Наурыздың қайтадан қазақ жеріне қайтып оралғанына 30 жыл болған екен, биыл. Содан бері наурыз халықтың басын біріктіріп, берекемізді кіргізіп жатыр. Жер-жерде тойланып жат қан мерекеден мекемелер де шет қалмай, кең көлемде думан той жасауда. Жуырда сондай игі шараның бірінде болып, көңіліміз марқайып қайтты.
Талғар ауданындағы «Су құбыры» ШЖҚ МКХ ауласында өткен дүбірлі тойға халық көп жиналыпты. Дүбірлі деуімізге себеп жоқ емес. Төрт ауылға бөлініп, киіз үйлерін тігіп, молынан дастархандарын жайып, қазақтың күмбірлеген күйімен қарсы алып, үлкен-кішісіне қарамай ұлттық нақышта киініп, мəре-сəре болып жатқан жұртқа қарап дүбірлі тойдың ішіне түскендей боласың. Бір-бірімен құшақтасып, емен-жарқын амандасып жатқан көпшіліктен тек мерекелік көңіл-күй мен жылы лебіз көресің. Мұндай ерекше сəн-салтанатты аталмыш мекеме басшысы Айдын Мəуленұлының құттықтау сөзі тіпті жандандырып жіберді. «Қай халық болмасын тек өзiнiң тарихы, мəдениетi, өзiнiң руханияты шеңберiнде ғана дамиды. Біз де төл ерекшелiктерімізді осылайша өз деңгейінде насихаттай алсақ, өркениет көшiне адаспай ілесеміз», – деген басшының тілегін Ибрагим Разаков ақсақалдың тағлымды батасы шұрайландырып жіберді. Осылайша мерекенің кіріспесінен соң думанды той дөңгеленіп кете барды. «Жамбыл», «Талхиз», «Тұздыбастау», «Достық» деп ат қойып, айдар таққан төрт ауыл арасында өнерден өзара сайыс басталды. Айдын Мəуленұлы төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында кезінде аталмыш мекемеге басшылық жасап, тасын өрге домалатқан, бүгінде ауданға сыйлы ақсақалдар атанып отырған Ибрагим Шындəулетұлы мен Ерсұлтан Əбдіхалықов болды. Жарыс шымылдығын ашқан «Жамбыл» ауылының өнерпаздары Қыдыр ата, Тазша бала мен Наурыз шешекті де (наурыз айында өсіп шығатын «Қызыл кітапқа» енген өсімдік) ерте келіпті. Қыдыр атадан бата алып, Тазша баланың тілегін тыңдап барып концерттік бағдарламаларын жалғастырды. Əжелер ансамблі халық əнін, бишілері қазақ биін ұсынып, күй де сыйлаған «жамбылдықтар» атына заты сай болды. «Қыз ұзату» салтын көрсетіп, көпшілік көңілінен шықты. Тізгінді алған «Талхиз» ауылының жастары ұлттық өнерді заманға сай үндестіріп, жан-жақтылықтарын байқатты. Наурыз көженің жасалу жолын бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, отырғандарға ұлттық тағамнан дəм татқызды. «Келін түсіру», «Беташар» салттарын жаңғыртып, қаймана қазақтың ұлы мен қыздары екенін мақтанышпен паш етті. Азат елдің еркін өрендерінің өнері өз деңгейінде ұсынылды. Үшінші болып «Тұздыбастау» ауылы атқа мініп, тазы жетелеп, салтанатпен шықты ортаға. Əнмен əрлеп, бимен көмкерген қызметкерлер əжелердің көмегімен «Бесіккке бөлеу» рəсімін көрсетіп, жан-жақты түсіндіріп берді. Соңғы болып шыққан «Достық» ауылы нағыз көпұлтты Қазақстанды дəріптеді. Əр ұлттың биінен попурри билеп, тіпті қазақтың тойына шет елдің «əртістерін» де шақырыпты. Ұлтаралық татулық пен ауызбіршілікті насихаттай білген бұл ауыл «Тұсау кесер» салтын əспеттеп, нақышына келтіре көрсетіп берді. Концерттік бағдарламадан соң əр ауыл өз спортшыларын ұлттық ойындарда бақ сынатып, ұпайларын толықтыра түсті. Нəтижесінде «Жамбыл» ауылы бірінші, «Талхиз» ауылы екінші орынды жеңіп алды. Қалған екі ауыл 3-4 орындарды қанағат тұтты. Ұлыстың ұлы күнінің өз деңгейінде ұлықталуына ұйытқы болған мекеменің кəсіподақ ұйымының басшысы Əйгерім Дүйсенқызы мен бас инженері Кеңес Сүлейменов сөз алып, барлық қатысушыларға алғыстарын білдірді. Соңынан жиналған қауым мол дастарханда бас қосып, наурыз көжеден дəм татты.
Осылайша төрт ауыл арқылы қазақтың бетке ұстар салт-дəстүрлерін жаңғыртқан аудандық «Су құбыры» мекемесінің қызметкерлері қыстан аман-есен шыққан қауымға ұмытылмас мереке сыйлай білді.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат