Жыл басы – əз Наурызды №7 «Айгөлек» бөбекжайбалабақшасының балдырғандары да жоғары деңгейде атап өтті. «Наурыз тойы — жыр аңыз» атты мерекелік шараға балабақша ұжымы зор дайындық жасады. Мерекенің мəнін ашу үшін балабақшаның əрбір тобына қазақтың ақын жазушыларының, қоғам қайраткерлерінің, би-төрелерінің жəне басқа да біртуар перзенттерінің есімімен ауыл аттарын берген екен. Мұндағы мақсат – еліміздің ұлы тұлғалары туралы бүлдіршіндерге мағлұмат беріп, санасына сіңіру.
Балабақшаның барлық топтарының ойын алаңдары мерекеге сай безендірілген. Киіз үйдің керегелері құрылып, ұлттық қолөнер бұйымдарымен көмкерілген. Түскиіздер ілініп, алаша, сырмақ төселген. Көрпе, жастықтар жиналған. Ортаға дастархан жайылып, түрлі ұлттық тағамдарға толтырылған. Балабақша ұжымы мен балалар, ата-аналар да ұлттық нақышта киініпті. Əз Наурызға əр топ өзінше дайындық жасаған. Біреулері ұлттық салт-дəстүрімізден тұсау кесер рəсімін көрсетсе, енді біреулері бесікке салу, ат қою, қырқынан шығару рəсімдерін көрсетіп, айтыс өнерін ортаға салды.
Ақиық ақын Мұқағалидың атымен аталатын «Жас ұлан» тобының балдырғандары да Наурыз мейрамын сəнсалтанатымен атап өтті. Əуезді əн, ұлттық нақышта əрленген зал іші көптің көңілін көктем еткендей. Топ тəрбиешісі Жұлдыз Қанайбек балаларға алдымен ақын ағалары Мұқағали Мақатаевтың өмір жолы туралы айтып берді. Балалар да өз кезектерінде ақын ағаларының өлеңдерін оқыды. Содан кейін ғана Наурыз мейрамына арналған бағдарламаларына көшті. Ата-аналар мен балақайлар дəстүрімізге сай «Тұсау кесер» рəсімін көрсетіп, бұл рəсімнің мағынасын ашып, қаз-қаз басқан баланың көк шөптей көгеріп өсуін, тоқ ішектей өмірі тоқ болуын, ала жіпті аттамайтын адал азамат болуын тілейтін жасыл шөп, тоқ ішек, ала жіппен тұсау кесетінін тарқатып айтып берді. Əрі қарай өнерлі бүлдіршіндер «Əз Наурыз», «Наурыздуман» əндерін нақышына келтіре орындап, тақпақтарын айтып беріп, мың бұрала би билеп берді. Ата-аналары жайған тағам толы дастархан басына жиналып, Наурыз көжеден дəм татып, мерекені қызықты өткізді.
Перизат НҰРҚАЕВА
Талғар-ақпарат