Аудандық Мəдениет үйінде қазақ күресінен ең күшті, жүзден жүйрік шығатын «түйе балуанды» анықтау барысында «Талғар барысы» турнирі өткізілді. Оған аудан көлеміндегі Алатау, Белбұлақ, Бесағаш, Бесқайнар, Гүлдала, Кеңдала, Қайнар, Нұра, Панфилов, Тұздыбастау, Талғар қаласының ең тəжірибелі балуандары жиналып, күш сынасты. Аудан əкімінің жүлдесі үшін өтетін жарыстың ашылу салтанатында сөз алған ауданның дене тəрбиесі жəне спорт бөлімінің бастығы Аманжол Нұрманов спортшыларға сəттілік тілей отырып, ең үздік деген екі балуанның осы сəуір айында облыста өтетін «Жетісу бөрісі» турнирінде Талғар ауданы намысын қорғайтынын жеткізді.
Боз кілем үстіне көтерілген атан жілікті, апай төс, ауыр салмақты балуандар жеңіс үшін барын салып, боз кілем үстін дүбірге бөледі. «Күшті балуан алып та, шалып та шығады» – демекші, жарыс олимпиадалық жүлде бойынша өткізілгендіктен бір жеңіліс тапқан балуан жарыстан шығып қалып жатты. Жүлделі үшінші орын үшін Талдыбұлақ ауылынан келген Береке Набиев пен Талғар қаласының жас барысы Тоқтар Бауыржан боз кілем үстінде айқасып, жеңіс тəжірибесі мол Б.Набиевтің қанжығасында кетті. Ақтық айқас Панфилов ауылынан келген Жарқын Сыбанбаев пен Нұра ауылының балуаны Төкен Батырханның арасында өтеді. Екеуі де қазақ күресінің қыр-сырын жетік білетін жігіттер екен. Дегенмен жан алып, жан беріскен айқаста тəжірибесі мол, күрестің бүге-шүгесін жақсы білетін Төкен Батырхан қарсыласын ұпай санымен ұтып «Талғар бөрісі» атанды. Бас жүлде алған Төкен Батырхан мен күміс жүлдеге қол жеткізген Жарқын Сыбанбаевқа осы турнирдің демеушілері:«Технодом», «Сулпак», «Алсер» компанияларынан түрлітүсті теледидар сыйға берілді. Қола жүлдені иеленген Береке Нəбиев ұялы телефонды сыйға алды. Күрес жанкүйерлеріне жақсы көңіл-күй сыйлаған «Талғар бөрісі» турнирі осылайша өз мəресіне жетті.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ
Талғар-ақпарат