«Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дəстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ақпарат жəне коммуникациялар министрлігі «Цифрлы Қазақстан» жобасын қолға алды. Ал бұл жоба туралы біз не білуіміз керек? Жалпы бұл бағдарлама бізге не береді? Бүгін осы тақырыпты ой қорытып көрдік. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының 4 негізгі бағыты бар. Бірінші – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік жəне логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы жəне электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру. Төртінші – IT мамандарды даярлау.
«Цифрлы Қазақстан» жобасының мақсаты қандай?
Ғаламдық жаһандану үдерісі үдеген сайын қоғамға қажетті ақпараттың қолжетімді болуының маңызы да артып келеді. Біз бұл мəселеге енді айрықша мəн беріп, тоқталып жатсақ, Жапония, Корея, АҚШ сынды мемлекеттер көштің басын келешекте бəрінен бұрын бұрып қойған. Осы үдерісті құрамдаушы елдердің бірі ретінде Қазақстан «Open Data» идеясын «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен іске асыруды бастағанына «ештен кеш жақсы» деген қазақы тəмсілмен қуанып қалдық. Өйткені қазіргі заман цифрландыру дəуіріне өзі-ақ жетелеп бара жатыр. Аталған бағдарлама аясында алдағы 4 жылда Қазақстандағы интернет пайдаланушылар үлесін 78 пайызға дейін көтеру, Қазақстан халқын эфирлік телехабарлармен қамту 95 пайызға жеткізу жəне халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 80 пайызға дейін көтеру мəселелері қаралады. Сонымен қатар, ел азаматтарының өз бетімен интернет арқылы алған қызметтер сапасының қанағаттанушылық деңгейін 83 пайызға жетуі де бағдарламаның негізгі алғышарттарының бірі. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы мемлекеттік бюджет жəне квазимемлекеттік сектор қаражаты арқылы қаржыландырады. Бағдарламаны басқару тетігі бағдарламаны басқару саласындағы ең үздік əлемдік практикаға жəне Дүниежүзілік банк сарапшыларының ұсыныстарына сəйкестендірілген.
«Цифрлы Қазақстан» жобасының артықшылығы неде?
Ел үкіметі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік жобасының бағдарламасын дайындау кезінде ғаламдық талаптарды ескерген. Сондықтан басты назар цифрландыру үдерісінің тұрақты түрде дамуына негіз болатын инновациялық институттарды құруға бағытталып отыр. Үкімет басшысының айтуынша, негізгі күш энергетика, шикізат өндірісі, агроөндірістік кешен, өндіріс, логистика мен ақпараттық
технологиялар секторларына бағытталады. Осы бағытпен даму арқылы Қазақстан екі мəселені шешімін табады. Олардың бірі еліміздің негізгі өндіріс салаларын технологиялық модернизациялауға қосымша импульс алу болса, тағы бірі өндірістік еңбектің масштабты өсуіне жағдай жасалады. Жобаны дайындау кезінде бұл саладағы көшбасшы елдерден үлгі алынған. Мысалы, агроөндіріс секторын технологиялық модернизациялау үшін еврейлердің Taranis жүйесі қолданылды. Бұл жүйенің көмегімен Израиль жер құнарлылығының төмендігіне қарамастан, ішкі нарықты шаруашылық өнімдерімен толықтай қамтамасыз ету мүмкіндігін жасап, экспорттауда да жетекші рөл ойнай бастады.
«Цифрлы Қазақстанның» болашағы қандай?
Кей мемлекеттер «айдарынан жел естіріп» отырған цифрлы технологияларын дамытып жатқаны бекер емес. Ал, «Google», «SpaceX», «Facebook» сынды корпорациялар ұшқышсыз ұшақтарын көкке ұшырып, тегін интернет таратуды жолға қойып жатыр. «Цифрлы Қазақтан» жобасы да халыққа қызмет көрсету үдерісін дамытуға бағытталады. Мұндай жетістікті көрудің ауылы алыс көрінгенімен, назарды да, күш-жігерді де дұрыс бағытта, қарқынды жүйемен сала білсек, ұтарымыз молынан. Əрине, мұның бəрі Үкіметтің қолдауымен жылдам жүзеге асырылуы тиіс. Қызмет көрсету саласындағы IT-компанияларға мен осы саланың кəсіби мамандарына иек артып, сұранысты арттырғаныыз жөн. «Қазақстанның территориясы үлкен болғандықтан оның əлеуметтікэкономикалық даму типтері əртүрлі. Мұны бір жүйеге енгізу үшін жергілікті əкімдермен біріге жұмыс істейміз. Ол үшін халықтың басым бөлігінде түсіністік пен интернетке кіру мүмкіндігі бар болуы тиіс», — дейді Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев. Іске сəт дейміз!
Дайындаған: Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА.