ТІРЛІК БАСТАП, ТЫНЫСЫН КЕҢЕЙТКЕН ЖАСТАР

ТІРЛІК БАСТАП, ТЫНЫСЫН КЕҢЕЙТКЕН ЖАСТАР

Табиғаты ерекше Талғар өңірі — қойнына бар байлығын сыйдырған  ғажап мекен. Шыбық қадасаң тал болған, дән тастасаң бау болған құнарлы өлкенің шұрайлылығын өз орнымен пайдалана білу – сәтті қадамның бірі. Сол табиғатты өз кейпінде кәдеге жаратып, нәсібін тауып отырған екі дос туралы баяндап берейік.

Атпен серуен – күйзелістен арылтады

Мына аптап ыстықта ағашы қаулап өскен тау баурайында кешкі салқында атпен серуендеуден артық рахат дүние таппаспыз. Дәл осындай демалыс түрін ұйымдастырып, қала халқына мүмкіндік сыйлап отырған «Uly Tau Horse»  алаңқайына бас сұқтық. Атпен серуендеу қызметін осыдан бір жыл бұрын   Дүнгенбай Еркебұлан Нұрланұлы мен Сәбитов Нұрбек Мұратұлы бастаған екен.

  • Жалпы жылқы жануарын қазақтың жаны, сұлулықтың пірі, тазалық пен тектіліктің символы, мың бір дерттің дауасы десе болады, — деп әңгімесін бастады бізді қарсы алып, қызметтерінің жай-жапсарын түсіндірген Еркебұлан. —  Бабаларымыз жылқының еті, сүті, өзі арқылы талай дертті жазып, емдеп алған. Біз әрине ондай емдік түрін ұсынбаймыз, біз – жұмыстан шаршап, қажып жүрген жандарға ат үстінде серуендеуге арналған  табиғат терапиясын ұсынамыз. Сағатына 5000 теңгесін төлеп, қалаған атына мініп, көз тартатын әдемі локациямен жүріп қайтады.  Қыз-жігіттер келіп өздері қажетті фотоға, видеоға, lovestory-ға түсіп жатады. Олардан қосымша ақы алмаймыз.  Бәрі сол бір сағаттың ақысына кіреді. Жалпы атқа мінгенде бірден еңсең көтеріліп, көңіліңе  батылдық пен батырлық ұялайды ғой. Бізге келушілер де жаны жадырап, бір серпіліп қайтып жатады.

Расында да, әңгімемізді ат үстінде жалғастырған біз де аяңдай жүріп табиғаттың төл перзенті екенімізді сезініп, сергіп сала бердік. Айналамызға жіті көз тастап, табиғаттың сұлулығын жанарымызбен шолып, кең тыныс алып, керемет әсерге бөлендік. Ат үстінде тепе-теңдігімізді ұстай отырып ішкі қайрат-жігерімізді бір қамшылап алып, жас кәсіпкерді әңгімеге қайта тарттық.

  • Серуенге пайдаланатын аттар туралы айтар болсақ, оған үркек, жүген-құрық тимеген асау, бас білмейтін аттар жарамайды. Қанша дегенмен бізге келушілердің қауіпсіздігі, бас-амандығы маңызды болғандықтан атты таңдап аларды осы жағына баса назар аударамыз. Қазір қолға үйретілген 13 атымыз бар. Атпен серуендеуге көбінесе қаланың адамдары келеді. Бірінші рет отыратындары да болады. Үзеңгіге аяқ арта алмай, мініп жатқанда екінші жағына ауып кететіндер, салбырап қалатындар болғандықтан ат соның бәріне төзіп, шыдап, жатырқамай тұруы керек. Айдархан Жанай Асқарұлы, Мұратқан Данияр Жанатұлы, Нұржан Нұрболатұлы сынды аттың құлағында өскен арнайы нұсқаушыларымыз үнемі қастарында жүреді. Ертоқымға сенімді және нық отыруға көмектеседі. Және серуен кезінде қадағалап, бірге жүріп отырады.

Бие байлап, саумал сауып, қымыз ұсынады

«Сары қымыз сүйгіңе сіңсе, сан ауруды кеседі» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Осының бәрін естіп, біліп өскен жас кәсіпкерлер  қосымша бие байлап,  саумал, қымыз ұсынады екен. Соңғы жылдары саумалға деген сұраныстың артқанын ескеріп, бүгінде 13 бие сауып, тұтынушылардың қажетін өтеп отыр.

  • Бір кәсіпті қолға алған соң оны одан әрі жандандырғың келеді екен. Біз де ат серуенінің қасына қымыз, саумал ұсынуды жөн көрдік. Биені сауып, қымызды пісу машақаты көп жұмыс болса да, адамдар келіп ішіп, рахметін айтып жатқанда қуанып қаламыз. Өніміміз көбінесе саумал күйінде өтіп кетеді. Таңертең ашқарынға келіп ішеді, көздерінше сауып береміз. Яғни тазалығына, сапасына кепілдік бере аламыз. Литрін 1300 теңгеден сатамыз.  Әр екі сағат сайын сауып отырамыз. Қымызды да арнайы ағаш ыдыстан жасалған күбіге пісеміз. Күніне орта есеппен 60-70 литр шамасында саумал, қымыз сатамыз.

Бастама болған — мемлекет жобасы

Кәсібін дөңгелентіп отырған жастар бұл кезге бірден топ ете қалмаған. Алдымен өзгеге жалданып жұмыс істеп, мұндай қызмет түрінің әдіс-тәсілін меңгерген. 2018 жылы «Бизнес-бастау» жобасына қатысып, қайтарымсыз грантты  жеңіп алған. Жастардың жаңа жобасына бастау болған гранттың бүгінде игілігін көріп отыр десек артық айтқандығымыз емес. Десек те шағын кәсіптен кемелді жол таба білу азаматтардың іскерлігіне, еңбекқорлығына да тікелей қатысты екендігі даусыз. Бұл жолда да жастар қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, тыңғылықты жұмыс атқарып келеді. Ол сөзімізге нақты жоспарлары дәлел.

  • Болашақта үлкен жоспар құрып отырмыз. Тағы да жалға жер алып, саумал терапиясын кеңейтсек пе дейміз. Адамдар қонып, асықпай емделіп кететін шипажай сияқты жасасақ па деген ниетіміз бар. Сонау Ақтау, Ақтөбе жақтан келушілер бар. Әрине, оның бәріне уақыт төреші. Дегенмен жұмыс істеп, кәсіп ашамын деген жанға біздің елде мүмкіншілік көп деп ойлаймын.

Халқымызда: «Жас келсе іске» деген нақыл бар. Бұл осындай көздерінде от ойнап, сөздерінде жалыны бар жастарға қарата айтылса керек.