Елімізде бүгінде мүмкіндігі шектеулі 150 мыңнан аса мүгедек бала өмір сүруде. Бұл, əрине, қынжылтарлық жағдай. Етек жинап, ел болғалы мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек толастаған емес. Мүмкіндігі шектеулі жанды көргенде аяушылықпен қарап, бүгініңе шүкіршілік етесің. Ал олардың хал-ахуалын, жүрек түкпіріндегі күйзелісін біз қанша ойланып, тебіренсек те жеткізе алмасымыз хақ. Олардың арасында іштей жан азабын тартып, күйзелгенімен өмірде мықты, ешқандай қиындыққа мойымайтын қайсарлары да бар. Қозғалыс мүмкіндігі шектелгенімен, жан-дүниесінің кеңдігіне қарап қайран қаламыз. Талғар қаласының тұрғыны Алексей Вершинин сондай қайсар мінезді азамат. Анасынан дін аман туылғанымен жүре келе ауыр науқасқа шалдығып, бүгінде төсек тартып жатқан азаматтың өмірге құштарлығы кімді болса да таң қалдырады. Екі қолы қимылға келіп тұрғанда Алексей сурет салып, ермексаздан түрлі мүсіндер жасайтын. Он жасында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өткен «Синяя птица» байқауына қатысып, лауреат атанды. Оның салған суреттері көптеген қылқалам шеберлерінің көңілінен шығып, жоғары бағаланған болатын. Ата-анасы оған үлкен қолдау көрсетіп, Алексейдің жазылып кетуі үшін бар күш-жігерлерін жұмсап келеді. Өзге балалардан кем қылмай хайуанаттар бағына, саябақтарға, шырша мерекелеріне, циркқа апарып, оның рухани дамуына көп септігін тигізді. Ол бертін келе компьютерді меңгеріп алады. Сол арқылы оқып үйреніп, бейнесақтарды қарап, бар уақытын білім алумен өткізген. Ал шахмат Алексейдің сүйікті ойыны. Ол оны алты жасында əкесінен үйренген болатын. Алексейге ата-анасы шахматтан жаттықтырушы жалдап, ол баламен күніне 4 сағаттан жұмыс жасап, оны бірінші дəрежеге дейін жеткізген. Алексейдің зеректігі де оның осындай оң нəтижеге жетуіне септігін тигізді. Бірде оның анасы оған шахматтан жаттықтырушы болуды ұсынды. Алексей шахмат мүсіндерін əлі білмейтін балалармен жұмыс жасауға жүрексінді. Дегенмен, ата-анасының ақылкеңесімен сабақ жоспарын жасап, көптеген əдістемелік құралдар мен оқулықтар оқып, шахмат сабағының қыр-сырына қанықты. Ақырында 2009 жылы ол алғашқы оқушыларын қабылдап, шахмат үйрете бастады. Əкесі мен анасы оның балаларға сапалы білім беруі үшін барлық жағдайын жасады. Бүгінде Алексей 30-дан аса баланы шахмат ойынына үйретуде. Оның арнайы оқу бөлмесі бар. Онда балаларға барлық жағдай жасалған. Жетім балаларға шахматты тегін үйретеді. Одан сабақ алуға ауданымыздың барлық ауылдарынан балалар келеді. Сабақ уақыты балаларға ыңғайланып жасалған. Ол тек шахматты ғана үйретіп қоймай, балалармен етене араласып, олармен дос ретінде сырласады, тəлімді тəрбие береді. Алексей дайындаған балалардың барлығы түрлі шахмат турнирлеріне қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Балалармен жұмыс жасаған Алексейге өте ұнайды. Оның өмірге деген көзқарасы да өзгерген. Ол Тəуелсіз елімізді басқарып, əлемдегі дамыған мемлекеттер қатарына қосып, саралы саясатымен алға жетелеп келе жатқан Елбасымыз Н.Назарбаевқа ризашылығын білдіреді. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет денсаулығын түзеуге қажетті дəрі-дəрмегін тегін беріп, басқа да əлеуметтік көмек беріп, қолдау көрсетіп жатқанын айтады. Сондықтан да, ол Елбасының партиясы саналатын еліміздегі беделді партия «Нұр Отан» партиясының мүшесі болуды ұйғарып, партияға өтініш білдірген болатын. Осы аптаның сəрсенбісінде «Нұр Отан» партиясының желілік кестесіне сəйкес «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бірыңғай қабылдау ұйымдастырылды. Акция барысында аудандық филиалдың бірінші орынбасары М.Ермағанбетова бастап, аудандық жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері Жанар Байтұрсын мен Наталья Малых, партия кеңесшісі Сақыпжамал Үскібаева жігерлі жасқа партия билетін тапсырып, оған ыстық ықыластарын жеткізді. Алексейдің тұрмысымен танысып, оның ізденіске толы ісіне ризашылықтарын білдірді. Еліміздің бас партиясына мүше болған оның да қуанышты екені жүзінен байқалып тұрды. Үнемі аудан басшыларының қамқорлығы мен демеушілігін көріп келе жатқан қайсар жігіт өзінің өтініш-тілегін де білдірді. Алексейдің денсаулығын түзеуі үшін жүзу бассейндерінде жаттығу жасау қажеттігін дəрігерлер айтқан екен. Мейрамгүл Сағынжанқызы бұл мəселені де шешуге тырысатынын айтты. Тіпті, оның қозғалуын демеп жүретін валантер жастардың барлығын да тілге тиек етті. Осындай жігерлі жасқа қолдау көрсететін азаматтардың ауданымыздан табылатынына біз де қуанып қалдық.
Перизат НҰРҚАЕВА
«Талғар-ақпарат»