22 мамыр күні Астана қаласындағы орталық базарлардың бірінде екі жасар қыздың саусағы эскалаторға қысылып қалды. Бір топ адам эскалаторды жылжытпай ұстап тұруға әрекет жасады. Кейін оқиға болған жерге дәрігерлер келіп, балаға шұғыл медициналық көмек көрсетті. Осы жағдайға қатысты Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек Facebook желісіндегіпарақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме жасаған ТалғарАқпарат.
Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек эскалаторға қолы қысылған екі жасар қызға қатысты пікір білдіріп, механизмді өз күштерімен тоқтатпақ болған ер азаматтарға алғыс айтты.
«Әлеуметтік желі кешегі дауыл кезінде түсірілген видеолармен толықты. Бірақ бұл табиғи құбылыс, ал кешегі қолын күрделі техникалық сипаттағы эскалаторға қысып алған екі жасар қыздың жағдайы не болды? Бала, тіпті, тұрмаған, қолын эскалатордың жүріп және жүрмей тұрған тесігіне кіргізіп жатқаны белгілі болды. Осыған орай, бірнеше сәтке тоқталғым келіп отыр. Біріншіден, қалалық дәрігерлер балаға уақытылы алғашқы-хирургиялық көмек көрсетіп, екі қолына да гипс салды.
Дәл қазір қыздың жағдайы тұрақты, ол амбулаториялық ем алуға жіберілді. Екіншіден, резонанс тудырған сауал – осы уақытта баланың анасы қайда қарап тұрды? Эскалатормен түсіп-шыққан кезде анасы баласын қолына алып немесе қолынан ұстап тұруы керек қой! Әлеуметтік желіде небәрі секундтар ішінде балаға қарамаған сәтте болған қайғылы жағдайлар туралы видеолар көп. Телефонды қойып, балаға қараңыздар, себебі олар сіздің болашағыңыз. Ал олардың болашағы әзірге сіздердің қолдарыңызда», — дейді Арман Тұрлыбек.
Бұдан кейін әкім әрбір эскалаторда оқыс жағдай болған кезде оны тоқтатуға арналған кнопка болатынын түсіндірді. Яғни бұл оқыс жағдайдың болуына екі тараптың да қатысы барын жазды.
«Үшіншіден, әрбір эскалаторда оқыс жағдай болған кезде басатын кнопка болуы тиіс. Ал кнопка болмаған жағдайда видеобақылау орнатылады. Яғни операторлар жіті бақылап, оқыс жағдай болған кезде бірден тоқтатады. Қызметкерлер бұл уақытта арнайы бөлмеде отырып, бақылау жүргізулері тиіс. Олар сол жерде отырды ма? Қаншалықты уақытылы шара қолданғанына тергеу жауап береді деп ойлаймын. Заңға сәйкес, объект иесі мен эскалатор қызметін ұсынып отырған компаниямен бірігіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр және органдар тиісті материалдар ұсынады деп үміттенемін.
Төртіншіден, неге кейде оқыс жағдайда тоқтатуға арналған кнопка орнатпайды? Себебі, кейбір адам үшін бұл ермекке айналып, керек емес кезде эскалаторды тоқтатып, көптеген адамды жарақаттауы мүмкін. Бесіншіден, эскалаторды өз күштерімен тоқтатпақ болған ер азаматтарға алғыс айтамын. Рахмет сіздерге! Алтыншыдан, осы секілді ғимарат иелерінен тұрақты түрде эскалатор жұмысын тоқтатып, механизм мен кнопканың техникалық жағдайын тексеріп отыруларын, оператордың жұмыс уақытында өз орнында отыруын қадағалауды сұраймын. Оқыс жағдай болған уақыт аралығына қарап көп сұрақ туындайды. Оператор расымен жұмыс орнында отырды ма?» — дейді әкім.
Сөз соңында Арман Тұрлыбек эскалатормен жүру ережелерін түсіндіріп, оларды қатаң түрде сақтауды сұрады. Адам эскалатордың сол жағында, қолымен жиегінен ұстап, тиісті емес жерлерді баспай, ұзын киімдерінің етегін көтеріп, жасы кіші балаларын қолға алып немесе қолынан ұстап тұруы тиіс. Сондай-ақ, эскалатордың қозғалыссыз бөлігіне сүйкеніп тұруға болмайды.
Естеріңізге сала кетсек, 22 мамыр күні Астана қаласындағы сауда орталықтарының бірінде екі жасар қыздың эскалаторға қолын қысып алғаны туралы хабарлаған едік.
Талғар-ақпарат