Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған мəдени шараның бірі ретінде жуырда өткен қолөнер көрмесін айтуымызға болады. «Ұлы дала өнері» деген атпен Талғар политехникалық колледжінде көрініс тапқан шараға аудандағы темірден түйін түйіп, ағаштан ою оймаса да олардан кем түспейтін қолөнершілер қатысты.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, аталмыш білім ошағының оқуөндіріс шеберлерінің ұйымдастыруымен өткен көрмені директордың тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Жеңісгүл Құрманғожаева ашып, шараның артықшылықтарын түсіндіріп өтті. Сөз алған аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Жұмағыз Бұтабаева, политехникалық колледж директорының оқуөндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Қалмақан Ералиев та аталмыш шараның жастар үшін маңыздылығы зор екеніне тоқталып өтті. Шынында да көрмеге келушілер қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан киіз, ағаш, былғары сынды табиғи заттардан жасаған ұлттық сəндік, тұрмыстық бұйымдармен, сондай-ақ салтдəстүр мен əдет-ғұрыпты дəріптейтін шығармалармен қызыға танысты. Əдемілігі жағынан бірінен бірі асқан бұйымдар арасында түрлі əшекейлер, ыдыс-аяқтар, теріден жəне киізден жасалған алуан түрлі тұрмыстық қолданбалы заттар болды. Шеберлердің алтын қолдарынан шыққан бұйымдарға қарап бүгінгі жастарымыздың бай ой-өрісін байқамау мүмкін емес. Мысалы, Нұра ауылынан келген Құмарбек Төлеухан жасаған астауларға, домбыраларға қызығып, көңіл бөлушілер көп болды. №12 орта мектептің еңбек пəнінен сабақ беретін ұстаз бос уақытында осы кəсіппен айналысып, нағашыларынан дарыған өнерді жалғастырып келеді екен. Алғаш 16 жасында қобыздан бастаған хоббиі бірте-бірте жемісін беріп, бүгінде «Атакəсіп» деп аталатын шеберханасын ашып үлгерген. Өз білгенін шəкірттеріне үйретуден жалықпай келеді.
Ал киізден ою ойып, кесте тігіп, өрнек өріп өскен Адия Құсманқызы (суретте) болса тігін шілік кəсіпті өмір ін ің мəніне айналдыра білген. Политехникалық колледжде тігінші мамандығынан сабақ беріп жүрген білікті ұстаздың шəкірт тəрбиелеп келе жатқанына он жылға жуықтапты. Сабақтан тыс үйірмеде жасалған дүниелерді көрмеге қойып, көпшілік назарына ұсыныпты. Күнделікті киюге ыңғайлы костюмдерге қазақылық бояу сіңіріп, той көйлектері, қазақы киімдер мен этникалық жанрдағы костюм үлгілері жастардың еңбекқорлығымен қатар ізденушілігін де паш еткендей.
Бітіріп кеткен түлектері Астана, Алматы қалаларындағы белді шеберханаларда жұмыс істеп жатқандығының өзі ұстаздың біліктілігін аңғартса керек. Көрмеге сонымен қатар политехникалық колледждің аспазшы мамандығында оқитын оқушылардың өздері дайындаған бəліштер мен түрлі тоқаштары да қойылыпты. Болашақ дəнекерлеушілер болса темірден жасалған сауыт, қалқаннан өзге батырлардың қару-жарақтары мен тұрмыстық құрал-саймандарды ұсыныпты. Ұсталық өнер атадан келе жатқан кəсіп болғандықтан көрмеден орын алуы əбден заңдылық деп риза болыстық.
Игі шараны қорытындылаған аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Дария Кеңесжанқызы аудандағы қолөнершілердің басын қосып, туындыларын көпшілікке таныстыру арқылы тарихымызды, салтдəстүрімізді насихаттау мақсаты екенін, осы арқылы ұрпақ бойына ұлтқа деген құрмет сезімін ояту екенін айта келіп, алдағы уақытта да кең көлемде жалғасын табатынын жеткізді.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талгар-ақпарат