ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек Астанада эскалатордың қызды жарақаттауы мен Атырауда балалардың лифт шахтасына құлап қаза болуына қатысты түсiнiктеме бердi, деп хабарлайды ТалғарАқпарат Baq.kz-ке сілтеме жасап.
Атырауда екi жасөспiрiм 15-қабаттан жүк лифтiсiнiң шахтасына абайсызда құлаған.
«Қаза болған 14 және 15 жастағы екi жасөспiрiм. Бұл тұрғын үйде жабық лифт болған. Бiздiң министрлiк, Индустриалды даму және өнеркәсiптiк қауiпсiздiк комитетi өндiрiстегi лифт механизмiне байланысты мәселелерге жауап бередi. Дегенмен, тұрғын үйлерге облыс әкiмдiктерi жауапты. Бiрақ, осы оқиғадан кейiн бiз Атырау облысының әкiмдiгiмен бiрлесiп, бұл мәселенi қарастырып жатырмыз. Лифт жабық болған, балалардың оған қалай кiргенi белгiсiз. Қазiр әкiмдiк жеке комиссия құрды. Бiз оларға көмектесудемiз. Комиссия кiнәлiлердi анықтайды. Олар тиiстi жазасын алады», — дедi Қасымбек Мәжiлiс кулуарында журналистерге берген сұхбатында.
Министр эскалатор бойынша мәселенiң де егжей-тегжей тексерiлетiнiн айтты. Жеңiс Қасымбек дерегiнше, Астана базарындағы эскалатор ескi болмаған.
Еске сала кетейік, 21 мамыр күні Атырауда екі бала лифт шахтасына құлап, көз жұмған болатын. Сонымен қатар, кеше Астана қаласындағы базарда екі жасар қыз эскалаторға қолын қысып алған еді.
Талғар-ақпарат