4 маусым күні Талғар ауданының Бірлік ауылында Алматы облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Талғар ауданы филиалының ұйымдастыруымен «Бір ауыл-бір өнім» атты көрме өтті. Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру. Қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елдімекендерде жұмыс орнын ашып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру.
«Бір ауыл-бір өнім» жобасы аясында аудан тұрғындары кәсіп ашып, әртүрлі бұйымдар жасап, тұтынушыларға ұсынуда.Табыс көзіне айналған тауарлар еліміздің түкпір-түкпірінде сатылып, шетелдерге экспортталуда. Өткен жылы пилоттық бастама сәтті жүзеге асқаннан кейін бұл жоба еліміздің барлық өңірлерінде қолға алына бастады. Аталмыш жоба ең перспективалы тауарларды анықтауға мүмкіндік береді. Оның ішінде негізінен тамақ өнімдері, ұлттық бұйымдар мен биотехникалық өнімдер бар.
Аталған шараға Алматы облысының «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының басшысы Т.Бекеев, Талғар КП директоры А. Ермекұлы, Талғар аудан әкімі Т.Айдарбеков, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері қатысты. Көрмеге ауданнан қол өнер шеберлері, сүт өнімдерін шығарумен айналысатын «Ақырыс», тауық өнімдерін сатумен айналысатын «Би тау» ЖК, ұлттық киімдерді тігумен айналысатын бірқатар тігін цехтарының иелері қатысып, өз өнімдерін көрермен назарына ұсынды.
Әр отандық өніммен жете танысқан басшылар кәсіпкерлермен тілдесіп, жетістіктерімен қатар кәсіпкерлікте кездесетін проблемаларын да тыңдады. Қызығушылық танытқан жұрт көрмедегі тағам өнімдерінен дәм татып, қол өнер шеберлерінің жасаған бұйымдарын сатып та алды.
Көрменің ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Т. Айдарбеков: «Осы төрт айдың ішінде біз өткен жылдың 36 млрд. теңге инвестициясын орындап тастадық. Осы жылға жоспарлап отырғанымыз 373 млрд.теңгеден асып отыр. Оның ішінде біздің ірі кәсіпорындарымыз «Қайрат» индустриялық аймақта 14 жобаны іске асырып отыр. Оның ішіндегі ең үлкені жақында ғана премьер министр аралап қайтқан «Техно Николь» компаниясы. Осы инвестициялық жобаларды іске асырудың арқасында 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. «Бір ауыл-бір өнім» жобасы өңірдегі бірегей өнімдерді іздеуге, жергілікті тауарлар мен өнімдерді өндіруді дамытуға ынталандыруға, сонымен қатар тек жергілікті шикізатты пайдаланатын өндірушілерді біріктіруге негізделген. Ынтымақтастық арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жергілікті өнімді өткізуге көмектесіп, ауылды жұмыспен қамтамасыз ететініне сенімдімін. Бұл қазір өте өзекті мәселе.
Үкімет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға үлкен мүмкіншіліктер бар. Өңірде «Ауыл аманаты» жобасы аясында несиелеу белсенді жүргізіліп жатыр. Әр кәсіптің өз қиыншылықтары бар, сондықтан проблемалар болып жатса әкімдік тарапынан көмек беруге әрдайым дайынбыз», – деді әкім.
Алматы облысы Атамекен палатасының төрағасы Тимур Бекеев көрмеге қатысушыларға табыс тілей отырып, шараның мақсатына тоқталды. «Біздің басты мақсатымыз – отандық кәсіпкерлікті дамытып, қолдау көрсету. Осы өнімдер одан әрі маркетингтік қолдауға ие болады. Яғни, брендтеліп, сертификатталады. Бұл жергілікті тауарларға деген сұранысты арттырып, оларды экспортқа шығаруға мүмкіндік беретіні анық. Сонымен қатар, жыл соңында өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары «Бір ауыл – бір өнім» республикалық көрмесіне қатысады. Болашақ жеңімпаздарды Қонаев қаласында күтеміз», – деді.
Көрмеде қол өнер шебері Төлеухан Құмарбектің ағаштан ойып жасаған бұйымдары көздің жауын алды. Ол өз кәсібін 2010 жылы ашқан. Алғашында ұлттық аспап домбыраны қолдан жасап сатқан шебер кейіннен заманның талабына сай бұйымдар жасап шығара бастаған. Ұлттық құндылықтарды қолдау мақсатында дөңгелек үстел- жозы, той бастарға арналған өрнектелген қазақ үйлер, сандықшалар, бала бақшаларға арналған бұйымдар, оқушылар үшін «менің жетістіктерім» деген медаль ілетін, ұялы телефон қоятын құралдар бар. Бұйымдардың 50 пайызы арнайы станоктарда өңделсе, қалған 50 пайызы шебердің қолынан өтіп, кескінделеді. Әзірге тапсырыс бойынша жұмыс жасап жатқан Төлеухан болашақта арнайы дүкен ашып, бұйымдарын шетелдерге шығаруды армандайды.
Ал «Нұра» ауылының тұрғыны, үш баланың анасы Нина Секерхан он жылдан аса өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол жалғыз өзі мектептер, ата-аналардың тапсырысы бойынша ұлттық киімдерді тігумен айналысады. Өз қаражатына кәсіп ашып отырған Нина болашақта үкіметтің гранттарына қатысып, кәсібін кеңейтуді ойлайды.
Талғар ауданында танымал болып үлгерген, 100 пайыз табиғи сүт өнімдерін шығаратын «Ақырыс» кәсіпорны қаймақ, йогурт, құрт, ірімшік, жент сияқты ұлттық тағамдарын көрермендерге ұсынып, жиналған жұртқа дәм таттырды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша жұмыстар келер жылы да жалғасын табады. Жобаны 2025 жылдың желтоқсанына дейін іске асыру жоспарланып отыр.
Сәуле Құрмантаева