– Құрбан айт – мұсылман халқы үшін ең ұлық мейрам. Мұсылман қауымы ғасырлар бойы ерекше атап өтетін бұл мейрамның тарихы тереңде. Құрбан айт мерекесінде құрбандық шалудың мәні мен маңызын білу үшін Талғар қалалық Рахымберген қажы мешітінің имамы Қасымхан Қалдыбайұлымен сұқбаттасып қайттық.
– Алдымен құрбандық шалудың мәні мен маңызына тоқталып өтсеңіз.
Құрбандықтың тілдік мағынасы жақындау дегенді білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы –Алланың разылығын мақсат етіп, оған жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын мал. Құрбандық шалудың біздерге берер пайдасы мен сауабы көп. Соның бірнешеуіне тоқталып өтсек: Құрбандық шалуды Алланың бұйрығы деп қабылдап зор ықыласпен орындасақ, екі дүние де жүзіміз жарқын әрі мол сауапқа кенелетініз анық. Бұл жайлы пайғамбарымыз с.ғ.с. хадисінде «Адам баласы құрбан айт күндерінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаға жақындаған емес. Құрбандыққа сойылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Қаны жерге тамбай жатып алла Тағаланың құзырында қабыл болады. Сондықтан құрбандықты шын ризашылықпен шалыңдар» – деген. Басқа бір хадисте: «Бірде сахабалар – Уа, Алланың елшісі с.ғ.с құрбандық деген не? – деп сұрайды.
– Құрбандық сендердің Ибраһим (ғ.с) бабаларыңның сүннеті – деді.
– Одан бізге қандай сауап бар?
– Сойылған мал жүнінің әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар» — деп сүйінші хабар жеткізеді.
Құрбан айтта кедей-кепшік, жағдайы нашар адамдар қуанып, шаттанады. Кедейдің бір тойғаны-шала байығаны дегендей қоғамымызда ондай отбасылар жоқ емес. Құрбандық шалудың бір хикметі бойында өзімшілдік, сараңдық сынды жаман мінезді адам құрбан айт күні тек бір Алланың разылығы құрбандық шалып оның етінен пақыр, кедейлерге тарата жүріп жаман сипаттарынан арылып, оның орнына мейірімділік, жомарттық, бауырмалдылық сияқты көркем мінез қалыптастырады.
– Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?
– Ең алдымен мұсылман болуы шарт, құрбан айт күндері жолаушы болмау, балиғат жастан асқан, ақыл есі бүтін болу керек. Сонымен қатар негізгі күнделікті қажеттіліктен, қарыздан бөлек нисап көлеміндегі қаражатқа ие болуы қажет. Нисап мөлшері — 85 гр алтын не соның құнындай ақша. Құрбандық шалушы азат болу міндетті, яғни құл болмау тиіс. Жесір әйел бақуатты болса, құбандық шалуға міндетті.
– Құрбандық қай мезгілде шалуынуы тиіс?
– Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, үшінші күні ақшам намазына таяған уақытқа дейін жалғасады.
– Құрбандыққа қандай мал жарамды?
Қой мен ешкі бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы тиіс.
Егер алты, жеті айдан асқан тоқтының денесі бір жасар қойдың денесіндей ірі не семіз болса құрбандыққа жарайды. Тарттырылған (піштірілген) мал құрбандыққа жарайды.
– Құрбандықты бірігіп шалуға бола ма?
– Қой мен ешкіні тек бір ғана адам құрбандыққа шала алады.
Ал сиыр мен түйені жеті адамға дейін бірігіп шалуына болады.
Соқыр, екі не бір көзі жоқ, құлағы, құйрығы туғанынан жоқ немесе басым бөлігі кесілген, тісінің көбі түскен, бір мүйізі не екі мүйізі түбінен сынған малдар құрбандыққа жарамсыз. Құрбандық малын мүмкін болса әр өзі шалғаны абзал, сауабы да мол. Басқа біреуді өкіл етуіне шариғатта рұқсат. Біреуге қаражатты беріп мені орныма құрбандық алып шал деп айтқан уақытта сенімді өкіл сол кісінің атынан құрбандық шалады. Қазақтан мұсылмандары діни басқармасы жанынан QURBAN 2024 онлайн құрбан шалу жобасы іске қосылғанын айта кеткен жөн.
– Құрбандық қалай шалынады? Және кімдерге үлестірген жөн?
– Малды құбылаға қаратып Бисмилләһи Аллаһу әкбар деп айтып бауыздау керек. Құрбандықтың етін үшке бөлу керек. Бір бөлігін туыс-туған, көршілерге, екінші бөлігін кедей, мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігін өз отбасына қалдырады. Алла тағала Хаж сүресі 28-ші аятта «Құрбандықтың етінен өздерің жеңдер әрі кедейлер мен міскіндерге жегізіңдер» — деп баян еткен. Тұтастай кедей кембағалдарға таратып жіберем десеңіз де өз еркіңізде. Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, бас-сирағын сату – мәкруһ, яғни ұнамсыз іс болып саналады. Егер сатқан жағдайда қаражаты қайырымдылыққа, садақа ретінде жұмсалу керек. Кейде құрбандықтың мүжілген сүйегін итке беруге болмайды, жерге көму керек екен деген сөзді естіп қалып жатамыз. Бұндай тыйымның, түсініктің ешқандай дінде негізі жоқ, құрбандық малының мүжілген сүйегін, жеуге болмайтын мүшелерін итке азық етіп берудің ешқандай айыбы жоқ.
– Келе жатқан құрбан айт мерекесінде құрбан шалуға байланысты қандай да бір ереже бекітілді ме?
– Құрбандық малын мешіт аулаларында союға мүмкіндік жоқ. Соған орай Талғар ауданы бойынша төрт қасапханамен бірігіп жұмыс жасайды. Олар: Кеңдала ауылы Әділет қасапханасы, Тұздыбастау ауылы Нұрдәулет қасапханасы, Гүлдала ауылы Сұлтан қасапханасы,
Панфилов ауылы Жұлдыз қасапханасы. Құрбан айт мұсылмандардың ең ұлық мерекесі. Мұсылман үмметінің екі ұлық мерекесі бар олар Ораза айт және Құрбан айт. Бұл күндері мерекелік дастарқандар жайылып, мұсылмандар бір-бірін құтықтап, құшақ жайып бауырмашылдықпен қауышады. Жыл сайын дін қызметкерлерінің ұйытқы болуымен «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» қайырымдылық шарасы өтеді. Биыл да жыл сайынғы үрдіс бойынша осы іс шараны қолға алу жоспарда бар. Сонымен қатар Айт мейрамын балаларға сезіндіру мақсатында ауданымызға қарасты мешіттерде балаларға айттық қоржындары, тәтті сыйлықтар үлестіру, ұлттық ойындар ұйымдастырылатын болады.
Алла Тағала барша мұсылман қауымының жасаған әрбір ізгі амалдарын қабыл етсін. Құрбан айт құтты берекелі болсын.
– Сұқбатыңызға рахмет. Айт қабыл болсын!
Зорагүл Әбдіқадір