«ЖАҚСЫЛЫҚТАҒЫ» ЖАҢА ЖЫЛ

«ЖАҚСЫЛЫҚТАҒЫ» ЖАҢА ЖЫЛ

Қаламыздағы «Жақсылық» бөбекжай-балабақшасында да Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Кішкентай бүлдіршіндерге ұлттық мейрамымызды кеңінен насихаттап, халықтық дəстүрді дəріптеуге баулуға бағытталған шараға ата-аналар мен қонақтар көптеп жиналды. Балабақша ауласы əсем безендіріліп, əрбір топ өзінің ойын алаңдарына киіз үйдің шаңырағы мен керегесін құрып, ұлттық нақышта безендіріп, кең дастархан жайыпты. Балалар бақшасының ұжымы қара қазанға иісін аңқытып бауырсақ пісіріп, Наурыз көже қайнатып, самаурынмен шай қайнатып жатты. Балабақшадағы Наурыз тойын тəрбиешілер жыр шумақтарын төгілте ашып, мейрамның «Көрісу» дəстүрімен басталатынын айтып, бір-біріне жақсы тілек тілеп, көрісті. Əрі қарай тізгінді бүлдіршіндерге берді.

«Қарлығаш», «Золотой ключик», «Солнышко», «Балапан», «Пчелка», «Балдырған» тобының балалары Наурыз мейрамына арналған тақпақтарын жатқа айтып беріп жатса, «Қарлығаш» пен «Балдəурен» тобының балақайлары «Əз Наурыз» əнін орындап, мың бұрала билеп берді. «Солнышко» тобының балалары «Весна-красна» əнін орындап берсе, «Пчелка» тобы «Гүлдер» биін тарту етті. Келесі кезекте «Қарлығаш» тобының балалары «Айтыс» өнерін ортаға салды. «Балапан» тобының балалары «Шашу» биін билеп берсе, «Балдырған» тобының кішкентай өнерпаздары «Алдар көсе» қойылымын сахналап берді. Содан кейін ұлттық салт-дəстүрімізден «Бесікке салу» рəсімін көрсетті.

Бүлдіршіндердің дайындаған концерттік бағдарламалары ұзаққа созылды. Тамаша ойын-сауықтан кейін барша бала дастархан басына жиналып, ыстық бауырсақ пен Наурыз көжеден дəм татып, мəре-сəре болып тарасты.

 

Перизат НҰРҚАЕВА

Талғар-ақпарат