Қуанса — бала қуансын

Қуанса — бала қуансын

Қазақ елінің тәуелсіздігінің нышаны іспеттес әсем қаламыз Астананың бой көтергеніне де 20 жыл толып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен осынау аз ғана жылдың ішінде елордамыз дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне айналды. Бүгінгі күні сұлу  Астананың 20 жылдығына арналған игі шаралар легінде сан жоқ. Осындай мерекелік шараларды ұйымдастырушылардың алдыңғы қатарында еліміздің бас партиясы «Нұр Отан» бар. Астананың 20 жылдығына орай «20 қайырымды іс»  атты респубикалық акциясы бастау алған болатын. Сол акция аясында аудандық «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен жуырда «Аяла» Талғар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ММ-сінде тәрбиеленіп жатқан балаларға мерекелік кеш сыйлады. Бұл игі бастамада оларға  аудандық оқушылар үйінің  басшысы Н.Им қолдау көрсетіп, қам көңіл балаларға концерттік бағдарламалар мен сахналық қойылымдар көрсетті.

Іс- шара барысында партия төрағасының бірінші орынбасары М.Ермағанбетова балаларды мерекелерімен құттықтап, қиын да қызығы мол тәрбиешілердің жұмыстарына сәттілік тілеп, ұжымға алғысын білдіріп, марапаттады. Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдарда мәселелерді шешуге бағытталған жүйелі жұмыстардың өз  деңгейінде жүргізіліп жатқаны туралы, яғни ауданымыз бойынша    «Бақытты отбасы — бақытты балалық шақ» партиялық жобасын жүзеге асыруда  атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігіне, сондай-ақ «проблемалық отбасылар мүшелерінің, сондай-ақ жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен түлектерінің мәселелерін шешу үшін, құзырлы органдар  мен азаматтық қоғаммен біріге отырып  көптеген  игі істердің істеліп жатқандығын да тілге тиек етті.

Аталмыш шараға жомарт жүректі азамат, аудандық мәслихат депутаты Т.Юсупов та қолдау көрсетіп, балаларға базарлығын да ала келіпті.    Базарлық пен ән-бидің ырғағына мәз болған сәбилердің жүздеріне күлкі үйіріліп, ертегі кейіпкерлерімен бірге би билеп, ойын ойнап естелік суреттерге түсті. «Қуанса бала қуансын!» демекші,  Мейрамгүл Сағынжанқызы мүмкіндігі шектеулі  балалар тәрбиелеп отырған ата-аналарға да ризашылығын білдіріп, сабырлық тіледі. Қам көңіл балалар өздеріне ойын-сауық сыйлаған аға-апаларымен қимай қоштасты.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».