Күні кеше қаладағы №49 орта мектепте: «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша «Алаш зиялыларының мұраларын жүзеге асыру» атты республикалық көлемдегі семинар болып өтті. Семинардың мақсаты – Алаш зиялыларының тарихи еңбектерін ғылымның барлық саласында, мектеп оқулықтарындағы химия, физика, математика, биология, əдебиет, тарих сабақтарына енгізіп, жас ұрпақтың санасын жаңғырту арқылы сапалы білім беру болып табылады. Ең алдымен сөз алған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Филология институты, қазақ тілі теориясы жəне кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР Кіші Ғылым Академиясының вице-президенті, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы – Нұрша Оразаханова осы əдістеменің мектеп оқушыларына тиімді жақтары мен артықшылықтары туралы қызықты мəліметтер келтіре отырып, əңгімелеп берді.
Семинар-кеңесте Алматы облыстық əдістемелік кабинетінің əдіскері Жанар Диханбаева, «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты, «Басқару жəне білім сапасы» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Майра Валиева, Талғар аудандық білім бөлімі əдістемелік кабинетінің меңгерушісі Гүлзира Алтынбаевалар сатылай оқытудың жаңа заманға сай ғылыми жаңалық екенін қызықты дəйектемелер арқылы баяндап берді. «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деп Елбасы Н.Назарбаев айтқан сөз бар. Осы семинар-кеңес барысында Талғар ауданындағы «Сатылай кешенді оқыту» əдістемесіне көшкен №11, №12, №15, №49 орта мектептің пəн мұғалімдері ашық сабақ берді. «Мектеп – барлық адамды барлық нəрсеге үйрететін адамгершіліктің шеберханасы» – демекші, осы қызықты да тəрбиелік мəні зор семинардан мектеп оқушылары да, облыстың əр аудандарынан жиналған жаңашыл мұғалімдер де үлкен əсермен тарқасты.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ
Талғар-ақпарат