31 МАМЫР – САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ

31 МАМЫР – САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРАЛЫ КҮНДЕРІ – ЖАСТАР НАЗАРЫНДА

Осы аптада Қызыл-Қайрат ауылындағы «Модельді ауыл» кітапханасының меңгерушісі Роза Шаймаханованың ұйытқы болуымен 31мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Жазықсыз жапа шеккендер» атты кеш болып өтті. Алғашқы сөз тізгінін ұстаған ҚызылҚайрат ауылындағы «Мəдениет үйінің» директоры Кеңес Баймұханов 1932-33 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан 2,5 миллион қазақтың қырылғанын, қалғандары көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейге қарай босып кеткенін ал, 1937-38 жылдары қазақ халқының тəуелсіздігі
үшін басын қатерге байлаған: Ə.Бөкейханов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев сияқты ұлтымыздың марқасқа азаматтарының 25 мыңнан астамы «Халық жауы» есебінде атылып кеткенін, 100 мыңнан астам алаш арыстарының «Карлаг», «Алжир» сияқты тұтқындар лагерінде 10-20 жылдап жазықсыз жапа шеккенін əсерлі түрде баяндап берді. Осы кештің басты ұйымдастырушысы «Модельді ауыл» кітапханасының қызметкері Роза Шаймаханова «Халық жаулары» мен ашаршылық құрбандары туралы деректі материалдардан биографиялық шолу жасап, слайд көрсетті.

Сол кезеңдердің ащы шындығын слайд арқылы көріп, тарихи деректерге көз жіберген №19 орта мектеп оқушылары мен ауыл оқырмандары алдында сөз алған зейнеткер Апиля Капсалимова, мəдениет үйінің қызметкері Мырзабек Парманов, ата-ана Бисара Қарасаева, №19 орта мектептің 3-сынып оқушысы Сабина Əбжатовалар қазақ халқының басынан өткен ғұлмат күндердің жас ұрпақ үшін үлкен мəні, тəлім-тəрбиелік маңызы көп екенін айтты. Жиналғандар кітапхана ішіне қойылған қазақ ақын- жазушылары Қасымхан Бегмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» атты тарихи-деректі танымдық-сараптамалық кітабын, жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Біртұтас Алаш идеясы», ғалым Мəмбет Қойгелдінің «Тарихи күрес алаңы» жəне жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Жазықсыз жапа шеккендер» атты жаңа туындыларын тамашалады.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».