Басқа мемлекеттерді қайдам біздің елде мемлекеттік жастар саясатының мақсаты мен негізгі бағыттары айқын көрсетілген. Өйткені, жастарға жасалған жағдай мен берілген мүмкіндіктер — болашаққа құйылған инвестиция деп білеміз. Елбасының тапсырмасымен елімізде мемлекет пен жастар арасында тығыз қарым-қатынас қалыптасқандығын айтуымыз шарт. Десек те, «жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды жастардың өзі біле ме, дұрыс насихатталып жатыр ма?» деген сауалдар көпшіліктің көкейінде бары анық. Жуырда Талғар ауданына келген ақпараттық-насихат тобы осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып, туындаған сауалдар төңірегінде аудан жастарымен кездесу өткізді.
Кеңдала округіндегі №36 мектептің кең залында өткен кездесуге Талдықорған қаласындағы «Жастарға қызмет көрсету орталығының» кеңесшілері келіп, басқосудың басты мақсаты – мемлекеттік бағдарламалардың жай-жапсарымен таныстырды. Кездесуді ашып, жүргізген аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі З.Нұрланқызы ауданда жастар саясаты жөнінде өткізілген жұмыстарға қысқаша тоқталып кетті. Аталмыш орталықтың «Жастарға қызмет көрсету» бөлімінің басшысы Дәурен Нұртаев алғашқы болып сөз алып, 2016 жылы ашылған орталықтың жастардың жаңа идеялары мен жобаларына бағыт беретін, күш-жігерін біріктіріп, түрлі мәселелері бойынша көмек көрсететін, оның ішінде жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар жайлы кеңес беретін келелі шаңырақ екендігін жеткізді. Әсіресе орталық ай сайын бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып, жұмыссыз жастарға қолдау танытады екен. Осы жылдың төрт ай ішінде бес ваканттық орындар жәрмеңкесі өтіп, 29 жас тұрғылықты жұмысқа орналасса, 49 жас жолдама алған екен. Осындай өзге де игі істер туралы айта кеткен бөлім басшысы жастар үшін ең тиімді жобаға айналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қарапайым тілде түсіндіріп өтті. Жалпы жобаның орындалу барысы қандай? Жобаға қатысу үшін қандай құжаттар қажет? Көтерме жәрдемақы алған кезде қандай құжаттар өткізу керек деген сияқты заңдық тұрғыдағы мәселелерге жалпыға ортақ тілде жауап берді. Сондай-ақ көрсетілген көмектерге қол жеткізген жас маман бағдарламаның шарты бойынша ауылдық жерде 3 жыл қызмет ететіндігі және әр тоқсан сайын жұмыс орнынан тиісті орындарға анықтама өткізіп тұратындығы, егер көрсетілген ережелер жас қызметкер тарапынан бұзылса, ол барлық шығынды мемлекетке қайтаратындығы да сөз болды.
Келесі кезекте бөлім кеңесшілері Әсем Тоқтасын «Нұрлы жер» бағдарламасынан мәлімет берсе, Әйгерім Серікова техникалық және кәсіптік білім беру мәселесі бойынша кеңінен тоқталып өтті. Ал Айнұр Нұрболқызы таныстырып өткен «Серпін-2050» жобасына жастардың қызығушылығы көп болды. Бағдарламаның мақсаты — халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру болып табылатындықтан, мектеп бітіруші түлектердің грантқа түсуіне мүмкіндіктері зор екен. Яғни ҰБТ кезінде ЖОО таңдағанда аталмыш бағдарламада қарастырылған оқу орындарын таңдаса болғаны. Ай сайын шәкіртақыдан бөлек жылына екі рет туған жеріне бару үшін кететін жол шығыны да мемлекет мойнында. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын таныстырған Самат Нұрланұлы үш бағытқа тоқталды. Алдымен бағдарлама аясында еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға, жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне сәйкес дуалды оқытуды қолдана отырып, қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуге мүмкіндік беріледі. Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасалатын болады. Аталған бағытқа 2017 жылы 1700 адамды қамту жоспарланып, 5,3 млрд.теңге қарастырылған екен. Кәсіпкерлік дағдыларын алу үшін «Бастау Бизнес» жобасы өңірлік кәсіпкерлер палатасының қатысуымен жүзеге асырылады. Бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға жұмыссыз азаматтарды жіберу жоспарланып отыр. Кездесуде жаңадан бастау алған «100 нақты қадам», «Бес әлеуметтік бастама», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» сынды мемлекеттік бағдарламалар мен салалық, өңірлік жобалар да толыққанды түсіндірілді. Жиын барысында студенттер оқу бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасу жөнінде, сырттай бөлімде оқып жүріп жұмыс жасау, тұрғын үй алу үшін шот ашу, жастар практикасы жайында сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауаптарын алды.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат