп қалуы мүмкінау деген қорқыныш үрейдің бар екенін айтып жаттық.
Тəуелсіздіктің арқасында ешбір қиыншылықтың жоқ екеніне де тəубе дестік. Жеткен жетістігіміздің шаш етектен екенін де сөз еттік. Арқа төсіндегі айшықты Астанамыздың күн санап көркейіп отырғанын мақтаныш сезімі кеудемізді керней отырып айттық. Аз уақыттың ішінде көркіне көз тояр келбетіне сүйсіндік. Бір кезде ортамыздағы бір азамат «Тəуелсіздік алып, шалқып отырғанымыз шамалы ғой. Одан да Германияның құрамында болғанда бүгінде немістермен бірге байыыыып отырар едік» дегені. Төбеден жай түскендей əсер етті. Құдай-ау, тəуелсіздіктің қадірін, мəртебесін, қасиетін бағаламайтын жан да болады екен-ау… Жер бетінде қасіреттің қанын тоқтаусыз ішкен екі ел болса, соның бірі қазақ. Бір жұрт болса, ол да қазақау шамасы.
Тарихта аты аталғаннан ат үстінен түспеген, азулымен айқасып, қарулымен шайқасқан, ғасырлар бойы азап шеккен еліміз ертеңі үшін еңсе түсірмеді. Ұрпағы үшін ұрыстан қашпады. Ұлан ғайыр даланы аманаттау үшін арып ашып күн кешті. Сонау ХV ғасырда Жетісу өлкесінде құрылған қазақ хандығының да басынан қара бұлт үйірілуден жалықпады. Бірақ сол кездегі бабалардың ерлігі ел мəртебесін асқақ етіп, төрт күл дүниеге ҚАЗАҚ деген атты əйгілей түсті. Тарихын танытып, тасқа қашады. Үлкен жəне кіші сұлтандар бірлесіп Қозыбасы тауының маңынан Шар қаласын салдырды. Қала Шу өзенінің жоғарғы жағында қазіргі Қырғызстан жерінде орналасқан болатын. Осылайша қазақ хандығы орта Азиядағы алғашқы ұлттық мемлекет болды. Сол себепті Шар қаласы қазақ хандығының алғашқы табан тіреп, толыққанды мемлекет болып қалыптасуына негіз болған бірінші мекен, яғни бас ордасы, қазіргі тілмен айтқанда астанасы еді.
Жаңа құрылып қалыптаса бастаған мемлекетке алғашқы уақытта іргесін тіктеп алу мақсатында қажет болған Шар қаласы уақытша мекен болып құпия сақталды. Əбден ірге бекітіп елдік құрылымға көтерілген соң Керей мен Жəнібек хандар «Қазақ» мемлекетін құрып, Астанасын «Созақ» деп жариялады. Осыдан соң қазақ хандығы іргесін бекемдеп, біртұтас мемлекетке айнала бастады. Дегенмен əр қапталдан көз алартып, айылын жимаған азулы елдер əлсін-əлсін шабуылдармен ес жидырмай отырды. Тарихта қалған сол шайқастар тек еліміздің бірлігі мен тұтастығының арқасында ғана ойрандалып отырды. Орыстың отары болғанда да озбырлықтан ада болмады. Ана тілінен, ата дінінен, мəуелі мəдениетінен, əуезді əні мен əдебиетінен, дəстүрі мен салтынан айырылудың шақ алдында қалды. Алаш арыстары аттандап, қазақтың ұйқысын ашқанша, аждаһаларды аранына алып ұрды. Одан соң Отан үшін тағы да оғландар оққа ұшты.
Желтоқсанда да жалынды жастар жасындай жарқылдады. Қазақтың намысын, өршілдігін, бойында қайсарлықтың табы бар, қазақ деген рухты елдің қаны бар екенін аңғартты. Осындай құрбандықтар, бəйгеге тігілген бастармен келді тəуелсіздік. Қан боп аққан жастармен келді. Ендеше сол азаттықтың құнын көк тиынға татытпау, арсыздықтың нышаны болса керек. Өйткені тарих қатпарларында талай ғасырды ақтаратын қазақ даласының ашылмаған сырлары көп. Біз білетін тарихта дархан даланың төсінде қырандай еркін қалықтап, тұлпардай тұяқ тоздырған, ұрпаққа алып даланы аманаттау үшін жағадан шапқан жаумен шайқасып, уақыт оздырған бабалардың ерлігі кезең-кезеңімен өсіп келе жатқан ұрпақтардың құлағына жетері анық. Сол аманат қып қалдырған даламыздың əр мекені жайындағы тарих деректері бүгінімізге, болашағымызға азық боларлықтай. Соның ішінде бас қаламыздың орны ерекше.
Біздің дəуіріміздің ХІ-ХІІІ ғасырларында Арқада қыпшақ тайпалары көшіп-қонып жүргендігі белгілі. Осылайша өткен ғасырда археологтар Ақмола жерінен көне қаланың орнын тапты. Қалашық өз заманында гүлденіп, Жібек жолы бойындағы сауда орталықтарының біріне айналғандығы белгілі болды. Бозақ деп аталатын бұл мекен сонау қыпшақ билеушілерінің елордасы болған дейді зерттеушілер. Демек Елбасымыздың Астана орнын Арқа төсіне таңдауы кездейсоқтық емес. Қойнауы тарихқа толы қазақ даласының тарихын болжап, болашақты түйген көрегендікпен таңдау осы мекенге түсіп отыр. Сонау 1996 жылы Ақмола қаласын астана жасаймыз дегенде қоғамның басым бөлігі күмəнмен қарағандығы жасырын емес. Алматыдан тым ескі қаланы қайтадан қалыпқа келтіруді дүйім жұрт тіптен де көз алдына елестете алмағандығы да мəлім. Алайда 1998 жылы тəуелсіз Қазақстан жаңа əрі жас қала – Астананың атын бүкіл əлемге паш етті. Етек жеңін қамтып, енді ғана ес жиып келе жатқан егемен елдің бірегей ұлдары Қазақ елінің ертеңі үшін аянбай тер төгіп, барын шаша еңбек етті. Халық аузында «Басы қатты болғанмен аяғы тəтті» деген сөздің тектен тек айтылмағаны осы тұста дəлелге ие болды. Жыл, ай, күн тіпті сағаттар сырғып өткен сайын бас қала ажарына кіріп, көркіне көрік қоса бастады. Ешкімнің ойына кірмеген ғимараттар бой көтеріп, айбынды Астана жарық жұлдыздай жарқырады. Астанамыз əр күні жылға татитын, əр жылы ғасырға тең қарқынмен дамудың даңғыл жолына түсті. Шет мемлекеттен келетіндер ғана емес, қазақстандықтардың өзі тамашалап тауыса алмайтын көркі көз тартар орындар бой көтерді. Тамашалаушылар ертегі əлеміне кіргендей күй кешті. «Тəуекел түбі жел қайық, өтерсің де кетерсің» дегендей Елбасының батыл қадамы мен сарабдал саясатының арқасында абыройы асқақтаған бас қаламыздың дəрежесі бүгінгі таңда дүниежүзіндегі астаналармен тең десек артық айтпаймыз. Жаңа əрі озық үлгідегі тамаша тұрғын үй кешендері, еңселі əкімшілік ғимараты, гүлзарлары мен субұрқақтары, əсем монументтері, ескерткіштері бар Есіл жағасындағы еңселі қала бейне бір қауыз жарып келе жатқан өсімдік тəрізді. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде бой көтерген шағын қалашықты айтсаңызшы. Ол қауыз жарған өсімдіктің Сарыарқа төсіндегі жеке дара жап-жасыл жазирасындай. Жыл сайын құлпырып, түрленіп тұратын Астананың сəулет ажарында ұдайы жаңа өрнектердің пайда болып тұратындығы тағы бар. Əрдайым өзгеше бір тың бояулармен көркемделуде. Сол сияқты жас қалаға жапырағын жайып, бас қаланың басты символына айналған «Бəйтерек», ескіден сыр шертетін «Хан Шатыр», Ұлы Жібек жолын еске салатын «Керуен» сарайы Астананың сəнін келтірген інжу-маржан, Есілдің жағалауына əр берген гауһар моншақ іспетті. Ал мұндай көрікті қаланың дамыған мемлекеттер Германияның астанасы Берлиннен, Ұлыбританияның астанасы Лондоннан, Американың астанасы Вашингтоннан, тіпті көрші жатқан Қытайдың астанасы Пекиннен, Ресейдің астанасы Мəскеуден қай жері кем? Керісінше артықшылығын таппасаңыз, кемшілігін іздей алмайсыз. Францияның астанасы Парижде тұрған «Эйфель» мұнарасының бас қаламыздағы Бəйтеректен асқан тарихы жоқ шығар, сірə. Сондықтан да дүние жүзіне зиялылық нұрын төгетін Астана тоғыз жолдың торабындағы Еуразияның, əлемнің сəулетті қаласына айналып отырған ғажайып шаһар. Тəуелсіз еліміз ширек ғасырдың ішінде-ақ əлемнің үздік елдерінің қатарына қосылса, Астанамыз 20 жылдың ішінде таңғаларлықтай көрсеткіш көрсетіп, əлемге Қазақстанның қандай мықты мемлекет екендігін дəлелдеді. Əлемде бір ғана қаласымен бір мемлекетті танытқан Қазақстандай ел жоқ. Аққу қанат елордамыз ежелгі Есіл бойында қанатын кеңге жайып, сəулетті де сəнді ордаға айналуы тектен тек емес. «Елу жылда ел жаңа» дегендей іргетасы қаланғанына елу жыл емес, жиырмаға енді аяқ басып отырған тəуелсіз еліміздің жүрегі саналатын бағаналы ордамыз əлем назарында. Жан-жағымыздағы бауырлас елдермен қатар, өзіміз қазіргі уақытта тереземізді теңестірген «мүйізі қарағайдай» ірі мемлекеттер де астанамызға көз тігуде. Мұндай қуатты мемлекеттерді назарға қарату жас Отанымыз үшін зор жетістік. Кішкентай қаладан алып арман қалаға айналған шаһарымызды əлем мойындамаса да, мойындаса да қазақ халқының тарихының жаңа парағы, рухани дүниесінің есігі ол – Астана. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай ерке Есіл жағасында бой көтерген, ерекше сəулеттік ландшафты бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасымен өз елін шексіз мақтан тұтатын көп ұлтты жəне көп дінді халқы бар əсем де мейірлі астанамыз, міне, осындай…
Бақтияр ҚАБАСОВ,
«Талғар».