Қаңтар айындағы қаһарлы қыстың аязды күндерінде Талғар қаласындағы бірқатар көпқабатты үйлердің су құбырлары қатып істен шыққан болатын. Соның салдарынан мыңдаған тұрғындар ауызсусыз қалып əбігерге түскені əлі есте. Талғарлықтардың басына түскен қиын жағдай облыс əкімі Амандық Баталовтың назарына бірден іліккен еді. Арнайы ат басын бұрған өңір басшысы сол кезде зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, мəн-жайды өз көзімен көріп қайтқан. Бар мүмкіндік жұмылдырылып құбырлар қалыпқа келтіріліп, мəселе шешімін тапқан болатын. Халықты талайдан толғандырып жүрген əлеуметтік мəселелерді облыс басшысы аудан əкімінің қорытынды есеп беру жиынында да баса айтып, Алматыдай ірі мегаполистің іргесінде орналасқан Талғар қаласындағы 252 көпқабатты үйлердің орталық газ жүйесіне əлі қосылмай отырғанын сын тезіне алған. Облыс əкімінің тікелей тапсырмасымен бұл бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынып, сең орнынан қозғалған сыңайлы. Қысқы аязда су жүйелері қатып көп зардап шеккен «Бозторғай», «Мелиоратор» мөлтек аудандарындағы көпқабатты үйлерді газбен жылыту жүйесіне қосуға байланысты жоспарлы жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырыла бастады.
Облыс əкімінің орынбасары Байжанов Айдарбек Естебекұлы осы мəселелердің орындалу барысын бақылау мақсатында ауданға ат басын тіреді. Ең алдымен лауазым иесі қаламыздағы «Мелиоратор», «Бозторғай» мөлтек аудандарын аралап, тұрғындармен, КСК жетекшілерімен кездесті, атқарылып жатқан жұмыс жайын байқады. Содан соң аудан əкімдігінің кіші жиынжайында аудан əкімі Рыскелді Сатбаевпен бірге жауапты сала мамандарымен кездесу өткізіп, нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеді. Бұл жиынға Алматы облысының энергетика жəне тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Əсет Серікұлы Қанағатов пен бірқатар басқарма өкілдері де қатысқан болатын. «Қыстың қамын жаз ойла!» дегенді алға тартқан облыс əкімінің орынбасары А.Байжанов өңір басшысының берген тапсырмасын үлкен жауапкершілікпен атқару керектігін баса айтты. Халықтың үмітін ақтап, жұмысты сапалы əрі дер кезінде жүргізудің маңыздылығын алға тартқан ол, апатты жағдайды болдырмау үшін, қысқа дайындық жұмыстарын қазірден бастап аса жауапкершілікпен жүргізіп, оған жіті мəн беруді тапсырды. Бұл ретте, ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттар) бекітілген соң, көпсалалы жұмысты, яғни ыстық, суық су жүйелерін, кəріз жүйесін жөндеп, жаңартуды нақты бір мердігер компания жүзеге асырса жұмыстың тиімді əрі сапалы жүргізілетінін айта келе, жергілікті билікке көпқабатты үйлердің жертөлелерін ретке келтіру, жылылау, ондағы инфраструктуралық коммуникацияларға еш кедергісіз қол жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруды жүктеді. Сонымен қатар, аудандық жер бөлімі мен аудандық сəулет-құрылыс бөлімінің басшыларына блок-модульді қазандықтардың құрылысы жүретін жер учаскелерін анықтап, құжаттарын жедел заңдастыруды міндеттеді. Орнатылатын блок-модульді қазандықтар саны алтау болмақ. Аудан əкімі Рыскелді Сатбаев Талғар қаласындағы 163 көпқабатты үйдің 18-нің жылу жүйесі пəтер иелерінің ұйымдастыруымен газ қазандықтарына қосылғанын, алдағы уақытта тағы да 18 қазандық орнату үшін өтінім беріліп отырғанын жеткізді. Талғар қаласындағы көпқабатты үйлерді орталық газбен жылыту жүйесіне қосу жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын айтты.
Райхан АЗИМОВА
Талғар-ақпарат