ТӘНІ МЕН РУХЫ ТАЗА ЖАН

ТӘНІ МЕН РУХЫ ТАЗА ЖАН

“Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады”, — деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, “хикметке толы кеудесімен” заманында артықша туған азамат, Пайғамбар мирасқорларының бірі, ишан — Әбубәкір қары Айтжанұлы.
Әбубәкір қары Айтжанұлы 1890 жылдың 10-шы Наурызында Түркістан қаласында дүниеге келген. Бес жасынан бастап әкесі Айтжан молда өзі сабақ берген Қарнақтағы діни медреседе оқытады. Баланың исламға деген құштарлығын байқаған соң, білімін тереңдету үшін Көкілташ медресесіне жібереді. Әбубәкір өзінің ұшқыр зейінімен 12 жасында медресені бітіріп, құранды жатқа оқыған “қары” атанады. Араб, парсы, түркі тілдеріндегі әдебиеттермен сусындап, ислам ғылымына жастайынан бойлай түседі. Бұдан кейін оқуын үш жыл Өзбекстандағы Бесағашта жалғастырып, жиырма екі жасқа келгенше Бұқарада дәріс алады.
Әбубәкір қары — ғұламалығымен, діндарлығымен, көрегендігімен Түркістан өңіріне ғана емес, бірқатар мұсылман жұртшылығына мағлұм болған текті тұлға. Әрине, әулиелік те, терең діни білім де өздігінен болатын құбылыс емес. Оның түп тамырында ғасырдан- ғасырға ұласып жалғасып келе жатқан тектіліктің бары анық. Қарының әкесі Айтжан молда да әділдігімен елге танылып, халықты сауаттандырумен, діни-имандылық тәрбиесімен айналысқан. Майдантал ауылында мектеп ашып, ағартушылық қызметін халыққа дарытқан.
Әке мен бала өз бойларындағы Жаратушы құдіретімен келген қасиетін күллі жұртқа паш етпей, мәлім де, беймәлім қарапайым ғұмыр кешкен. Десе де, бүгінгі таңда қасиеті мен киесі артқан Түркістан топырағынан түлеп ұшқан Айтжанұлы Әбубәкір қарының кереметтері жайында ел аузында азды-көпті әңгімелер кездеседі.
Бұқарадан ілім алып, алыс жолдан шаршап-шалдығып келе жатып, жол-жөнекей бір байдың шаңырағына соғыпты. Үй иесіне жөнін айтып, мініске жылқысын сұрай келіп: “Елге жеткен соң, жылқыңыз үйіңізді қайта тауып келеді” дегенде, байдың үйіне қонаққа келген құдасы қары-екеңе дөрекілік танытып: “Өтірік айтып тұрсың, жылқыны өз пайдаңа асырмақсың ғой” деп қаралапты. Ертесіне бай құдасын таң намазына оятпақ болып қараса, құдасының басы теріс айналып қалыпты. Не де болса, қарыдан болғанын сезген бай, артынан қуып жетіп, кешірім сұрапты. Сонда қары-екең қайта оралып: “Шындықты айтқан адамды өтірікші етсең, Жаратушының қалауымен осылай бола береді” деп, ғафу етіп, “Ясин” сүресін үш қайтара оқумен ем-домын жасаған екен.
Тағы бірде көрші келіншек: “Ата, күбіден алған майымды торғай шұқып қойды, адал бола ма?” деп сұрағанда, “Өзің көріп жүргендей торғай не нәрсе шұқыса да, тұмсығын сүртіп отырады, сондықтан оны адал деп қабылдау керек” деген екен. Бұл жауапты естіп көңілі жайланған келіншек күбіден алған сары майын дастарқанына қойыпты.
Иә, сопылық жолындағы Әбубәкір қарыдай азаматтардың басқадан өзгешелігі де сонда — тәні мен рухын қатар таза ұстап, білімін шыңдап, отбасы, туған-туысын тазалыққа ұйыта отырып, берекелі өмір сүре білуінде. Сайып келгенде, сопылық — өмірдің рақатынан бас тарту емес, айнала тіршілікке жауапкершілікпен қарау арқылы өзгеге үлгі боларлық іс қылу. Бұл турасында Әбубәкірқызы Мнипа әкесі жайлы естелігінде: “Әкем бізге балам, қағаз бен қалам ұшын жерге тастауға болмайды, сол екеуімен көгеріп отырсыңдар деуші еді” деп әке өнегесін жаңғыртып отырғандарын айтады.
Академик Әбді Тұрсынбаев: “Қары-екең өз заманында туғанда аты Абай секілді кең дүниеге таралып, мұсылман елінің пайғамбарындай болатын кісі еді, әттең, заман қысып тұр ғой, заман…” деген екен. Бойындағы Жаратушының берген рухани күш-қуаты тасып тұрған шақта қарыны заман қыспағы да шет қалдырмағаны рас. Имандылықты ту етуімен біркездері солақай саясаттың кері әсерінен шекара асқан сәттері де болыпты. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған Айтжанұлы Әбубәкір ишан 1972 жылдың 10-шы Наурызында Түркістан ауданы, Ынтымақ ауылында дүниеден озған.
Қазақ даласында халық санасына ислам құндылықтарын сіңіруде елеулі еңбек сіңірген көрнекті дін қайраткері, ағартушы-ұстаз — Әбубәкір қары бейнесі келер көш арнасында да ел жадында мәңгі сақтала бермек.

Сұлухан Жарымбетова,

“Достық” мешітінің ұстазы